Әңгіме
Алаш Кеңшілікұлы
Бұл ауылдың адамдары мазасыз...Өздерінің ойламсыз қылықтарынан абыройлы істерінің су аяғы құрдымға кететіндерін білмей қалатын.
Әрнеге асығып жүргендері. «Намазға асық,намазға асық.Құтылуға асық,құтылуға асық!» Шариғи заңдылыққа мойынұсынудан гөрі өкіметтің мизамын орындауға асығатындар ит тірліктерін бақытына балайтын.
Онсызда итшілеген аз ғұмырдың жалына жабысып,жауырды жаба тоқыған ауыл адамдарына,жағымталсудың қамытын жамылған «дөкейлер»жиын ашып жатыр.Күн тәртібінде «ит ату»мәселесі.
-Мен итімді атқыза алмаймын,-Ұза мерген қабағы түксиіп,қызылжағалыларды бір оқпен жайратардай бұрқ еткен-Бөріемгенсіз хүкіметтің «аң ату»жоспарын қалай орындаймын?
-Жігіт екен,қатты айтты ә?-деп жан-жағындағыларға қарап даурыққан мүкісқұлақ,Құба шалды өкілдер “сөзге кезек,беріңіз»деп тиып тастады.
-Осы шалдың жүрегіне тимейді екен,баяғыда бір сотталып кете жаздап еді.Топ ішінен әлдекім күңк етті.
Бұл әлгі «коммунистердің»өлместей көретін жердегі құдайы Сталинді «ыштан»дейтін қарғадай ғана бойы бар Құба шал еді.Сонау Ресейде өлген Сталинді Моңғолияда да,жоқтауын асырып аза тұтқан күлкілі жылдар.Аймақ,сұмыннан келген өкілдер ауылға да аза тұтқызған.Өтірік мүләйім кейіптер.Қабырғасы тастан қаланған шағын«Қызыл бұрышта»дәлірек айтқанда әлгібір шайтан сүгіреттерді көрсететін сиқырлы мәдениет үйіне адамдарды жиып,Сталиннің рухына бас идірген малақайларын қолға ұстатып.
-Күн көсеміміз Иосиф Висарионович Сталинді еске аламыз.Орындарыңыздан тұрып,бас киімдеріңізді шешіп бес минут аза тұтыңыздар!
Осы үнсіздікті бұзып «шытан деген немене,мал ма,аң ба?»деп қағаберіс естіп,ұқпай далақтаған Құба шалдың қолына кісен салғызып, соттатып жібере жаздаған-ды.Әкесі құлдықта жүрген кедейдің баласы,әрі құлағы естімейтін керең деп зорға алып қалған ғой жақындары ара түсіп.Ендігісі мынау...
Ит ату оқиғасының әлхисасы былай басталған.
Алдымен ауылда сона бір жылы тышқан қаптап кеткен.Сумаң етіп сұр жыланша онан-мұнан көрініп шыға келетін кейіптері жаман еді.Шым батпақтан жиылған асүйерлерінің іргесін, қорыс-қопа қазып,құм үйіп, ішіне кіріп алып ет,тамақтарын ластап сайран салған сумақайлардың қылығы ауыл адамдарының мазасын қашырған.Онымен қоймай тамақтары ісініп,іштері ауырып,«дизентерия»қантышқақ болғандар көктышқандардан көресіні көріп құрту амалдарын қарастыра бастаған.
Алдымен қақпан құрды қан сасытып...
Сегіз шақалақ табатын пәлекеттердің қаншасын алсын,мазақ қылғандай төсектерінің астынан жылт етіп өте шығатын болды.У салды көп қылып,есеңкірегендей түнде ұйықтағанда қойындарына кіріп кетіп,табандары сұп-суық болып бүлк еткізгенде орындарынан атып тұрып,«баж»етіп ұшына жаздағандар тинәмдәй мақұлықтардың көптігінен құсұйқыға айланды.
