Әңгіме

 Фариза Амангелдіқызы

Екі көзін есіктен алмай, "Апам қашан келеді екен?" деп кешке дейін жатқан Асан, бетін терезеге бұрды. Күн де Асанның беймаза күйіне алаңдаулы кейіпте қимай ұясына батып барады.
Білмеймін неге екенін, Асан күнді осылай елестетті. Маған жаны ашып, қызараңдап батып бара жатыр деп ойлады іштей. Осы кезде есіктің тұтқасын арғы жағынан біреу ұстағандай болды. Елең ете қалған Асан орнынан атып тұрды. Жоқ, апасы емес екен. Әпкесі мектептен қайтыпты.
- Әпке, неге кешіктің?
- Асан, қуанышты хабарым бар. Мен  сабақтан соң, мектеп жанындағы дүкеннен жұмыс таптым. Кешке дейін үйде не бітіремін? Сол жердің еденін екі рет жуып, суын тасып, ертеңге дейін дүкен ішін тазалап беремін. Есесіне, үйге күнделікті азық-түлік беріп тұратын болды,- деді әпкесі көзі жайнап. Асан да қуанышы қойнына сыймай үй ішінде асыр салып жүгіре бастады. Бір мезет кілт тоқтай қалды.
- Әпке, сонда азық-түлік берсе, әлгі не ғой... балалар мектепте жейтін бутербурод сұрасақ та бере ме?- деді сұраулы жүзбен әпкесіне қарап. Аз ойланып қалған Әсел інісінің көңілін бұзғысы келмеді ме, басын изеп күлімсіреді. Асан қатты қуанып, ойша көз алдына бутербуродты елестете бастады. Күнде балалар үзілісте мектеп асханасынан барып көздің жауын алатын, қарағанда қарныңды шұрқыратып жіберетін бутербродты ертең мен де жеймін деп күлімсіреді. Әсел бұл жылы 10-сыныпта, інісі 4-шіде оқиды. Арасында тағы бір ұл болған. Қазір өмірде көзі тірі болғанда 7-сынып оқып жүретін еді...
 
Бұл отбасының тағдыры қазір өте аянышты. Басында бәрі керемет болды. Әкелері тірі, 4 көздері түгел, ойнап-қунап жүретін балалары алдында, бақытты отбасы болатын. Жандар мен Дәмет шаңырақ көтергенде Жандардың отбасы біраз қарсылық білдірді. Себебі Дәметкен жетімдер үйінде өскен, тегін білмейтін қыз еді. Жас кезінде хас сұлудың өзі болды. Ақылына көркі сай қызды кім де болса ұнатпауы мүмкін емес. Жандар да Дәметкеннің артынан қалмай жүріп үйленді. Алдымен қаусаған болса да, шаңырақтың билігін бермейтін әжесі қарсы болды.

Одан кейін анасы жылап-сықтап баласын кешірмейтінін айтты. Әкесі:
- Ел-жұрт құдаң кәні дегенде кімді көрсетем? Жалғыз ұлым жетімнен қыз алды деймін бе? Менің де қуаныштан той жасағым келеді. Сонда өзімнің ағайынымнан басқа кім болады тойда?- деді ашулы жүзбен. Бірақ Жандар ешкімді тыңдамады. Жалғыз ұлдың әманда айтқаны айтқан, дегені деген емес пе? Көңілсіз той да өтті.
Дәмет осындай жағдайдың орын алатынын іштей сезіп, 2 жыл Жандарға қарсы болып еді. Менің де теңім табылар, өзім секілді жетімдер үйінен шыққан біреу бар шығар дейтін. Тағдырдың жазғанын көрмейсіз бе? Бәрібір шыр айналдырып әкеліп, Жандардың тағдырына тұсаулап қойды. Алғашқы жыл өте ауыр өтті. Үй іші тегіс Дәметті сөгетін. Тірлікке икемі жоқ, анасыз өскен соң кім үйретеді деп сексендегі қаусаған кемпір сөзбен түйреп өтсе, өзінің туған енесі қабағы бір ашылмай, Дәметті қағып соғып жүретін еді. Бұл үйде Дәметті бағалайтын, жақсы көретін екі ғана адам бар. Біреуі жан жары Жандар болса, екіншісі өзінен екі -үш жас кіші қайынсіңлісі Жайна. Жеңге деп жанынан бір елі қалмайды. Үй тірлігіне көмектесіп, білмегенін сұрап, аузы тыным таппайды. Жастайынан кім жылы сөйлесе соны өзіне жылы тартып үйренген Дәмет қайынсіңлісін жанындай жақсы көрді.
 
