Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылының тұрғындары аммиак пен азот өндіретін зауыттан шығатын зиянды қалдықтан уланып отырмыз деп дабыл қағуда-деп хабарлайды el24.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

 Айтуларынша, бірнеше жылдан бері кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін қышымадан бастап, аллергияның түр-түрімен ауырады.


Осыны айтып ауыл тұрғындары бірнеше рет жергілікті әкімдікке барған.

Бірақ ешкім қүлақ салмапты. Ал зауыт басшылығы зиянды қалдықтарды төгуге рұқсат берілген деп отыр.

Канал арқылы азот пен аммиак селитрасын шығаратын «КазАзот» компаниясы өткір иісті қоқысын қалдық көліне төгеді.

Каналды жағалай орналасқан Басқұдық ауылының тұрғындары зиянды қалдықтардың зардабын тартып отыр. Каналдың беті дұрыс жабылмағанынан ауаға тараған иістен тұрғындардың тынысы тарылып, тіпті терезесін ашып отыра алмайтын халге жеткен. 

Басқұдық ауылының тұрғындары зиянды қалдықтардың зардабын тартқалы бірнеше жыл болды. Ауылдың сорына айналған улы каналдан шығатын иіс біразының денсаулығына зияны тиіп біткен.

Гүлмира Ізтілеуова, Басқұдық ауылының тұрғыны: - 10 жылдай болды тұрып жатқанымызға. Біз осы аллергиядан қиналып жатырмыз. Әсіресе күйеуімдікі қатты болып кетті. Өзім былай да аллергия бар бронхадан, балаларымда бастап жатыр.

Аммиак селитрасының қалдығы өлексенің иісіндей сасиды. Мұндай қауіпті заттарды каналдан ағызу дұрыс емес дейді тұрғындар.

Сондықтан олар денсаулыққа зиян каналды жабуды талап етуде.

Жұманазар Тұрсынбаев, Басқұдық ауылының тұрғыны: - Селитра мына аммиактың суы ағады. Аммиак кәдімгі. Улап жатыр халықты. Біздің талабымыз соны жоқ қылу. Жауып тастасын. Кеңес үкіметі кезінде салынған каналдан тәулігіне 1000 текше метр аммиак қалдығы төгіледі.

Ал Басқұдық ауылы 2007 жылы құрылған. Сондықтан о баста бұл жерде ауыл болады деп ойламадық дейді «ҚазАзот» басшылары. Оның үстіне химиялық қоспаларды төгуге арнайы рұқсаты да бар көрінеді.

Десе де былтыр тұрғындардың шағымы бойынша экология департаменті каналдан жіберілетін қалдық көлемі тиісті мөлшерден асып кеткенін анықтапты. Осы үшін  қомақты айыппұл да салған.

Арман Мәулешев, «Қазазот» АҚ бас директоры: - Бұл канал біздің  есебімізде емес. Бұл канал басқа мекемеге, «Лидер құрылыс сервис» ЖШСне жатады. Біз жыл сайын сол мекемеге ақша төлеп отырамыз. Жоба бойынша суды ашық жіберетін еді. Біз ертең бітіреміз. Құбырды салдық. Жабылған құбыр. Ешқандай иіс келмейді Бақсұдыққа. Мұны өз есебімізден салдық. Қазір компания жаңа зауыттың жобасын жасап жатыр екен. Оған өз қалдығын қайта өңдеп шығаратын құрылғылар орнатылады. Бірақ оның жүзеге асырылуына төрт жыл уақыт кетеді. Сондықтан Басқұдық ауылының жағымсыз иістен қашан құтылары нақты белгісіз.