Бұл ауылдың адамдары мазасыз...Әрнеден құтылуға асығып жүреді.Қалайда құрту керек!Түбі не боларын ойлап жатпайды.
Мұның жауы «мысық»деді бір білермен.
Біреуден біреу құр қалсын ба?Мұртын ербитіп мысық асырушылар көбейді де кетті. Келесі жылында ауылда мысық қожалық ете бастады.Шыбар,қара,сұры түсті мысықтың түрлері көбейіп,ырымшылдардың алдын кес-кестеп,жолдан қалдырды.
Құмырсқаша қаптаған қаптесерлердің де құритын кезі болады екен,қақпанға түскені қақпанға түсіп,у жегені улап,орынсыз ербеңдегендері мысыққа жем болып,қараларын батырды.Мұрттары ербиіп,тышқанды құртып біткен соң,ұятсыз құлқын қамымен көз тасалана бере ұрлыққа түскен мысықтардың да қадірі қашып,жылы орындарын суытты.Далаға тастанды болғандары түз мысыққа айланып,ауылдың берекесін қашырды.Әрі сол жылы ауылға сары ауру тарап,дәрігерлер себеп-салдарын мысыққа жапты.
Бұл ауылдың адамдары мазасыз...
Құтылу керек болды мұртты жолбарыс тұқымынан.Тышқанның ғой,жарасы жеңіл дұшпанға балап,әркім беталды өлтіріп,қыра берсе де ештеңе етпейтін.Мысық өлтіретін қазақ баласында жосын жоқ.Мысық өлтіргеннің адам өлтіргеннен де күнәсі ауыр дейтін
ишан,молдалар.Шақшадай бастары шарадай болғандар бекер ақ,асыраған екенбіз деп тарықты.Жыландай иіріліп еркелегендері қандай керемет,адамның іші бауырын елжірететін.Балалары есейіп,оқуға кеткен кемпір-шалдар,мышы, мышы’’ деп жас балаша еркелетіп,тіпті бауыр басып кеткен-ді.Қимастық сезімдері болса да,құтылмасқа лаждары жоқ.
Мысық асыраған үй,ауру таратушы есептеліп,әкімшілік жазаға тартылады деп қорқытты атқамінерлер.Қапқа салып ен далаға апарып тастады кей пысықайлар.Мұндай ізшіл болар ма,кейісі иесінен бұрын келіп қойды үйіне.
«Ит пен мысық араз,ит асырау керек»деп шықты бір білгіш,жол сілтеп.
Ауылда Ұза мергеннен басқа,құс салып,ит жүгіртетін жан баласы жоққа тән болатын.Келесі жылы құйрығы қайқиғандар,беталды үріп ,қабағандары иесіне қору бермей меймандардың шырқын алып қаптады да кетті.Жер таппағандай ауылдың өр жағындағы қабір,қорғандарға тасаланып барып күшіктеп адамдардың ашу ызасын келтірді.
Қаңғыбас иттер малдарын талап,ылыққандары топтасып бейсауат жүргендерге арсылдап жүгіріп шырықтарын алды.Үйдің маңы қу сүйек пен,жемтік қалдықтарға толып,тазалықтан мақұрым қылды.Аурудың түрі көбейді.
Бұл ауылдың адамдары мазасыз....Құтылу керек!...
Қалай құтылады? Тышқан емес ғой ,құртақандай аяусыз қыра салатын.Мысық та емес,қапқа салып онда мұнда тасып жоқ қылып,ит қосып айтақтайтын.Атуға,өлтіруге әсте болмайды! Ит жеті қазынаның бірі,ит әулиеге ерген деп киелі санайтындар құтылудың жолын таппады.
«Ақысын беріп,орталықтан ит ататын кісі шақырып атқызайық»деп шықты бір білгір тағы да қараңғы түнектен жол тапқандай.
