Өзбекстанда тұрғын сәбиін сөмкеге салып, көшеге тастап кеткен,-деп хабарлайды el24.kz  тілшісі massaget.kzке сілтеме жасап.
 
Басылым мәліметінше, 9 тамызда әлеуметтік желілерде Бұхара облысының құқық қорғау органдары көшеде қалған сәбиге қатысты жағдайға ешқандай әрекет жасамады деген ақпарат тараған. Оқиғаға қатысты Бұхара облысы ІІБ баспасөз қызметі пікір білдіргені айтылды.
 
Оқиға бір күн бұрын, 8 тамызда түнгі сағат бір жарымда Қаракөл ауданында болған. Шахзод Саидов (аудан бойынша жедел уәкіл) мен аға лейтенант Хабиб Абдурахманов (профилактикалық инспектор) кезекшілік кезінде аурухананың гемодиализ бөлімі ғимаратының жанынан өтіп бара жатқанда сәбидің жылаған дауысын естіген. Аталған аумақты тексеру барысында жылаған бала жасыл түсті сөмкеден табылған.
 
Осыдан кейін жаңа туған нәресте аудандық медицина бірлестігінің балалар бөліміне жатқызылып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол дәрігерлердің бақылауында болғаны айтылды.
 
Осы уақытта тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, оның барысында баланың 4 тамызда таңғы сағат 8-де дүниеге келгенін анықтады. Әйел үйде, медицина қызметкерлерінің қатысуынсыз босанған. Ал 7 тамызда кешкі сағат 21:00 шамасында анасы баланы көшеге тастап кеткен. Анасының да жеке басы анықталды. Ол Қаракөл ауданы "Мироб" махалласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.
 
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары әйелді мұндай әрекетке итермелеген мән-жайды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр.
 
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
 
Д. Шәріпхан