Хикая

Денсаулық. Осы бір байлығымыз болмаса барша пенде мүсәпір күйге түсердей. Дегенмен ауырмай, сол байлығымыздың қадірін де білмей жатамыз. Кеше ғана жап-жақсы жүрген Балым түні бойы ауырып шықты. Оң жақ бүйірі шаншып ауырып, қайта-қайта құсып, тіпті су да іше алмай қалды. Бірнәрседен уланып қалған болар деп анасы білетін ем-домын жасаса да жағдайы одан әрі нашарлап бара жатты. Тіпті соңғы сәтте іші өтіп, ауруы жанына батып домалап жатып қалды. Қызына алаңдаған анасы дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарды. Дәрігерлер ұзақ тексеріп, «Соқырішек» деген диагноз қойып, шұғыл операцияға дайындай бастады.
Операция деген сөзді естіген Балым қорқып, анасына жылай бастады:
- Анашым, ішімді кесе ме енді? Қорқамын. Жасатпай-ақ қойайықшы...
- Қызым-ау, сәл шыдасаң, сезбей де қаласың,- деп жұбатқанымен, өзі де іштей уайымдап тұр.
Әр сәт маңызды деген дәрігерлер оны отаға дайындауға реанимация бөліміне алып кетті. Медбикелер қажетті анализдерін алып, оның жағдайын бақылауда. Көп өтпей анестезиолог келіп, оны терең ұйқыға жіберді.
Өң мен түстің ортасында жүргендей күй кешкен Балым өзін аспанда қалықтап жүрмін деп елестетті. Былтыр қайтыс болған әжесінің бейнесін алыстан байқаған қыз сағынышын басу үшін соған қарай жүгіре жөнелді.
 
Бірақ әжесі қатулы көзімен қарап, оған «кет» деген белгі беріп, әрі қарай кетіп барады. Әжесінің артынан қанша қуса да, жете алмай, бір сәтте дәл алдынан шыққан есікке тап болды. Жаңағы жылауын баса алмай, көз жасын әрең сүртіп әлгі есікті ашып, ақырын қарады. Ішінде бір бұрышта кітап оқып отырған аққұбадан келген бойы ұзын жігітке назары түсті. Екеуі де бір-бірін бұрыннан танитын жандай күлімдей қарады.

Аппақ бұлттар арасы. Әлгі жігіт қолынан қысып ұстап алған, екеуі бірге бұлттар арасында жүгіріп жүр. Махаббатқа, сезімге тола жүрекпен бақыттан басы айналған Балым қуаныштан бал-бұл жануда. Бір сәтте әлгі жігіт қолынан жіберіп, әрі қарай алыстай бастады. Жүрегі біртүрлі шымырлап кеткендей...
 
«Кетпе» тек ішінен қайта-қайта қайталауда. Әлгі жігіт «Мен келемін» дегендей белгі беріп, әлгі есігі жабық бөлмеге кіріп кетті. Әрі қарай бітпес есіктер... біресе жарық, біресе қараңғылық.

«Балым, Балым...» деген дауыстар алыстан еміс-еміс естілуде. Есімі естілген жаққа жүгіргенімен, әлгі дауыс біресе алыстан, біресе жақыннан естіліп, әбден есінен айырғандай...
Бұл уақытта ота сәтті аяқталып, Балымның есін жиғызуға көмектесіп жатқан медбике қайта-қайта есімін қайталап жатыр еді. Отадан кейін алғашқы үш күн қатты қиналған қыз палатада әр қимылдаған сайын жылап, тіпті тігіс орнын қайта таңу кезінде байбаламға да салатын. Жанына батқан кезде анасын шақырып, шыңғырып та жылайтын. Ересек қыздың бұл әрекетіне ашуланған медбикелер оны қатты сынға алып, ұрысып тастайтын.

