- Дəурен аға, өткен туған күніңізбенен! "El24.KZ" порталының ұжымының атынан құттықтаймыз. Шалқар шабыт тілейміз! Əңгімемізді балалық шағыңызға сапарлап қайтсақ. Қандай бала болдыңыз?

 - Рақмет! Екі "үшке" кеп жатқан жайымыз бар. Отыз үшке. Бала кезім нағашы жұртымда өткеннен бе, аздап ынжықтық, ұяң һәм ұялшақ болдым. Өз жұртың болмаған соң, өз руыңның асын ішпеген соң, өзімді сол ауылда бөтен көргенім рас. Мейірімге зәру мені өз балаларынан кем көрмеген анамның ағасы, қара шаңырақтарында анамның анасы мәпелеп, бақты. Тәттісін алдымен менің ауызыма ұсынатын еді. Қазірде екеуі де бақилық, жандары жаннаттан болсын!

  Қазіргі заңға қарап отырсаңыз, ажырасқан отбасы балаларын анасына бергізеді. Өз руынан тыс бала, жеті атасын білмей, шежіресінен сыр шерте алмай, өзге топырақта аунай алмай, сарсаң күйге түсіп, "жиен ел болмас-ты" ести-ести ол ортаға сіңісе алмасы хақ!

Балалық шақты қозғай берсем мұңлы да трагедиялы роман боп шығар. Осы да жетер.

 

- Бала Дəурен мен аға Дəуреннің ұқсастығы мен айырмашылығы.

-Айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, бала Дәурен тек ЖОО қабырғасында ғана көзі ашылып, тағдырына мойынсынып, достар тауып - сөзімді сөйлер, алғаш аруға ғашық болып, оңды ортаға кез боп, өз ойын ашық айта алар, баяғы ынжықтықтан із қалмай, күрт өзгердім.

Ал, ұқсастығын тек түр-әлпеті мен мейірімділігінде ғана қалған.

 

- Аға, əңгімеңіздегі шығармашылығыңызға қарай бұрсақ.

Сіздің болмыс қабылдамайтын дүниелер?

- Ол, әдебиеттегі жалғандық. Сөз ойнатам деп, туындының шынайылығынан айыру. Өмірде шыншылмын деп, өлеңде өтірік айту.

Мектеп, ЖОО қабырғаларында біраз өлеңдерім өртеп тастадым. Қиялдан туған, бастысы - өтірігі шылқыған дүниелер еді.

Оған себеп, Б. Алдиярдың дәптерімнің ішінен бір шумақты ғана оқып, жаба сала: "жыртып-жыртып" өртеп таста дегенісі болды осыдан он жылдан астам уақыт бұрын. Тамағымды өксік кенеп (оңай емес болды ондай сөз есту), айтқанын дәл солай еттім. Жылдар өте әйтеуір өзімді дәлелдеп бердім. Солай, қойған осы сұрағыңның жауабы болсын болмысым қабылдамас дүниелерім.

 

- Қаламның қадірін ұғатын адам саны азайған сайын өлең оқитындар қалмайды". Бұл - София Марсель есімді француз ақынының пікірі. Пікірмен келісесіз бе?

Сізді халыққа ақын ретінде тантқан өлең деп қай өлеңіңізді айтасыз?

- Мен кейде Жұмекен, Мұқағали, Қадір, Тұманбай сияқты классиктер заманын аңсаймын. Ол бір қазақ әдебиеті үшін алтын дәуір болғанын білеміз. Ақынымен әкімі мақтанар заман болыпты. Оқырман мен қалам қадірін түсінгендер жүз пайыздық көрсеткіш берсе, статистикасымен келісер едім. Қазір басқаша. Әкімімен ақыны мақтанған замандай. Әкім-қара, шенді мен шекпендіге, шенеуніктер қанатының астына кіріп алып, арнауды қатырады. Есебін түгелдеулері шығар олардың. Нарық заманы ғой.

  Ал, халыққа танытқан мынау өлеңім еді деп айта алман. "Соцопрос" жасамаппын)))

Дегенімен, меніңше, олар – Ана, "Сары жапырақ - сарғайған жүрек", "Асық жайлы", сосын күз тақырыбында көп жазам, солар да болуы мүмкін.

