Бұл туралы Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
28 жастағы Аманда да Сильва жүктілігінің соңғы аптасында эпилепсиялық талмадан кейін ауруханаға түскен. Дәрігерлер әйелдің тағы да талмасы ұстаған жағдайда, оның және құрсағындағы сәбиінің өміріне қауіп төнетінінен қорқып, кесір тілігі арқылы босандырып алыпты. Артынша жас босанған әйелдің денсаулығында қиындықтар пайда болып, дәрігерлер оны жасанды комаға түсіреді.
Бірнеше күннен кейін аурухана қызметкерлері пациенттің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізіп, оған тыныштандыратын препараттарды беруді тоқтатады. Алайда Да Сильва есін жимаған. Дәрігерлер қолдан келген шараның бәрін жасағанымен, әйел өзіне келмеді.
Осы кезде мейірбикелердің бірі пациентке сәбиін алып келуді ұсынады. Әйел ес-түссіз жатса да, сәбиін ұстағаннан кейін жүрек соғысы жиілеп, көзінен жас парлаған. Осыдан бастап да Сильваның денсаулығында оң өзгерістер байқалып, 20 күннен кейін ауруханадан шығарылды.
«Біз бәрі осынша жылдам өзгереді деп күтпедік. Қуанып, жеңілдегенін сезінген дәрігерлердің бәрі көз жасын тоқтата алмады», – дейді мейірбике.
Оның сөзінше, мұндай жағдайды түсіндіру мүмкін болмаса да, ана мен бала арасындағы байланысты тиісінше бағалау қажет.