Иә, иә Балым биыл ғана мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түскен бойжеткен қыз еді. Жақын арада арман қуып, Алматыға кетемін деп жүргенде мына дерт ойламаған жерден пайда болып, оның өмірін астаң-кестең еткендей. Еркелігі басым, бойжеткен кейде қыңырланып, бөлмесінде жатып та алатын.
 
Тек бесінші күні ауруы кішкене басылып, өзіне келе бастаған Балым бүгін жыламай қайта таңу бөлмесіне қабырға жағалай ақырын бара жатты. Медбикелер «Оооо, біздің еркетай қыз жыламай келе жатыр ғой» деп қалжыңдап та қояды. Әр қимылдаған сайын ауруы жанына батып бара жатса да, еріксіз күлімдеп әрі қарай қимылдай бастады.

Бір сәтте жүрегі тарсылдай кеткен Балым өзіне қарама-қарсы келе жатқан жігітті көріп, тоқтап қалды. Қайта таңу бөлмесінен ақырын шығып келе жатқан әлгі жігітте Балымды көріп, тұрған орнында қатып қалды. Екеуі бір минуттай жанарлары түйісіп, үнсіз тілдескендей.
Дәл сол жігіт. Ота сәтінде аспанда бірге қалықтап, жүгірген азамат дәл алдында тұр. Тілі байланып, не жүрерін, не жүрмесін білмей қалған Балым медбикенің «Сұлтанова» деген дауысынан селт етіп, әрі қарай ақырын қимылдай бастады. Дегенмен сол бір жұмбақ жігіт өзіне де қызық болып бара жатыр.

Күндегідей айқайламай, тілін тістеп, бәріне шыдап жатқан Балымның бүгінгі әрекетіне таң қалған медбике күліп қояды:
- Қызым-ау, тыныштық па? Ғашық болып қалдың ба?
- Не? – деп ойланып отырған Балым дереу қызара шықты, - Жоға, тек үйге қайтқым келеді.
- Ааааа, қайдан білейін... Жаңа Арман екеуіңнің көзқарастарың жаман еді ғой,- деп жымиды.
- Арман екен ғой есімі...
- Мына қыз шын ғашық болып қалыпты ғой, - деп күлген медбике дәкені ауыстырып жатып, - екеуің бірдей ота залына түстіңдер. Арман сенің артыңша өте ауыр жағдайда түсті. Оның соқырішегі жарылып кеткен еді. Өмір мен өлімнен әрең аман алып қалдық,- деп күрсінді. Еееей, жастық шақ-ай.... – деп тамсана қараған әлгі келіншек Балымды демеп, дәлізге шығуына көмектесті.

Өң мен түстің ортасында жүргендей күй кешкен Балым палатасына қалай келгенінде білмей қалды. Бірнеше күннен бері шашын тарамақ тұрмақ, айнаға да қарамай жүрген қыз дереу сөмкесінен айнасын тауып, өзін ретке келтіре бастады. Әлгі жігіт еш ойынан кете қоймады.

Сол күні түскі ұйқы кезінде көзі ілініп кеткен Балымға әлгі медбике жымыңдай келді.
- Біздің сұлу қыз бүгін құлпырып кетіпті ғой. Махаббат әсер еткен-ау,-деп күліп қояды.
- Қойыңызшы тегі... Сізде қайдағы жоқты айтады екенсіз,-деп ұялған қыз шашын дұрыстады.
- Жә, жарар. Келген мақсатымды айтайын. Мәжнүнің сен туралы сұрап жатыр. Мына хатты беріп жіберіп, сенің нөміріңді де сұрап жатыр,- деп жымыңдады.
 
Жүрегі тарсылдай кеткен Балым әлгі бір тілім қағазды әрең алды. «Сәлем сұлу қыз. Мүмкін танысармыз. Мынау менің нөмірім. Осыған бәлкім жазарсың. Болмаса нөмеріңді берерсің. Ең бастысы бұл хатымды жауапсыз қалдырмассың деп үміттенемін. Арман» . Күбірлей оқыған Балым медбикеге ұяла қарады. «Бол, тез нөміріңді жазшы мұнда» деген пысық медбике болса, қыздың нөмірін тез жазып алып, шығып кетті. Жүрегі дүрсілдеп, телефонына қайта-қайта қараған қыз өзіне де беймәлім бір күйді кешуде.

