Болған оқиға ізімен
Фариза Амагелдіқызы
Жұлдызай кіп-кішкентай қыз болса да, оны өмір ерте есейтті. Жасы 4-ке енді ғана толысқанымен, ойлау қабілеті мектеп жасындағы қыз сияқты.
Бүгін тағы да жайсыз түс көріп оянды. Әкесі тағы да ішіп келіп үйдің берекесін алып жатыр екен. Анасының етегіне тығылған қыз қорыққанынан тіпті емін-еркін тыныстай алмай тұр екен. Жүрегі қысылып, терлеп кеткен кезде шошып оянды. Үсті-басы шылқа су. Малмандай боп терлепті. Жанында ешкім жоқ. Жарық сөніп тұр.
- Апаааа, -деп атып тұрды да, есікке қарай тұра жүгірді.
- Не болды қызым, қорықпа, үйдемін. Асханада отыр едім,- деп анасы алдынан шықты.
- Сізді үйде жоқ екен десем... Әкем келмеді ме?
- Жоқ әлі келмеді. Қорықпа қызым, жүр жатып ұйықтайық, әкең келмейді бүгін,- дей бергенде есікті қатты жұлқылаған дауыс естілді. Жұлдызай аяқ-қолы дірілдеп бөмесіне кірді де, кереуеттің астына кіріп кетті.
- Неге ашпайсың есікті? Әлде басқа біреуді күттің ба сен қатын?- деп жұдырығын түйіп дүрсе қоя берген күйеуі тәлтіректеп барып өз балағына өзі сүрініп етбетінен сұлап түсті. Ыңыранып жатып есік аузында ұйықтап қалды. Анадай жерде үстелде отырып күйеуіне ұзақ қарап отырған Ажар өткенді есіне алды.
...Тіпті көп те уақыт өткен жоқ қой. Екеуі қыз-жігіт болып бар-жоғы 2 ай ғана жүрді де отау құрып кете барды. Соңы міне, неге әкеліп соқтырды. Ажар тіпті күйеуін дұрыс танып та білмеген еді. Қой аузынан шөп алмас момын жігіт рөлін сомдаған күйеуінің арақсыз өмір сүре алмайтынын үйленген соң бір-ақ білді. Амал жоқ, өз қолын өзі кесе ме? Алғашында үлкендерді ортаға салып, бөлек шығып кетсе де ата-енеден қайыр күткен келін олардан қайран жоғын білген соң, бертін келе оларға күйеуі туралы жақ ашпайтын болды. Төркінге де кете алмады. Не деп барады? Өзі таңдады, өзі тұрмысқа шықты, ешкім қыстап қос қолдап әкеп тастаған жоқ. Осылайша өмір сүруді жалғастыра берді. Бір қызды дүниеге әкелді, күйеуі сонда да арағын тастай алмады. Тіпті, қолтықтап жүруді әдетке айналдыра бастады.
Соңы жақсы болмайтынын түсінген Ажар осы қыздан соң құрсақ көтергісі де келмеді. Кім біледі, алдымызда не тұрғанын деп ұзақ ойлана келе осы шешімге келіп еді. Арадан аттай 4 жыл өтіпті. Алқаш күйеумен 4 жыл арпалысқан келіншек қазір міне, кезіндегі сүйдім деп қосылған жарына көңілі жылымайды. Тіпті, жиіркене қарап отыр. Жоқ, мұным болмайды! Жас өмірімді қор қылып, осының таяғынан ерте өмірден өтетін жағдайым жоқ. Қызым үшін мұндай өмірден бас тартуым керек. Жастайынан қызымның өмірін қорқыныш пен үрейге толтырғым келмейді деп ойлаған Ажар орнынан тұрды да терең күрсінді. Не болса ол болсын деп қолын бір сілтеп, заттарын жинап сол күні-ақ төркініне кетіп тынды.