Тіпті сырлас құрбыға айналды. Осылайша үйдегілердің  қас-қабағымен алысып жүріп 1 жыл уақыт та сырғып өте шықты. Өмірге Әсел есімді ханшайым келді. Содан кейін ғана енесінің қабағы жыли бастады. Ал кәрі әжесі сол жылы өмірден озды. Бірақ сол күйі Дәметке іші жылымай кетті.  Үй ішінде сәби иісі аңқып, былдырлаған тілі қуаныш әкеліп, атасы мен әжесінің көз қуанышына айналды. Дәмет Аллаға шүкіршілігін айтып, ары қарай бақытты күндерін жалғастыра берді. Қайынсіңлісін ұзатты. Жақсы келін, аяулы ана, адал жар болды. Араға тағы үш жыл салып шекесі торсықтай ұлды өмірге әкелді. Есімін Батырхан қойды. Тағы үш жылда Асанды өмірге әкелді. Дәмет бақытты еді. Кезінде Жандардың жетегінде осы үйге келгеніне өкініп жылайтын. Ал қазір шүкірін тоқтатқан емес. Қайынсіңлісі де бір ұлымен анда-санда төркіндетіп келіп тұрады. Келгеннен-ақ жеңгесімен сырласып, ауыздары жабылмайды. Енесі қызғанып та қалады.

- Ойпырмай, жұрттың қыздары шешесін сағынып келуші еді. Біздің қыз келгеннен жеңгесінің жанынан шықпайды,- деп ренжитін. Дәмет пен Жайна күліп қойып әңгімесін жалғайды. Солай бақытты күндер өтіп жатты. Асан 1 жасқа толғанда Жандар қалаға көшуді жоспарлады. Бірақ үй іші оны қолдамады. Қаласы несі деп әуелі анасы тыйып тастады. Ауылда да жаман болып отқан жоқсың деді ашуланып. Бірақ Жандар ешкімді тыңдамады. Тіпті әкесін де. Ақыры баласының райынан қайтпайтынын білген анасы:
- Қатының ба көшеміз деген? Сол айтса жаныңды салып істейсің ғой әйтеуір,- деді.
- Апа, Дәметтің не қатысы бар? Ол әлі естіген де жоқ,- деп ақталды Жандар.
- Қайдам, соңғы кезде ауылда тұрғысы келмей қисайып жүр ғой.
- Қазір өзінен сұрайық. Дәмееет!- деп шақырды Жандар.
- Ау, деп Асанды көтеріп бөлмесінен шықты.
- Сен ауылдан көшкің келіп жүр ме?
- Көшкені нес? Қайда көшеміз?
- Апам сені ауылда тұрғысы келмей жүр бұл үйде дейді ғой. Қалаға кеткің келіпті.
- Жоқ мен олай деген жоқпын, оны қайдан шығардыңыз апа? Тіпті үш ұйықтасам түсіме кірген емес,- деді Дәмет түсініңкіремей.
- Өтірік көлгірсімеңдер. Осы айтпаса сен қайдан шығарасың қаланы. Ауылда туып, ауылда өсіп, аяқ астынан қалаға кетеміз деп бірден ой түйе қалыпсың жүдә? Мен ешқайда бармаймын, кетсеңдер кете беріңдер!- деп енесі бөлмесіне кіріп, есікті тарс жапты.
- Жандар апамды түсінбедім. Қайдағы қала?
- Мен қаладан жер алмақшымын. Үй тұрғызып қалаға көшеміз. Болашақтың бәрі қалада Дәмет!- де көзі жайнап сала берді күйеуі.
- Оның не? Алдымен ата-ападан рұқсат алмайсың ба?
- Көнеді. Көнбей қайда барады. Жалғыз ұлы қайда болса, сонда барады ғой.
Осымен әңгіме аяқсыз қалды. Дәмет өзін кінәлі сезініп қала берді. Енесінен қымсынған сайын енесі күдіктеніп, "бәсе, бәленің бәрі осыдан, болмаса қысылып-қымтырылатындай не көрінді" деп ойлады ішінен. Тағы да ене мен келін арасына кірбің түсіп,  үн-түнсіз күндер басталды. Ақыры дегеніне жеткен Жандар ешкіммен ақылдаспастан өзінің облыс орталығындағы қаланың шетінен 10соток жер алды. Үйге қуанышы қойнына сыймай кіріп келді.
- Көке, жер алдым. Ертең барып көріп қайтайық.
- Қатының ақыры дегенін істетті ме?- деді анасы.
 