Көп өтпей-ақ өзі күткен хабарлама келіп түсті. Қолы дірілдей әрең жауап қатты. Бастапқы да қобалжып әрең жауап қатып отырған Балым, уақыт өте басылып, ашыла бастады. Осылай басталған хабарламалар легі әдемі қоңырауларға ұласты. Екеуі екі палатада жатып, күні-түні сөйлесетін. Жағдайлары да дұрысталып, бұрынғыға қараған орындарынан тұрып, әрі-бері жүре бастаған соң екеуі жиі дәлізде әңгіме де айтып отыратын.

Арман – үйінің тұңғышы. Биыл оқуды тәмамдап, жаңадан жұмысқа тұрғалы жүр. Қалауы Алматы болса да, ата-анасына қолқабыс болайын деп ауылынан кете де алмай жүр еді. Достары біршама уақыттан бері алып шахарға шақырса да, анасының тілегінен аса алмай жүрген Арманның сүйген қызы да бар еді. Мадина екеуі бір универде бірге оқып, қол ұстасып жүргендеріне де мінеки үш жылдан асты. Тек соңғы уақыттарда екеуі жиі ренжісіп, болар-болмасқа ұрысып жүр. Бәлкім қыздың қалауы ертерек тұрмысқа шығу да болар...
Сүйгені бола тұра, сол күні Балымды көріп жүрегі шымырлай кетті. Тіпті қызығы дәл осы қызды ота сәтінде түсінде көрген де еді. Сондықтан да жүрегін жаулаған жұмбақ арумен тілдесуді жөн көрді. Әп-әдемі, жас қыздың ерке қылығы жігітті күн санап баурап бара жатыр. Ал Мадина хабарласса түрлі сылтаумен тілдесуден қашқан жігіт тіпті сүйгені өзін іздеп ауруханаға келгенде де селқос қарсы алды.
Жаны қалмай жағдайын сұрап, сағынышын басқысы келген ару жігітті құшақтамақ болған еді:
- Түу, Мадина құшақтамашы. Ауырып тұрмын,-деп суық жауап қатты.
- Жаным, саған не болды? Мұндайың жоқ еді ғой.
- Енді біз қазір өз ауылымыздамыз. Таныс бар, туыс бар дегендей. Ұят емеспе? Бір жағы ауырып, әзер тұрмын,- деген жігіт ішке кіруге тырысты. Бұл кездесуді Балымның көрмегенін қалаған жігіт кетуге асықты.

