Желіде қасқыр ұрғашысының жыныс мүшесін 400 мың теңгеге сатылатын туралы ақпарат пайда болды. Шымкент базарларында бұл туралы бұрыннан білетін саудагерлердің айтуынша, бұл сауданың көркі қызып тұр деп хабарлайды"Замана" газетіне сілтеме жасаған NUR.KZ.
Таяуда әлеуметтік желіде бір азамат қасқыр ұрғашысының (оны құртқа немесе шулан деп те атайды) жыныс мүшесінен жасалған тұмарды 400 мың теңгеге сататыны туралы жазды.
Шымкенттегі «Жабық базар» мен Қырғы базарындағы саудагерлер бұл жайт турады бұрыннан білетін болып шыққан. Дегенмен жаппай сұранысқа ие болмағандықтан оны қайдан, кімнен алуға болатыны туралы білмейтінін айтты. «Жабық базардағы» саудагерлердің бірі оны досы әлгі затты 5 мың теңгеге сататынын айтқан.
Ал Қырғы базардағы саудагер әйелдің айтуынша, онда ондай ондай заттың бес-алтауы бар екен. Кептірілген мүшелерді жарты литрлік банкаға салып қойыпты. «3 мың теңгеден беремін», – дейді.
Ол кісінің айтуынша, мұндай затты көбіне сығандар сатады екен. «Жол ашады», «қауіп-қатерден қорғайды», «сауда жолын ашады» деп өткізетін көрінеді. Ал бұл кісілер олардан «тауарды» үстінен пайда көру үшін сатып алады. Яғни мұндай тауарды сатып алушылар жоқ емес.
Ал елді емдеп жүрген тәуіп апаның айтуынша, ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесін кәдеге жаратушылар көп.
"Қаншық қасқырдың қынабының шипалық қасиеті көп екен. Оны бала көтере алмай жүрген әйелдер мен белі әлсіз еркектер бойында алып жүрсе, бала сүйеді, қуаттанады. Ол ерлер мен әйелдерге тән көптеген дерттерді жояды. Одан жасалған тұмарды тағып жүрген еркек әйелдерге өтімді болады. Тек сырын білетін адамға ғана оқытып алу керек.
Оны отбасын тастап кеткен немесе басқа әйелге барып жүрген еркекті кері қайтару үшін де қолданады. Күйеуін қайтарғысы келетін әйел қаншық қасқырдың жыныс мүшесінен тұмар жасатып, киімінің бір жерінде сақтауы керек.
Қаншық қасқырдың жыныс мүшесінен құмар ойынмен айналысатындар да тұмар жасатып алады екен. Сонда қолдары жақсы жүреді дейді. Жалпы, оны жолы ашық болуы үшін көп қолданады деп естідім", - дейді ол.
«Бір аңшы таныстарымнан естідім. Ұрғашы қасқыр өзіне өлім қаупі төнген ақырғы сәтте өзінің жыныс мүшесін жұлмалап, іске алғысыз етіп тастайды, саған да, маған да жоқ болсын деген серті бар екен», – дейді тәуіп.