Республикалық "Жас Алаш" газеті бас редакторының орынбасары,қаламгер Оралхан Дәуітпен сұхбат
- Оралхан аға,кеше ғана кітабыңыздың тұсауы кесілді,құтты болсын ! Әңгімемізді осы " Ақ самаурын" атты кітабыңыздан бастасақ...
- "Ақ самаурын" -- менің тұңғыш кітабым. Жиырма жылдан астам уақыттан бері осы журналистика саласында еңбек етіп келе жатсам, содан бері осындай қызық оқиғаларды қағазға түртіп қоя берген екенмін. Сол дүниелерді жинақтап, топтастырып, кітап етіп шығардым. Әрине, бұрын-соңды танымал жазушы болмағандықтан өзім Алматыда жүрсем де кітаптың тұсаукесерін өткізуге ұялдым. Әйтпесе, достарым студент жастарды жинап, үлкен залда кездесу өткізейік деген ұсыныс айтқан. Қарсы болдым. Оқырман қауым осы кітабымды оқып, қандай дүние екенін білсін, оқысын, таныссын, содан кейін-ақ кездесу ұйымдастырармыз деп шештім. Одан гөрі жазушы ағаларымды, әріптес достарымның басын қосып, ақ самаурынмен шай беруді жөн көрдім. Ал, Тараз бен Шымкент қаласындағы әріптестерімнің басын қосып, кішігірім түрде кітаптың тұсаукесерін өткіздік. Бұл екі өңірде жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Сондықтан үн-түнсіз жата алмадым. Әйтеуір, елдің кітапқа деген ықыласы жаман емес.
- Самаурын десе, ардақ ақсақалы бар ауыл суреті жадымызға оралады. Самаурын деген сөзді естіген кезде сіздің жадыңызға келетін суреттер қандай?
- Бұрқырап тұрған самаурын негізінен ауылға тән көрініс қой. Бұл кітаптың ішінде де негізінен ауыл өмірі, ауыл адамдары, солардың қызықты оқиғалары, өзімнің басымнан өткен, әріптес-дос, таныстарымның басынан өткен қызықты жәйттер баяндалған. Әрине, стилде бір өзгешелік бар сияқты. Тым қарапайым боп көрінуі мүмкін. Бірақ, осы стилден ауытқығым келмеді. Бәлкім, алдағы уақытта тағы да әңгіме жазып жатсам, стилімді тағы да ширатуға тырысамын. Әзірге, оқырман қауымға салмақ салғым келмеді. Бұл кітапты оқыған адам бірден түсінсе екен, астарлап қандай ой айтайын деп тұрғанымды бірден аңғарса екен деген мақсат болды.
- "Қаламның қадірін ұқпаған жанмен сұхбаттасуда бос əурешілік". Бұл - Неслишаһ Эрген есімді түрік қаламгерінің пікірі. Аға, біздің қоғамда қаламға құдірет деп қарайтындар көп пе?
- Әрине, әдебиеттен алыс адаммен кітап туралы сөйлессең, әңгімеңнің үйлеспейтіні анық. Менің аңшылыққа құмар достарым бар. Бастары қосыла қалса, тауға барғандарын, қаншама күн бір қуыста тапжылмай жатып, аңды әрең атып алғандарын жыр қып айтады. Әрине, ол да кәсіп, ол да бір құмарлық қой. Бірақ, бұл тақырып мен үшін қызық емес. Достарымның әңгімелеріне ілесе алмаймын. Бұл да сол сияқты ғой. Қаламға құдірет деп қарайтындар баршылық қой. Бірақ, екінің бірі өлең жазып, кітап шығарып, қаламның да қадыр-қасиетін қашырып алдық па деп ойлаймын. Дегенменде шын талантты елдің өзі-ақ мойындайды.
- Жаһандану заманындағы қазақ баспасөзінің бағдары не болмағы керек?
- Әрине, заманға сай көп іздену керек. Жан-жақты болуы қажет. Бірақ, қандай заман болса да баспасөздің басты мақсаты, басты бағдары -- шындықты жазу, ақиқатты көрсету болса керек. Батыл болуы керек.
- Журналист ретінде ,қазақ журналистикасы бүгіні мен келешегіне деген ойыңыз қандай?
- Қазақ журналистикасы күн өткен сайын қуат алып келеді. Бәлкім, мен үнемі Оңтүстікте жұмыс істеп келе жатқандықтан болар, биліктің қазақ журналистикасын мойындайтынына көзім жеткен. Қазақ журналистерінің ынтымақ-бірлігі де жаман емес. Бұл салада буын алмасып, уақыт өткен сайын дами береді, дами береді.
- Қаламгер бақыты дегеніміз не?
- Жазған дүниелеріңді ел жапа-тармағай таласып алып жатса, оқып жатса, әңгіме арасында айтып жүрсе, көрген жерде танып, құрмет көрсетіп жатса, бұдан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
-Азамат хәм қаламгер ретінде сізді ойландыратын мәселе
- Әрине, толғандырып жүрген мәселе көп. Қазір елді латын әліпбине көшу мәселесі толғандырып жүр ғой. Шамасы жеткеннің бәрі өз ойларын айтуда. Жасыратыны жоқ, билік бұл мәселеде батыл қадамға барды. Апостроф, үтір, нүктелер уақыт келе еленіп, түзеледі деп ойлаймын. Бірақ, біз осы жағына көп мән беріп, орыс сыныптарының бұрынғы әліпбиімен қалатынына онша көңіл аудармай жатқан сияқтымыз. Бұл бір елді, бір халықты екіге бөліп жібере ме деген қаупім бар. Бір ел -- екі әліпби, бұл қалай болды сонда?
- Сұхбатыңызға рахмет!