Ешкімді тыңдамаған Жандар ақыры әкесін көндіріп, анасының қарсылығына қарамастан ертеңіне жеңіл көлікпен қалаға аттанды. Бірінші перзенті қыз болғандықтан үнемі әжесінің жанында жүретін. Ер бала ғой деп екіншісін бірге ала кетті. Ұлы Батырханды алып әкесі көліктің артына жайғасқан. Көліктің тізгінінде Жандардың өзі. Жүйткіп келеді. Алған жер телімін көрсетіп әкесін қуантуға асығып келеді. Межеге жоспардан ертерек келді. Әкесінің көңілі толып, бір марқайып қалды. Аузы жабылмай Жандар жүр.
- Мына жерге үлкен үй түседі. Мұнда гараж. Ал мұнда сарай болады. Үйдің алдына тапчан орнатам...
  Ұлының жүзіне күлімсірей қараған әкесі:
- Иншалла балам, болады. Бұйырса бәрі де болады. Тек сол күнді көруге жазсын Алла,- деді.
- Әрине болады. Қазір ақшаң болса болмайтын дүние жоқ көке!- деген Жандар дәл қазір алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар еді.
  Аз-маз уақыттан соң базарға кіріп оны-мұны алып, ауылға қайтты. Қайтарда алдыңғыдай емес, көлік баяу келе жатыр. Жандардың есіл-дерті үйдің сызба-нұсқасында. Ойша сызып келеді. Мына жері мұндай болады, ана жері анадай... Асығыс еді, өте асығыс еді. Сол үйді аяқтап көшіп келмейінше тыным таппайтынын өзі де біліп тұр. Ойланып кетіпті.
- Көзіңе қара Жандаааар!- деген әкесінің ащы дауысынан селк етті. Алдындағы ұзына бойы жол ешқандай көліксіз жаңа ғана сағым секілді жылтырап жатыр еді. Дәл қарсы алдында үлкен жүк көлігі тұр. Жандардың көзі бұлдырап жүк көлігінің не тоқтап, не жүріп бара жатқанын айыра алмай қалды. Аяғын тежегішке қойып үлгергені сол еді, тарс ете қалған дыбыс шықты. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Жүк көлігінің астына кіріп кеткен екен.
  Жандар көзін ауруханада ашты. Жанында ешкім жоқ. Жан сақтау бөлімі болғандықтан ешкімді кіргізбепті. Басын бұрып жан -жағына қарайын десе, мойнына бірдеңе кигізіп қойыпты, бұра алар емес. Неге мұнда жатырмын? Маған не болып еді? Үйдегілер қайда? Еміс-еміс есіне түсіп жатыр. Әкем, Батырхан ұлым... Сөйлейін десе сөйлей алмай жатыр. Тұрайын десе қимылдай алар емес. Осы мезетте ақ халат киген медбике кіріп келді. Жандардың көзін ашқанын көріп асыға басып шығып кетті.
 
Көп өтпей жаңағы медбике және келді
Жанында дәрігер бар. Бұл кезде Жандар қайта талықсып бара жатқан еді. Осылайша Жандар бір жеті есін жимай жатты. Дәрігелер жансақтау бөлімінен шығара алмады. Ал әкесі мен ұлы Батырхан оқиға орнында көз жұмып, үй іші екеуін жер қойнауына тапсырған болатын.
 
Бір жетіден соң Жандар да көзін ашпастан әкесі мен ұлының соңынан кете барды. Үйдің екі арыстай азаматтарынан, тіреуіштерінен айрылған қос ана бастарын тасқа ұрып ботадай боздап қала берді. Әсіресе Дәмет қайта-қайта талықсып, өзіне келе алмады. Біресе атасын, біресе күйеуін, біресе бауыр етін айтып солқылдап жылайды. Осылайша қаралы күндер өтіп жатты. Адам аяғы басылып, абыр-сабыр тоқтаған бір сәтте енесі жылап отырған жерінен сап тыйылды да, орнынан атып тұрып Дәметтің шашына жабысты.
- Сен қаншық бәрінің түбіне жеттің. Сенің кесіріңнен айырылдым азаматтарымнан. Сен қалаға көшеміз деп миын уладың баламның!
- Апау, мен емес қой. Өзі солай жасады. Маған бірауыз айтпады ғой.
- Өтірігіңді барып басқаға айт салдақы!
- Рас айтам апа, менің жазығым жоқ,- деген Дәмет еңіреп жылап жіберді.
  Арада бір ай өткенде үш ердің қырқын берді. Содан жүзі, жылы... Қонақ астары үзілмеді. Бір жылдан соң енесі Дәметті әй-шәй жоқ үйден қуып шықты. Ештеңеге түсінбей біраз тұрған Дәмет Асанды көтеріп, Әселді жетектеп қақпадан қайта кірді.
- Жоғал тайлы-тұяғыңмен! Сені көрсем буындырып өлтіргім келеді. Көзіме көрінбе!- деген енесі үй маңына жолатпады.
  Осылайша жетім өскен жесір ана екі баласын жетектеп дала кезіп кетті. Жандардың туыстары енесінен бата алмай Дәметке қол ұшын соза алмады. Осылайша қалаға келіп күндерін көріп жүрген беттері осы еді...
  Бүгін де қарны аш Әсел мен Асан аналарын күтіп есікке телміріп отыр. Анасы бір асхананың ыдыс-аяғы мен еденін жуады. Ал Асан кейде мектептен демалыс күндері қоқыс арасынан темір іздеп, жинап өткізеді. Бірде бар, бірде жоқ. Ақша тапқан күннің өзінде анасына болысайын деп, үйге азық-түлік алады. Ал анасының алатын аз ғана жалақысы пәтердің жалақысына әрең жетеді. Соған қарамастан Әсел де, Асан да сабақты жақсы оқыды.

Жалғасы бар...