Әнші Қуандық Рахымға арналады
Мейірхан Мейрамбекұлы
"Шарапат" шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері
"Бұлбұл - бір бұтақта отырып бір жанға арнап əн салғанымен, оның сазды əні мың жүрекке дəру"
Сұлтан Ахмет
Əлемді кейде, бір адам үшін көргің келеді, ертегіге де сол адам үшін сенгің келеді. Қиялдан ада болғың келеді,
армансыз өмір сүргің келеді. Болмаса да оның дерегі, қиялдан тұрар өмір өрнегі. Қиялдан қажысаң да, өмірден жасысаң да қиялдың ақ тұлпарын ертеп мінесің. Қиял - үмітке бастайды. Үмітсіз өмір кешу мүмкін бе? Мүмкін емес!
Менің жүрегім секілді жүрек болса, жай өмір сүру болмайды. АРМАНДАУ КЕРЕК! Менің есімім - Гүнай. Жаратқан күн мен айды көруді маңдайыма жазбапты. Алайда, мен де күн сəулесінің жылуын сеземін. Сұлтан Ахмет айтқандай-ақ, "Өр санамда жүрек жылытар күн шуағым бар. Ол - əуен". Əннің емдемейтін жарасы жоқ. Жұмыр басты пенденің бар қабырғасын қайыстырған қайғысын жеті нота жеткізеді. Мың бір ауыз сөздің айта алмағанын жеті нота айта алады. Жүрегімді жылытуға шамам жетпесе, мен бүгін нота дəптерін ашпас едім. Жанарсыз-ақ ғаламды көріп жүрмін. Себебі, бір құдіретке сенген көңілім. Күйсандық - көңіл сырласым! Жүректің жылдар бойғы жиналған мұң-зарын ақтарып айтуға тілім жетпейді. Тек - əн ғана. Өзегіңдегі азап пен қайғыдан арашалар бір қасиетті нəрсе - əуен. Əуен ғана іштегі арман-тілекті əлдилей алады. Басқасы бекер.
Рас, қараңғылықтың азабын азайтар бір құдіретті бір ғұмыр іздедім. Іштей тəңірден сырлас досыма айналар бір аспапта ойнай алатын қарым-қабілет бере гөр деп тіледім. Жастықты құшақтап жылап жатып, жылап оянған кездерімді санасам ақылымнан жаңылам. Тұмадай таза жүрекпен тілеген тілек əркез де қабыл болады. Тəңір - көңіліңнің тазалығына қарай береді. Иə, өмір көкжиегің мен көңіл көкжиегіңді жарқыратар арай төгеді. Менің тілегім - қабыл болды.
Əуенге ынтық көңіл күнде қараңғылық түсе аспаннан жұлдыз іздейтін балаға ұқсайды. Əркез жүйрік көңіл көңіл толқытар өз əнін іздейді. Ондай туындылар теңіз түбіндегі жаққұт тастардай өте аз. Табылмайды. Іздеуден талуға қақым жоқ. Күздің алғашқы аптасында мен интернет арқылы кездейсоқ бір қазақ əнін естіп қалдым. Естідім де өзегімдегі бір мұң мəңгілікке көз ілгендей күй кештім. Тынысым ашылып, баладай шаттандым. Жанарымнан ақ моншақтар үзілді. Бар ой-санам əнге байланды. Балаң үн бар болмысымды билеп, қараша көңіл жазымен қауышты.
Сол сəттен көңіліме көктемдей нұрын төккен əннің орындаушысы кім білгім келді. Кім? Иə, əнші жүректі тербей алса, ол - бұлбұл. Менің жүрегімді тербеген бұлбұл кім? Бұлбұлдар таңды сүйеді,
жайдары жазды сүйеді.
Бұлбұлдардың бағы - арманына мəңгілік басын иеді. Балаң үнде бекзаттық болса, кез-келген жанның көңіл сандығын ашуға қаухарлы. Ашты да. Кезінде Мəулана, " Əн салмасын көңілінде өрті жоқ, əн дертімен ауруда серті жоқ. Əн қасиетін ұқпаған,
Əн деген де жанар жасын сықпаған,
Бір көңілдің дертін айта алмаған,
Əн салмасын ол адам.
Əн салса салсын, балаң үнді бозбала,
тербелсін сол үнменен паң дала. Үзілген үміттер жалғансын,
ғаріп көңіл қиналғанда ойға алсын,
Əн салсын,
Əн салсын,
Балаң үнді бозбала,
жүректегі жазылсын кəусар үнмен сан жара" деген екен. Мен сөзсіз Мəулананың сөзін құптаймын. Əр күні Қуандықтың əнін тыңдаудан жалықпаймын.
Адамның есімі тағдырының айнасы болары хақ. Қуандық - көңілімді əнімен қуандырған жан. Сұлтан Ахметше айтсақ, "Бұлбұл бір бұтақта отырып, бір жанға арнап əн салады. Алайда, сол сазды əнімен мың жүрекке дəру"....