Армян диаспорасы кісі өлтіргендер қай ұлт өкілі болса да, тиісті жазасын алуы керек деп санайды.

 Қарағанды облысындағы армян диаспорасы жаңа жыл түні мейрамхана жанында болған қанды оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме таратты.

 
1 қаңтарға қараған түні Қарағандыда мейрамхана жанында жас жігіттер арасында төбелес шығып, салдарынан бір адам пышақ жарақатынан ажал құшқан. Полиция жанжалға қатысқан жеті жігітті ұстады, олардың бесеуі қамауға алынған. Қанды оқиғаға қатысқан тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.

"Біз, Қарағанды облысының армян диаспорасы, 1 қаңтарда жанжал салдарынан жас жігіттің ажал құшқанына қатты өкінеміз. Өкінішке орай, бұл оқиғаға армян ұлты өкілдері де қатысқан, - делінген мәлімдемеде. – Біз қаза тапқан жігіттің отбасы мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамыз".

Қарағанды облысы әкімдігі Sputnik Қазақстан тілшісіне мәлімдеменің рас екенін айтты.