Сүйгені тарапынан бір суықтықты сезген Мадина болса жүрегі шымырлай, күдік пен ой құрсауында үйіне қайтты. Дәліз бойымен ақырын келе жатқан Арманның алдынан дәл сол сәтте Балым да шыға келді. Сасқалақтап қалған жігіт жан-жағына қарап, алаңдап Балымға не айтарын білмей әбден сөзден адасты. Біресе күліп, біресе қалжыңдап тұрған жігітті түсінбей қалған қыз болса мән бермеуге тырысты. Екеуі әдеттегідей дәліздегі диван жанына келіп тұрды.
Әкелген заттарын беруді ұмытқан Мадина дәл сол сәтте артына қайтып, Арман жатқан бөлімге қарай қайтты. Кіреберісте заттарын беріп жіберетін медбикенің жоқтығын көріп, шақырғанымен ешкім келе қоймаған соң ақырын ішке кірді. Өзіне таныс дауысты естіп, күлімдеп келе жатқан қыз бір сәтте тұрған орнында қатып қалды...
Жаңа ғана ауырып, палатасына барып жатамын деп жатқан сүйгені өзге қызбен қалжыңдасып тұрғанын көріп, көзінен бір тамшы жасы домалай кетті. Неше күннен бері алаңдап, күні бойы қанша рет хабарласса да, дұрыстап жауап қатпай жүрген жігітінің не үшін бұлай жасағанын енді түсінгендей.
Бөлімге бөтен жанның кіргенін байқаған медбике дереу Мадинаны «Кімге келдіңіз? Мұнда кіруге болмайды» деп шығуын сұрады. Жанарына келіп қалған жасын іркіп қалған Мадина медбикеге әрең сөйлеп, Арманға беруін сұрады да, бөлімнен шығып кетті. Түсінбей қалған медбике болса заттарды ұстай Арманға қарай беттеді.
- Оооо, қос қарлығаш мұнда тұр екенсіңдер ғой. Ал күйеу бала мынау саған. Бір қыз әкеліп тастады. Өзі біртүрлі қобалжулы еді,- деп түсініксіз қарады. Дәл сол сәтте телефонына хабарлама да түсе қалды:
«Неше күннен бергі өзгерісіңнің себебін енді түсіндім. Бақытты бол!» деген бір жол хат еді. Өңі бозарып кеткен Арман телефонын ала Балыммен қоштасып, палатасына кіріп кетті. Қанша жерден Балым десе жүрегі дүрсілдеп, оны көрген сайын өзін махаббаттың жетінші аспанында жүргендей күй кешсе де, Мадинаға деген қимастық сезімі онымен қоштасуға еш жіберместей еді. Қанша хабарласса да ренжулі қыз телефонын сол күйі алмады. Бар ақталуын жазып, хабарлама жазғанымен, жүрегі жаралы қыз мүлдем жауап қатпады. Кешке дейін қанша жазса да, еш жауап қатпаған қыз тек түнгі он екіден асқанда ғана жауап қатты.
- Сонымен ол кім? Қалай ақталасың?
- Неге дереу жаман ойлайсың? Ол жәй ғана қыз ғой. Неге көрінгеннен қызғанасың?
- Қызғану? Сеніңше, сүйгенің өзіңмен дұрыстап та сөйлеспей, мән бермей, ал басқа қызға қалжыңдап, шашын түзеуі норма ма?
- Көп сөйлей бермей телефон алшы. Дұрыстап сөйлесейік,- деп ашуланған жігіт Мадинаға хабарласты. Ұзақ уілден кейін әрең алған қыз Арманды тек тыңдаумен отырды. Ұзақ сөйлесіп, қайта жарасқандай болған екеуі бұл тақырыпты өткеннің еншісіне қалдырды.

Ал күн сайын түрлі хабарлама мен қоңырауымен өзін әбден баурап жігіттің бірден өзгеріп шыға келгеніне түсінбей қалған Балым болса, сәт сайын телефонын аңдумен болды. Жағдайы дұрысталып, ертесіне ауруханадан шыққан Балым енді Арманды көрмесіне сене алмады. Жүрегі біртүрлі жалғыз сезініп, оны қимаса да, үйіне оралды. Аңдығаны телефон. Арман болса бұрынғыдай қоңырау шалып, хабарлама жазуын да сиреткен. Күніне тек үш-төрт рет хабарлама жазбаса, былай қоңырау шала қоймайтын. Ол да үйіне шығып, Мадинаға көбірек көңіл бөлуге тырысып жүр. Анасы да Мадинаны жақсы танитын. Сондықтан баласына жиі үйлену туралы да айтып жүр. Бірақ сезімнің сергелдеңіне түскен жігіт осы бір маңызды шешімге еш мойын бұрғысы келмеді. Қанша жерден Мадинамен тілдесіп жүрсе де, Балымның хабарламасын оқыса оған деген жүрегі алып-ұшып кететін. Дегенмен болашағы әлі алда жас қызды жанында еш көре алмайтындай…
 
Жалғасы бар...
"Әсерлі әңгімелер" топтамасынан