Алматыда қоғамдық тәртіпті қадағалайтын курсанттардан жаппай коронавирус анықталып жатыр- деп хабарлайды   ktk.kz арнасына сілтеме жасап el24.kz.
 
Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара академиясының тағы 40 сарбазы қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Қазір осы әскери оқу орнының 54 курсанты Covid-19 вирусымен күресуде. Ал атышулы орталық қалалық клиникалық ауруханада тағы 10 қызметкер мен 2 пациенттен вирус табылған. Алматыдағы жағдайды бізбен тікелей банысқа шыққан тілшіміз толығырақ айтып беруге дайын.
 
- Қалада қанша академия курсантына кесел жабысқан? Олар ауруды қалай жұқтырды? Алматы аты жаман ауруға шалдыққандар көрсеткіші бойынша үш күннен бері көш бастап тұр. Соңғы мәліметке сүйенсек, қалада 461 науқас бар. 
 
Өкінішке қарай, қауіпті індет көше, аулаларды аралап, қоғамдық тәртіпті қадағалауға жұмылдырылған курсанттарға жабысып жатыр. Мәселен, бүгін Шекара қызметі академиясының тағы 40 сарбазынан коронавирус табылған. Қазір осы әскери оқу орнының бақандай 54 курсанты Covid-19 вирусымен күресуде.
 
Дертке душар болған болашақ офицерлер полициямен бірге жаяу патрульге тартылған. Ал олардың көшеде бейсауыт жүрген қанша адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізгені белгісіз. - Осындай жұмыстарға казармада жататын қанша курсант ат салысқан? - Науқастармен байланыста болған өзге сарбаздардың жай-күйі қалай? Бұл сұрақтарға Шекара қызметіндегілер жауап беруден бас тартты.
 
Шаһарда сырқаттанған ақ халаттылардың ахуалы да қазір басты назарда. Өйткені дертті жеңу жолында дәрігерлердің атқаратын рөлі орасан зор. Дегенмен, қалада коронавирусқа құрығына іліккен медицина қызметкерлерінің саны бүгін тағы 17-ге өсті. Он қызметкер нағыз ауру ошағына айналған орталық қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істеген.
 
Бүгін осы атышулы емдеу мекемесіндегі тағы екі пациенттен Covid-19 вирусы анықталып, олардың саны 20-ға жетті. Тілеухан Әбілдаев, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы: - Соvid-19 диагнозы бар медицина қызметкерлерінің жалпы саны 234 адамды құрайды, оның ішінде Орталық қалалық аурухананың – 193, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының – 31, №7 Қалалық клиникалық аурухананың – 2, Медициналық жедел жәрдем қызметінің – 3, №12 Қалалық емхананың 3 медицина қызметкері және №11 мен №32 Қалалық емханалардың бір-бірден қызметкері бар.
 
Алматының бас дәрігері қауіп өтінде жүрген ақ халаттыларды толғандыратын басты сауалға да жауап берді. Оның айтуынша, вирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің барлығына 2 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді.