Жібектей жұмсақ, толқындай тербетілген, жып-жылтыр, сау шашты қай қыз армандамасын?! Мұндай шашқа ие болу үшін арнайы күтім керек. Шаштың жылтырауы сусабынға да байланысты. Сусабынды қалай таңдау керек?

    Дүкенге келіп, сөре толы түрлі-түрлі сусабындардың қайсысын таңдарымызды білмей қалатынымыз анық. Жарнамадан жиі көрсетіп, аты танысын ала саламыз.

    Шындығында, шашыңызды қандай сусабынмен жусаңыз да, құрамында қандай дәрумендер бар, шашыңыздың кемшілігін түзейді ма, бәрібір шашқа әсері болмайды. Өйткені, шаш өлі жасушалардан тұрады. Оған қымбат маскалар мен майлар жағып, әуреге түссеңіз де, нәтиже болмауы мүмкін. Нағыз күтімді қажет ететін тірі жасушалар шаштың түбінде және бас терісінде. Сондықтан шаш күтімі — шаштың ұзына бойы мен ұшына назар аудару емес, бас терісін күту және дұрыс таңдалған сусабын екенін біле жүрейік.

Мамандар бас терісін үшке бөледі:

Майлы тері;

Құрғақ не сезімтал бас терісі;

Қайызғақты.

      Сусабынды бас терісінің түріне қарай таңдау керек. Ал теріге жүргізілетін емдік істер (шаштың түспеуін, тез өсуін, ұштанып кетпеуін қадағалау) арнайы құралдармен (маска, бальзам, кондиционер) жасалады. Сусабын – шашты тазартуға арналған құрал.

    Майлы шаш не майлы бас терісі

    Егер шашыңыз жуғаннан кейін екі күн өтпей кірлеп, аптасына екі реттен көп жууға тура келетін болса, шашыңыз майлы түрге жатады. Бұл түрдегі шаш пен бас терісіне көлем беруге арналған, сезімтал теріге арналған және майлы шаштарға арналған сусабындар қолайлы. Шаштың бояуын сақтайтын, құнар беретін (питательные) сусабындар құрамы майлы болады да, шашыңыз одан сайын тез кірлейтін, жылтырамайтын болып қалады.

     Құрғақ не сезімтал бас терісі

    Әрең дегенде таңдап алған сусабыныңыз басыңызды ашытып, қышытып, бөртіп жіберетін болса, бас теріңіз тым сезімтал не құрғақ болғаны. Терінің бұл түрі арнайы жұмсартатын, ақырын жууды, асқынтып жібермейтін құралдарды қажет етеді. Тек сезімтал теріге арналған сусабындармен жуу керек. Неғұрлым сенімді әрі сапалы брендті таңдаңыз.

 

    Қайызғақ

      Бұл – көпті толғандыратын күрделі мәселе. Шашыңыз мейлі майлы болсын, құрғақ болсын, сусабынды дұрыс таңдамасаңыз, қайызғақ қаптап шыға келеді. Мұндағы басты қағида – бас терісінің түрін анықтап, тек соған сай келетін сусабынмен жуу, сонда қайызғақ болмайды. Ал егер басыңыздағы қайызғақ мүлде кетпей, уақыт өткен сайын көбейе берсе, айына бір рет бас терісіне пилинг не флюид жасатып жүріңіз. Әсемдік салондары мамандарының көмегіне жүгінесіз. Қайызғақты шашқа арналған арнайы сусабынды қолданып жүріңіз.

      Сусабынның сапасын қалай анықтауға болады?

 Сусабынның сапасын анықтау үшін төменде айтылғандарды ерінбей орындап шығыңыз:

Стақанға не кесеге су құйыңыз.

Суға бір қасық мөлшерінде сусабынды қосыңыз.

Сусабын мен су тұнғанша, 10 минут күтіңіз.

10 минут өткен соң сусабын ірімшікке ұқсас тұнбаға айналса, сусабынды лақтырыңыз. Ол – сапасыз сусабын. Мәселе сапасында емес, құрамында натрий және аммоний сульфаты бар сусабынды қолданбаған жөн.