Соңғы мәлімет бойынша Қазақстан коронавируспен ауырғандар санының артуына байланысты эпидемиологиялық қолайсыз аймаққа енді.
Осы аптада коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия үнді штаммына байланысты карантинді күшейтуді ұсынды.
Соның ішінде бірқатар ұжымда вакцина салдыру мідетін енгізу сияқты қосымша шаралар да бар. Ал екпеден бас тартқан адамдар ПТР-тест тапсырып тұруы тиіс. Комиссияның осы бастамасы қоғамда қызу талқылауға түсті, әлеуметтік желіде наразылық білдіргендер, тіпті, петицияға қол жинайтындар көбейді. Барлығы вакцина салдыруға міндеттеу конституциялық құқыққа қайшы екенін айтып отыр.
Sputnik Қазақстан вакцина салдыру мен ПТР-тест тапсыруға міндеттеу бастамасына қатысты 10 маңызды сұрақтың жауабын ұсынады.
1. Комиссия вакциналаудың жаңа тәртібін қай ұжымдарда енгізуді ұсынды?
Комиссия мүшелері коронавирусқа қарсы вакцинасыз қызмет көрсету саласының қызметкерлері және ірі ұйымдасқан ұжымдар үшін жұмысқа кіруге шектеу енгізу керек деп санайды. Бұл дегеніміз, екпе алмағандар жұмысқа кіре алмайды. Премьер-министрдің орынбасары, комиссия төрағасы Ералы Тоғжановтың айтуынша, бүгінде қызмет көрсету орындарына адам көп барады. Демек, инфекцияның жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті осы саланың қызметкерлері вакцинаны салдыруы қажет. "Ashyq" жобасына қосылған және қосыламын дейін барлық кәсіпкерлік нысандар осы талапты орындауға міндетті болады.
2. Кімге екпе садырмауға болады?
Вакцинаға қарсы тұрақты медициналық көрсетілімдері бар адамдарға екпе салдырмауға болады. Алайда тиісті анықтаманы көрсету керек. Бұдан бөлек, коронавируспен ауырып шыққан адамдар да вакцина салдырудан босатылады. Бірақ ағзадағы антиденелердің көлемі ескеріледі. Комиссия мүшелері осы санаттағы адамдарға үш ай бойы вакцинасыз жұмысқа бара беруге болады деп санайды. Одан кейін антиденелердің саны азайып, вирусты жұқтыру қаупі жоғарылайды.
3. Вакцинадан бас тартатын адамдарды жұмыстан шығара ма?
Комиссия ондай ұсыныс жасамаған. Бірақ вакцина салдырудан бас тартатын қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабын енгізу ұсынылып отыр.
4. Ал "ұйымдасқан ұжымдарға" кімдер кіреді?
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованы айтуынша, ұйымдасқан ұжымдарға 20 адамнан асатын ұжымдар жатады. Бұл дегеніміз, дәл осы ұжымдар үшін міндетті вакциналау, ал екпеден бас тартқан жағдайда ПТР-тест тапсыру талабын енгізу ұсынылып отыр.
5. ПТР-тест үшін кім төлейді?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ПТР-тест үшін жұмысшы немесе жұмыс берушінің өзі төлейді деп отыр.
"Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру керек, вакцина тегін қойылады. Кез-келген адам екпені ақысыз салдыра алады. Бәрін мемлекет төлейді. Осының арқасында шығын шығармай-ақ, денсаулықты да, отбасыны да қорғауға мүмкіндік бар, я болмаса, ақша шығаруға тура келеді", - деп атап көрсетті Цой.
Айта кеткен жөн, қазіргі кезде зертханаларда коронавирусты анықтауға арналған ПТР-тест 7 000 – 7 200 теңге тұрады.
6. Комиссияның ұсыныстары заңды түрде қабылданды ма?
Жоқ, комиссия бұның барлығын бас мемлекеттік санитар дәрігердің қарауына шығарды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованы айтуынша, бас санитар дәрігер тиісті қаулыны шығарса, талаптар заңды күшіне енеді.
7. Жаңа талаптарды бұзғаны үшін қандай жаза қолданылады?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін жаза қарастырылған. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға - 5 АЕК (14 585 теңге), шағын кәсіпкерлерге - 100 АЕК (291 700 теңге), орта бизнеске – 200 АЕК (583 400 теңге), ал ірі кәсіпкерлік нысандарға 500 АЕК (1 458 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
8. Вакцина салдыруға міндеттеу қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын бұзбай ма?
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ведомствоаралық комиссия ұсынған талаптар қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын бұзбайды деп санайды.
"Мен өзім конституциялық құқықтарды бұзуды көріп отырған жоқпын. Біз таңдау ұсынып отырмыз. Мәселен, вакцинадан бас тартқандар ПТР-тес тапсыра алады. Біз көрші елдерде болып жатқан жағдайды жақсы білеміз. Сондықтан халықтың денсаулығы мен өмірін сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек", - деді Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде халықты жаппай вакцина салуға міндеттеп жатқан жоқ. Комиссия ұсынған талаптар, ең алдымен, қызмет көрсету саласына қатысты. Себебі дәл осы қызметке жүгінетін адам көп. Ондай жерлерге күнде мыңдаған адам барады. Вирусты жұқтыру қаупі жоғары.
Дегенмен, бүгінде әлеуметтік желіде комиссияның ұсыныстарына қатысты сан алуан пікір айтылып жатыр. Кәсіби заңгерлер де ондай талаптарға қарсы. Себебі заң бойынша кез келген вакцина ерікті түрде салынады. Жұмыс беруші жағынан да, құзіретті орган жағынан ешқандай қысым болмауға тиіс.
9. Үкіметтің жоспары қандай?
Бұған дейін денсалуық сақтау министрі Алексей Цой күзге дейін 10 миллион адамға вакцина егу жоспары жайында айтқан. Соның арқасында алдағы респираторлық инфекциялар маусымына дейін ұжымдық иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік бар. Бас кезінде екпе салдырғандар көп болды. Артынан ол көрсеткіш күрт төмендеп кеткен. Бүгінде кейбір өңірлерде сан алуан ұтыстар мен акциялар жариялана бастады. Тіпті, екі бөлмелі пәтер мен көліктерді де ұтысқа шығарды. Соның нәтижесінде екпе салуға келетіндердің саны біршама артып отыр. Үкіметтің қазіргі мақсаты – күніне 70 мың адамға вакцина егу. Осылайша, тиісті жоспарды біртіндеп орындауға мүмкіндік бар.
10. Коронавирустың үнді штаммы қаншалықты қауіпті?
Коронавирустың "Дельта" деп аталатын қос мутациясы 2021 жылдың наурызында Үндістанда анықталды. Ол коронавирустың антиденелерге төзімділігін арттырады. Сондықтан екпе салдырғандар да COVID-19 жұқтыруы мүмкін. Ведомстваралық комиссияның ақпаратынша, коронавирустың "Дельта" штаммы жоғары жұққыштығымен ерекшеленеді және анықталған штаммдарға қарағанда 60%-ке тез жұғады. Қазіргі айналымдағы штаммдар 1 адамнан орташа есеппен 3-4 адамға таралса, "үнді" штаммы 5-6 адамға бірден жұғады. Инкубациялық кезеңі небәрі 7 күнге созылады.
Соңғы зерттеулер коронавирустың "үнді" штаммымен ауырғандар арасында аурухана төсегіне таңылғандар және қайтыс болғандар көбірек екенін көрсетті.