Жоқ! Күшік күнінен асыраған ешкімге зәбірі жоқ,қораға сақ итімізді неге атқызады екенбіз деп қыңыратқыды кейбір терісезулер.Бұлар әрине бастықтар үшін солай есептелінетін.Әйтпесе әйтеуір ит екен деп шетінен атып,құрту үлкен қиянат екенін ешкім қаперіне де алмаған.
Арты үлкен дауға айланып«бірлестік»басшыларының шақыртуымен аймақ,сұмыннан өкілдер келіп,жиналыс ашып жатқандағысы еді.
-Заң бұқараға ортақ,итіңді елмен бірдей атқызасың-деді сүзеген бұқадай ежірейген мұртты өкіл,Ұза мергенге.
-Осы ауылда Ұза мергеннен басқа мылтық ұстайтын ешкім жоқ,итті осыған атқызайық-деді жалпақ қарын,бірлестік бастығы қасақана.
Ұза мерген шоқ басқандай березеп болып,орнынан атып тұрды.
-Итсіз де,аң ату жоспарын орындап шығамын.Итімді ата беріңіздер.Қазірден бастап аң атуға аттанамын.Жалғанда ит ата алмаймын,рұқсат етіңіздер!
Өкіл суық жымиып саусағын шошайтты.
Қасындағылардан әлденелерді сұрап білген Құба шал:-О.заманда,бұ заман ит ату деген не сұмдық?-деп көзі шүңірейіп,беті сыйықсыздана дауысы барқыттанып,өкілдерге жапақтады.
-Өкіметке қарсы келсең,ит тұрмақ өзіңді атамыз! Бұл жолы өкіл қолын безеді.
***
Бұл ауылдың адамдары мазасыз…Құтылуға асық...
Ит ататын шал келетін болыпты деген хабар тарағалы жан алатын Әзірейіл келе жатқандай елестеткен көз алдарына.
-Әй,сол шал мұсылман емес шығар?-деді Әріби деген бадырақкөзді қорқақ адам.
–Қойшы,ей,қазақ болғанда «чистый»қазақ екен.Жалғыз ұлын ит талап өлтіріп,сонан ит көрінсе ата беретін болыпты-деп ауыл адамдары «ұзынқұлақ»атандырған өзін көп тіл білетін сауатты адам көрсету үшін шала-шарпы орысша қосып сөйлеп жүретін Мерейхан деген жігіт судырлады.
Бір аптадай уақыт өткенде «не қылған адам»деп таңданысқан ит ататын шал да келді,мойнынына мылтығын асынып.Ауылдың сотанақ балалары тап бір өздерін атқалы келгендей бұрыш-бұрыштан сығалап,шалдың кейіп-кеспірін тамашалауда.Шалдың иегінде бір тал түк жоқ.Керісінше қушиған жақ сүйегіне жабысқан андыз-андыз бірнеше тал қыл селеулене өсіпті де,онсыз да ашаң жүзінің ныспын кетіріпті.Кереқарыс шотпия біткен қабағының астынан шүңірейген көзін аңдау мүмкін емес.Үстінде сол кездегі қыр адамдарына ғана тән көнетоз қара«көбенте»шапан,белінде асай-мүсейге толы оқшантайы бар,аяғында моңғолдар киетін қайқыбас етік,басында иттің терісінен тігілген сабалақ жүн тымақ.Белбеуіне салдырлатып әне жер міне жерден иттің бақайын,асық сүйектерін іліп қойыпты.Расында бітім тұлғасы,бұл ауылға тым жат,көздеріне ерепейсіз көрінді.
Шалға ең алдымен кезіккен Ығай деген аңғал жігіт моңғолша сәлемдесіп,ұятқа қалған-ды.
«Қазаққа қазақ қазақша сәлемдесер болар»депті шал ашулана бұрқ етіп.
