Ғаламторға «Бірге тұруға қыз іздеймін» деген хабарландыруларды қазір қыздар ғана емес, ер адамдар да беретін болған. Жалға пәтер алу сайттарында не мақсатпен екені белгісіз, бір бөлмелі пәтерде бірге тұруға қыз іздейтін ерлер көбейді.
Көбінің телефон номері де көрсетілген, кейбірі тек сайттың өзінде хат жазып жіберуді сұраған.
«Ер адам неліктен қасына ер бала емес, қыз бала алуды ұйғарды?» деген оймен, біз де хабарландыру берушілермен пәтер жалдаушы ретінде байланысқа шықтық. Бірінші хабарласқан жігіт Алматыдан болды. Өзінің бір бөлмелі пәтерінде бірге тұруға қыз іздеген жігіттің жасы 22-де боп шықты. Хабарландыру беруші «жанына үй жинап, тамақ жасап беріп отыратын қыз керегін» айтады, қалғанының бәрі тегін. Яғни, қыздан пәтерақысы мен коммуналдық қызмет үшін ақы сұрамайды, тек азық-түлік сатып алуға ғана ақша қосса болғаны.
Бұдан сорақысы, Астанада бірге тұруға бір емес, екі қыз іздеген жігіттің хабарландыруы болды. Баспана екі бөлмелі. Пәтер үшін төлеудің қажеті жоқ, бәрі тегін. Жалға пәтер іздеуші ретінде хабарландыру берушіге байланысқа шықсақ, орыс ұлтының жігіті екен. «Неліктен пәтер тегін?» деген сұрағымызға, есімі Женя деп таныстырған жігіттен «Жалғыз тұрамын, ішім пысады» деген жауап келді. Оның айтуынша, қыздардан талап етілетіні ‒әдептілік. Ұзақ мерзімге іздейді. «Бір шатырдың» астында сыйластықта, достықта тұрып, сонымен қатар бір‐біріміздің көңілімізді көтеріп, жанға жағымды нәрселермен қуантып отырсақ болғаны» дегенді айтады.
Ал, «көңіл көтеру, жағымды нәрселер» деген сөздің астарында не жатыр? Хабарландырушыны ары қарай да сөзге тартқанымызда мәлім болғаны, онысымен жыныстық қатынасты меңзеп тұр. Тіпті, қыздарға қажет жағдайда көмек көрсетіп тұрмақшы екенін де айтады.
Айта кетейік, хабарландырушымыз бірге тұру үшін іздеген қыздардың сырт келбеті мен жасына да қызығушылық танытты. Астанадан бірге тұратын қызға іздеу салған үшінші хабарландырушымен телефон арқылы сөйлесе алмай, тек хат алмасу арқылы мән‐жайды білдік.
«35 жастағы еркек бірге тұратын студент‐қыз іздейді» деп жарияға жар салған жігітке қыздың жасы маңызды екен. Өзін еуропалықпын деп көрсеткен жігіттің пәтері бір бөлмелі. Жасы ғана емес, қыздың келбеті де оған бәрібір болып тұрған жоқ. Жұмысқа орналасайын деп жатқаннан кем түспейсің. Бет‐жүзін көрмеген адам есім, жасыңнан бөлек, фото‐суретіңді жіберуді сұрайды. Шыны керек, бұл жағдай жағамызды ұстатты.
Бұл тек Алматы мен Астана ғана емес, Қазақстанның басқа да қалаларынан да бір бөлмелі баспанада бірге тұруға қыздар іздеген ерлер бар. Арасындағылардің бірі дәмді тамақ пісіре алатын қыздарға пәтерінде тегін тұрғызатынын жазған.
Бұл тек Алматы мен Астана ғана емес, Қазақстанның басқа да қалаларынан да бір бөлмелі баспанада бірге тұруға қыздар іздеген ерлер бар. Арасындағылардің бірі дәмді тамақ пісіре алатын қыздарға пәтерінде тегін тұрғызатынын жазған.
Бізді алаңдатқаны, баспанадан тарыққан өрімдей қыздар тегін нәрсеге алданып, біреудің құрығына түсіп қалмаса, жолынан адаспаса екен деген ниет қана. Бұл заман бұрынғыдан өзгерек деген түсінікпен, жас қыздар ұлттық түсініктен жұтамаса игі.
Stan.kz