Ақыр соңында бәрібір қайтып келетінін іштей сезіп жүрген анасы қызы мен жиен немересін көңілсіз қарсы алды. Ләм-мим деп екеуі де жақ ашпады. Не айтады? Онсыз да, бәрі тайға таңба басқандай ап-анық білініп тұр. Үлкен-үлкен жол сөмкелерімен келген қызына қалай кет дейді. Барар жер, басар тауы жоқ бейшараның күйін кешіп келіп тұр.
Осылайша "қайтып келген" деген атақ мойнына шынжырмен шешілместей бекітіліп, Ажар төркінінде қалып қойды. Келгеніне 3 айдан асса да мұны ешкім іздеп келмеді. Өзін мейлі іздемесін, өз қандарынан жаратылған қыздарын іздемеген қайын жұртына Ажар өте өкпелі еді. Балаларынның жағдайын білетін ата-анасы келіні мен немересін іздеп келуге ұяты жібермеді ме кім білсін... Кезінде ара түсіп шаңырақтарының шайқалмауына себепші болып ақылын айтпаған олар енді не деп келеміз деген шығар бәлкім...
3 айдан соң Ажар заңға жүгініп, ажырасуға арыз жазды. Алиментті де сұрамайтын болып шешті. Сот болатын күні күйеу сымақ келмеді де. Үйіне барған ажырасу қағазына араққа сылқия тойып отырып қол қойды да жіберді. Ажырасқаннан кейін Ажар төркінінде ұзақ бөгеле алмады. Себебі, мұнда да бір отбасы бар. Інісі мен келіні бала-шағасымен қара шаңырақта. Әпкесінің тағдыры жанына батқан інісі қанша жаны ашып, осы үйдің бір адамы болып жүре бер дегенімен әпкесі көне қоймады. Келіні де әпкесінің үйде жүре бергенін құп көрді. Бірақ, салмақ салғым келмейді деген Ажар қызын нағашыларына уақытша тастап, өзі жұмысқа шығуға бел буды.
Ажар жұмысқа шыққалы жағдайы жақсарып, өз қолы өз аузына жететін жағдайға жетті. Бөлек үй алды. Жұлдызай анасы жұмыс істегелі нағашы әжесінің қолында. Тіпті, қатты бауыр басып кеткені соншалық әжесінің қойнына ұйықтап, күнімен қолтықтап жүреді. Нағашы көкесі мен жеңгесі де Жұлдызайды қатты жақсы көреді. Тәтті тіліне қызығып сұрақ қойып сөйлете береді. Жеңгесі оны-мұны әкелуге жұмсағанда аяғы жерге тимей жүгіре жөнеледі. Кішкенай болса да ақылды өзі. Ара-тұра анасының жанына да барып келеді. Ажар біраз қаражат жинап, қызын қолына алуды ойлады. Қанша дегенмен, біреудің қолына қаратқысы келмейді. Өз арбасын өзі сүйреп, жалғыз қызын жетілдіріп, соның қызығын көрсем бе деген арманы бар.
Күндер осылай сырғып өте берді. Өмірі бір сарынды осылай өте берер ме еді, Ажардың жұмысына келген бөтен ер кісіні көрмегенде. Негізі, Ажар емес, сол кісінің көзі түсіп еді Ажарға. Түйіндемесі бастықтың көңілінен шықпаған соң Мейрамбек амалсыз басы салбырап шығып бара жатып Ажарды көзі шалып қалды.
- Сәлеметсіз бе?
- Сәлеметсіз бе? Кімге келіп едіңіз?
- Мен жұмыс іздеп келген едім.
- Аа түсінікті, бастықтың кабинеті... дей бергенде:
- Жоқ қажет емес, мен кіріп шықтым. Амал нешік, қабылданбадым,-деді әлгі кісі миығынан күліп.