Шалдың алғашқы оғының құрбаны «маубас»деп балалар сүйрелеп жүретін сабалақ қара төбет болды.Ол құйрығын бұлғаңдатып,өзінше қонақжайлық танытқан ғой.Шал түрегеліп тұрған бойда жалғыз оқпен жамсатты.Бала біткен шуылдап,қызық көрмекке шалдың артынан топырлап,ит қырғынын тамашалап жүр.Маубастан кейінгі кезек қаңғыбас иттерге келді.Балаларда ондай иттерді тастың астына алып,шалдың қарауылына іліктіруге әлек.Шал
оқ жетер жерге келгенін отыра қалып көздей атып қаңқ еткізіп ұшырып түсіруде.Қаншырдай жараған ұябасар,қабаған сұры ит бар еді,алдымен соны атқызбақшы болғандарымен құйрығын бұтына қыса зымырап,оқ жолатар емес.Айландырған жау алмай қойсын ба,ақыры бір оңтайлы тұста көздеп атқан оқ артқы аяғын үзіп түсті.Қасқырдай бұраң етіп ұшып түсіп,өз аяғын өзі қапқан сұры қаншық,үш аяқтай қашып ауылдан безіп кетті.
«Бәлем,сені ме»шалдың көзі қанталап жын буған бақсыдай қалшылдады дерсің.Әрбір итті жамсатқан сайын айтатыны жалғыз сөз «ал,талаңдар баламды».Аузынан ақ көбік ағып,құтыра екіленеді.Ұзынқұлақтың естімейтіні жоқ,рас екен ғой десті бұны көргендер.
Бір әредік шайға шыққанында Құба шал:-Шырағым,жасың кіші бала екенсің,жәндіктің де обал суабы бар,былай қырмасаңшы-деп райынан қайтармаққа ниеттенді.
Ит атқыш шалдың қушық бетіндегі екі-үш тал қылшығына дейін түрегеліп,қаны басына шауып ашулана бұрқ етті.
-Аясаң балаңды итке жегізіп көр!
Құба шалдың сөзі шымбайына батқан «ит атқыш» мылтығын ала салып сыртқа ұмтылды.Мұндай жылдам болар ма,Құба шалдың атын күзетіп жатқан құтжол деген итінің қаңқ еткен үні ғана естілді.
-Алла жазаңды береді! Атын борбайға осып,иті оққа ұшқан мүкісқұлақ Құба шал ызғыта жөнелді.
Балалардың байқағаны шал әрбір итті атқан сайын қуат алып,көзі шырадай жана түседі екен.Оғы тимей мүлт кетсе,аузы-басы қисаңдап өз-өзіне келе алмай есеңгіреп отырып қалады.
«Ит тойған жеріне» деп қазақ атаң бекер айтқан ба,ауылдың алдыңғы жағындағы ойдымда қоқ төгетін төбешікте арам өлген бір торпақтың жемтігіне үш аяқтай оралған сұры қаншықты аңдып жүріп сұлатқанында балаша секіріп,мылтығын төбесіне көтеріп биге басты.
-Мынау жынданған адам екен,біреуіңді ит екен деп атып тастамасын,аулақ жүріңдер!-деп қорқақ Әріби балаларға березеп болды.
Бұл ауылдың адамдары мазасыз...Құтылуға,құртуға асығады...
Үш күн дегенде ит қырғыны да аяқталып,Ұза мергенге еріп аңға кеткен «бөріемген»ақырғы оққа ұшты.Шал шаруасын бітіріп келген жағына қайтты.Үрерге иті жоқ ауыл қалды.Сол жылы малдарына қасқыр шауып,арам шығын көп болды.Келер жылында қыс қатты болып,ақсүйек жұттан малдары қырылып қалғандар кімнен көрерін білмеді.
Дүлей болса да Құба шалдың айтқаны аумай келді.Әр жәндікте кие бар,ұрпақсыз қалдыруға болмайды деген еді.
Ит атқыш шал бақилық болыпты деп желдіртті ұзынқұлақ көпшілікке.
Алла сақтасын көз жұмарында үш күн итше үріп жатыпты...
«Сенің аузыңа жақсылық кірмейді» екен десті жұрт.