Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандарды ұстау әлі де жалғасуда.

Ақтөбелік тәртіп сақшылары мамандандырылған күзет қызметкерінен қару ұрлады деген күдікті азаматты қолға түсірген.

Ер адам суық қаруды әкімдік ғимаратын басып алу кезінде алып кетпек болған. Құқыққорғаушылар болса оқиға орнынан түсірілген бейнедәлелдер әлі талай қылмыстың бетін ашуға көмектесетініне сенімді. Айман Омарова күдіктілерді құқық қорғау органдарынан да іздеуді ұсынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап el24.kz  желілік порталы.

Алматыда полицейлер тонауға қатысқан азаматты құрықтаған. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол ұрлық жасауға қызық үшін барған.

"Сауда орнының жанынан өтіп кете алмадым. 5 ұялы телефонды ұрладық. Содан кейін автобусқа отырып, Түркістан қаласына кетіп қалдық", - дейді күдікті.

Ұсталғандардың көпшілігі лаңкестік әрекетке бармағандарын айтады. Айтуларынша, олар бейбіт шеруге шыққан. Алайда Айман Омарова қаңтар айындағы оқиғаларды бейбіт шеру деп атауға мүлдем болмайтынына сенімді. Тәртіпсіздіктерге қатысқандар алдын ала жоспар бойынша әрекет еткен, дейді ол. 

"Қайғылы оқиғалардың орын алуына құқық қорғау органдары кінәлі. Шеруге шыққандар барлығын қиратты. Бейбіт митинг деген осы ма? Мен мұндайды көрген емеспін. Бұрын мұндай әуежайды басып алған, мүліктерді қиратқан бейбіт шеруді көрген емеспін. Тәртіп сақшылары бізді қорғайғын уақытта, керісінше қашып кетті. Менің ойымша, біздің құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуынсыз мұндай оқиғалар болмайтын еді. Дәл солар бейбіт митингіні өз пайдаларына пайдаланған", - дейді заңгер, қаңтар оқиғаларын тексеру жөніндегі "Ақиқат" қоғамдық комиссиясының төрағасы Айман Омарова.

Саясаттанушы Мақсат Жақау шеруге қатысқандар ешқандай талап айтпағанын алға тартады. "Олардың басты міндеті халықты қорқытып, бейберекеттік орнату болды", - дейді ол.

"Олар біздің жауынгерлермен, тәртіп сақшыларымен өте агрессивті қақтығысқа түскен топтар болатын. Олардың басты мақсаты – қоғамда түрлі тәртіпсіздіктер мен дүрбелең тудыру еді", - деп түсіндірді саясаттанушы.

Қаңтар оқиғасын тексеру үшін белгілі қазақстандық заңгерлер арнайы қоғамдық комиссия құрған болатын. Құқық қорғаушылардың көмегіне жүгінген Жанар Мақарова ұлының лаңкестік әрекеттерге қатысы жоқ екенін дәлелдегісі келеді. Күдіктінің анасы содырлардың ұлын қару-жарақ дүкенін тонап, оны бүлікшілердің арасында таратуға мәжбүрлегенін айтады.

"Қаруланған адамдар. Олар көлікті тоқтатып, қорқытып көліктің нөмірін алдырып тастаған, содан кейін менің білуімше қару-жарақ дүкеніне ертіп кеткен. Дүкендегі қаруларды көлікке салып, жаңа алаңда тұрған адамдарға таратуға мәжбүрлеген. Ұлым қақтығыстарға қатысқан жоқ, өз қолымен ешнәрсені тонамаған", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Жанар Мақарова.

Қазірдің өзінде комиссияға қазақстандықтардан бес жүзге жуық өтініш келіп түскен. Ал жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан азаматтарды іздестіру әлі де жалғасып жатыр.