 

- Ақындықты азап дейміз, бақ дейміз. Сіздіңше, азап па, бақ па?

- Кейде бақ, кейде сор. Бақ дейтінім шығармашылығымызбен шамалы болсын танылдық. Біраз бәйгелерден бірінші келдік. ТВ, газет-журнал, радиолардан атымыз атала бастады.

  Сор дейтінім, ол - отбасыммен жиі болатын жанжалдар, карьера қумағаным, жұмыстан шығармашылық деп көп шығып кететінім, бала-шағаны қалдырып ел аралап жүретінім. Ақша таппаған ақындықтың не керегі бар...

Өлеңді отбасымнан жоғары қойғанымды кейін түсіндім. Ақындығың боп, азаматтығың болмаса – жартылай ақынсың.

- Мағынасыз мəтіндердің жиі əнге айналуына көзқарасыңыз?

- Бұл деген мына дағдарыстан көз ашпаған халықтың кітап оқуға уақыты болмай, бала-шаға асыраймын деп, нағыз өнерден қол үзіп қалып, талғамын жоғалтып алғанында деймін. Қазір ауыз ашқан әнші, муз.дипломы барлардың бәрі сазгер. Әріп таныса болды - әнге текст жазуға құмарлар.

  Сонда да, мықты ақындар бар әнге сөз жазса хит атанар.

  Көп ескертемін өзімнен кішілерге. "Ән алдымен мықты, сөзі сосын одан асса, орындаушысы жүрекке жеткізе алса, осы үшеуі: сазгер, ақын һәм орындаушысы өлмес туындылар авторы" деп.

 

- Өлең өлкесіне қанат қаққан əрбір жас аға-апаларды жағалау бағзыдан келе жатқан дəстүр. Сізге де ақын іні - қарындастарыңыз жазғанын көрсетуге келетін болар...

- Ия. Болды. Әлі де әкеліп көрсетіп жатады. Жоғарыда Бақытжан аға мені қалай қайрады, мен де іні буынды жылатып жіберердей сын айтып, алға ұмтылдырамын, ерегестіріп. Қазірде екі-үш інім "әбден қинайтын едіңіз, рақмет!" дейді. Мақтау адамды өсірмейді, шығып келе жатқан баспалдақта қалдырады да қояды, "еее, биіктік деген осы екен ғой" дегізіп.

 

- Азамат ретінде хəм ақын ретінде қоғамдағы сізді жиі ойландыратын мəселе қайсы?

- Соңғы кезде ең басты бас ауыртатын тақырыбым латын әліпбиіне көшу. Апострофты мына балақтан басқа шыққан үтірлерді ұсынып отырған арнайы институттың діттегені не екені уайымдатады. Ұлт тәрбиесі. Тіл. Дін. Ойландырмайтын мәселе адамда тек - ұйқы мен күлкі ғана болар... Көп қой айта берсем ұшы-қиыры жоқ тізім жасалынар.

 

- Бойыңыздағы өзіңіз танып білген үш кемшілік?

- Баукем айтпақшы: темекі, ішімдік, әйел.

- Өміріңізде сатқын достар кездесті ме? Сол сатқындық жасаған жандармен қайта араласқан сəтіңіз болды ма?

- Кекшіл емеспін. Кешірімшілмін. Тез ұмытамын. Ешкім періште емес.

 

- Арманыңыз қандай?

- Арман адамды алға сүйрер күш болғандықтан, бірі орындалса келесі арманға ұмтыласың.

Жақындарымның амандығы басты арманым. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуеті жақсарса. Ал, шығармашылықтағы арманым, Абай айтпақшы махаббаттан парасатқа тезірек ойыссам екен деген. Себебі, Өмірімнің үштен бірі махаббатқа арналыпты өлеңдерім.

 

- Соңғы сауал, Қазақ поэзиясын əлемге танту үшін не істемек керек деп ойлайсыз?

- Бұл сұраққа маған жауап беру әлі қиындау. Көзі тірі классиктерден сұраңыз. М. Мағауин, М. Шаханов, М. Байғұт, Т. Нұрмағамбет, О. Сүлейменов сияқтылардан.