- Кешіріңіз онда, өкінішті. Сау болыңыз!- деп жұмысына қайта кірісті. Мейрамбек артық бұл жерде тұрудың ретін таппай, басын қасып біраз тұрды да ақырын аяңдап сыртқа беттеді. Артына қайта-қайта бұрылып қарай берді. Соңғы бұрылғанда Ажардың да көз қиығымен қарағанын байқағандай болды. Сыртқа шығып таза ауаны рахаттана жұтты да, бір керіліп алды. Анадай жердегі орындыққа барып отырды.
Ажар жұмыс уақыты аяқталып, сырт киімін киіп есікке беттеді. Өтіп бара жатып көзі шалып қалды, тұп-тура есіктің алдындағы орындықта әлгі кісі отыр. Түсінбей аз-кем тұрды да бұрылып бара жатыр еді:
- Кешіріңіз!- деп жанына әлгі кісі жетіп келді.
- Иә, тағы сіз бе? - деді Ажар күліп.
- Иә, мен...
- Не болды? Қайтпағаныңызға қарағанда жұмыстан үміт үзбеген сияқтысыз?
- Жұмыстан үзілген үмітім басқа нәрсеге жалғанды,- деді ол да күліп.
Екеуі жолай аялдамаға дейін әңгімелесіп барды. Түр әлпетіне қарасаң әлгі кісі үлкен кісіге ұқсайды. Ал Ажарға жасын айтқанда таңқалды. Бірақ, рас па деп сұрауға ұялды да, ештеңе деместен әңгімесін жалғап кете барды. Аялдамада екеуі екі қоғамдық көлікке отырды. Бірақ Мейрамбек өзіне сенімді кейіпте көлік орындығына жайғасты. Себебі, Ажардың телефон нөмірін алып үлгерген еді. Ажар да көлікке отырды. Ойланып қалды. Тап бір бірдеңені бүлдірген адамдай қысылып отыр. Мен не істеп жүрмін? Кім ол? Қайдан ғана тап болды? Неге жетісіп онымен сөйлестім? Телефон нөмірімді де алды. Қайдағы бір танымайтын кісіге сонша өрекпіп не болды маған? Құрысыншы, хабарласса да сөйлеспеймін. Осындай оймен отырғанда үйіне де жетіп қалды. Есіктен кірді де, сол бойы орындыққа отыра кетті. Күндегіден қатты шаршаған сияқты. Тіпті киімін ауыстыруға мойны жар бермеді. Төсегіне барды да сылқ түсті. Ештеңені сезбей қатып ұйықьап қалыпты. Оянса кеш батып, даланы қою қараңғылық басыпты. Сағат тілі 23-ті көрсетіп тұр. Қарны шұрылдап қоя берді. Орнынан тұрды да, ілби басып жуынатын бөлмеге келді. Шомылып, өз-өзіне келіп, асханаға кіріп оны-мұны шұқылап жегендей болды. Жалғыз болған соң ыстық тамақты да дұрыстап уақытылы жасамайды. Сырттан тамақтанып келіп, демалатын. Телефоны шырылдай жөнелді. Бөтен нөмір. Ажар дереу сезді де, сөйлесуге құлқы болмай кері қайтарып жіберді. Тағы шырылдады. Қайтарып жіберді. Тағы... Ажар телефонды мүлде өшіріп тастады. Теледидарды қосып кино қарап өзін сергітпекші. Мұным жарамайды, жалғыз өзім не істеймін мына үйде. Тамақ та батпайды. Жұлдызайымды әкеліп, адамша өмір сүрейін. Маған басқа ештеңе керек емес деп ойлады. Телефонын қосып қызына хабарласып жағдайын сұрады. Ертең алып кететінін айтты.
- Біржола сонда барамын ба мам?
- Иә, енді менің жанымда боласың.
- Әжем ше?
- Әжең жалғыз емес қой, немерелері бар. Мен ше қызым?
- Жарайды... деді Жұлдызай көңілсіз.
Ажар тұтқаны қойған соң телефонды тағы да сөндіріп тастады. Кино қарап жатып ұйықтап кетті.
Жалғасы бар...