Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – жас ақын,аудармашы. 1994  жылы дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Өлең жазуды  жеті жасынан бастаған ол көңілдегісін еркін жеткізеді. Республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері. Туғалы  көз жанарының нашар көруі мен сал дертіне шалдыққан. Өлеңді зағип әліппесімен жазады. Мейірханның туған күні қарсаңында  анкеталық сұрақтарға берген жауабын ұсынып отырмыз.

 

                       Өзекті он сауал

 - Өмір  қиындықтары сізге не үйретті?

- Көп нəрсе үйретті. Адам бола білу мен адам деген атқа лайық  болып өмір сүруді үйретті. Себепсіз жақсы көру мен құрмет тұта білуге дағдыландырды

- Ана тіліңізден  басқа қай тілде жиі сөйлейсіз?

- Қазақ, орыс, түрік тілінде көп сөйлеймін. Əжемнің үйреткен тілі болған соң грек жəне əзірбайжан тілін жадымнан шығармауға тырысамын.  Көз жанарым нашар көруіне байланысты алты жасымнан брайль əліппесін жəне француз тілін  үйренгенмін.

Жігіт ретінде қандай арулар ұнайды?

- Маған  ішкі жан дүниесі бай қыздар ұнайды. Сыртқы келбетінен гөрі жан сұлулығы маңызды.  Қыздың шашы  ұзын бұрымды болғаны ұнайды.

Жиі ғашық боласыз ба?

-Жоқ. Ұнатуым мүмкін. Ғашық болмаймын.

- Жүрегіңіз бос па?

-Жоқ. Жүрегімнің ханшасы бар.

- "Эфир. Өмір. Өлең" жобаңыз жайлы айттыңыз. Эфирге шығуды армандайсыз ба?

- Жоқ. Мен эфирге шығуды қаламаймын жəне камерамен қатты дос бола алмаймын.

-  Сүйікті ақыныңыз?

- Жемал Сүрея мен Медине Гүлгүн. 

Нені жиі армандайсыз?

- Түркі жұртым түгел болып, елім аман болып, ауырмай күн кешуді армандаймын.

-Сізді жиі қынжылтатын  жағдай?

- Мені өтірік аурумыз деп, елді алдайтын жандардың ісі қынжылтады. Солардың əрекетінен жұрт мейрім деген-ді ұмытады. Сенімі азаяды. Талай көмекке зəру жанның үніне қоғам құлақ аспайтын болады. Сондықтан, бір күндік асыңызды адал тауып, адамдардың аяушылық сезімін пайдаланудан адамдар алшақ болса игі еді.

Бақытты болу үшін ең қажет нəрсе?

- Жаратқан жаратқан бар нəрсені жақсы көре білу -бақыттың кілті.  Есепсіз, ренішсіз өмір сүру - шын бақыт.