Жайсаңбаева Аделаида Қыдырбекқызы
Қызылорда телеарнасының «Жаңалықтар» жүргізушісі
Армысыз, Аделаида ханым! Есіміңіз не мағына береді жəне кім қойған?
Армысыз, құрметті оқырман! Ерекше есімім Австралиядағы əсем қала Аделаиданың құрметіне қойылған. Мен дүниеге келгенде əулеттің үлкендері есімімді Аида деп қойғысы келген екен. Алайда, əкем тұла бойы тұңғышының есімі ерекше болуы керек деп Аделаида атаған. Мағынасы - ежелгі неміс тілінен аударғанда текті жерден шыққан дегенді білдіреді. Бірақ, үлкендер өздеріне таңсық сөзді айта алмай, еркелетіп Аида деп атап кеткен. Сол себепті біреулер Аделаида десе, енді біреулер үшін Аидамын.
Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз...
Туған жерім - Қызылорда облысы, Шиелі ауданы. 9 сыныпқа дейін #46 Пушкин атындағы мектебiнде оқып, кейін Қызылорда қаласындағы Исатай Әбдiкəрiмов атындағы аграрлы-техникалық колледжiнде "Диспетчер-оператор" мамандығы бойынша білім алдым. Колледжден соң Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетін тəмамдадым.
Телевизия саласына қалай келдіңіз?
Телевидениеде еңбек ету менің бала арманым. Кiшкентайымнан сахнада, теледидарда жүргізуші болсам деп көп армандайтынмын. Бірақ мамандығым басқа болғандықтан бұл тілегімнің орындалуы мүмкін еместей көрініп, жолым басқа арнаға бұрылды. Жұмыстың жайын ыңғайлап жүргенде, өмірлік жарымды кездестірiп, 2011 жылы тұрмысқа шықтым. Араға бір жыл салып, тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Бала күтімімен үйде отырған кезде анам: "Аида, сен қандай жұмыс істегің келеді, қызымыз 1 жастан асты. Жұмыс жайын қарастырып көрермiз",- деді. Жүрек түкпіріндегі тілегім тележүргізуші болу екенін айттым. Ол кісі артық ауыз сөз айтпады.
Тек журналистік дипломым, жұмыс тəжірибем жоқ менің қалайша жүргізуші бола алатынымды түсінбейтінін айтты. Кейін менің көзімнен осы кəсіпті меңгеруге деген ерекше ықыласты байқаған болуы керек, бағымды сынап көруге қарсылық танытпайтынын, қолдайтынын білдірді.
Осылайша, бұрын-соңды білмеген, көрмеген саланы игеруге бел буа кірістім. Облыстың ақпарат айнасы, Қазақстан-Қызылорда телеарнасына барып, түйіндемемдi өткіздім. Жауапты бiраз күткенім есiмде. Арада апта, айлар өтiп жатты. Бір күні ұялы телефоныма белгісіз нөмірден хабарласып, телеарнаға кастингтен өтуге шақырды. Бұл сынаққа тыңғылықты дайындалдым. 2013 жылдың 10 шілдесінде кастингке барып, алғашқы тыңдаудан өттім.
Телеарна басшысы Жағыпар Қарабала əріптестеріме мені он күн қосымша дайындықтан өткiзуiн тапсырды. Бір апта өткен соң қайта тыңдаудан өттім. Осылайша, өзім армандаған телевизия əлеміне қадам бастым. Телеарнаның алтын дауыс иесі, мықты диктор, білікті ұстаз Гүлайым Жанұзақова апайымнан ұзақ уақыт бойы сабақ алып, білмегенді үйрендім, тəжірибе жинадым. Мiне, сол уақыттан бері телевизия саласы өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Алғашқы кездегі қиындықтар мен қызықтар жадыңызда ма?
Əрине, журналистика, телевидение саласының қыр-сырын білмейтін мен үшін алғашқы кезде қиын болды. Бірақ осы жолда бір нәрсені түсіндім. Егер адам баласы мен арманыма қалай болса да жетемін деп қиындықтан тайынбай еңбек етсе, түбінде еңбегінің жемісін көреді. Қиындық әлi күнге дейін кездеседі, əрбір тiкелей эфир алдында жүрексiнемiн. Себебі, жаңалықтар шығарылымы, тікелей эфир, өзіңе көз тіккен жүздеген көрермен дикторға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті өзімді жетілдіруге күш салып келемін. Ал, қызықты сәттер телевидениеде өте көп.
Алғашқы ысылу жолындағы еңбектеріңіз арқылы не үйрендіңіз?
Мен осы жеткенім жеткен, болдым-тойдым демеймін. Əлі күнге дейін ізденіп, өзімді қамшылап, шеберлігімді шыңдап келемін. Солай жалғасады да. Өз ісімнің кəнігі маманы болу жолында жалқаулыққа салынбаймын, жеткеніме тоқмейілсімеймін. Осы жерде бір жағдайды айтып кетейін.
Бірде жаңалықтар шығарылымын жүргізіп отырып, қатты қобалжыдым. Соның салдарынан біраз уақыт эфирден шеттетіліп қалдым. Эфирден қол үзу маған ауыр соққы болды. Бірақ , сол сəтсіздікке еш мойымай, қатемді түзеуге бар ынтамды салып, сүйікті кəсібіме қайта қосылдым. Сол жағдай маған сабақ болды. Бұл салада отқа салса күймейтiн, суға түссе батпайтын ерік-жігері мықты жан өз iciнiң нағыз майталманы болып шығады.
Сіздіңше, "Жаңалықтар" бағдарламасының өзге бағдарламалардан ерекшелігі қандай?
Жаңалықтар бағдарламасының өзге бағдарламалардан айырмашылығы - оның жылдамдығы мен шынайылығында. Болған оқиға мен қызықты ақпаратты көрерменге уақытылы əрі нақты жеткізе білуде.
Эфир - əдемілік пен əсемдік тоғысуы десек болады. Бет-ажарыңызды қалай күтесіз?
Бет-ажарымыз біздің ең бірінші "визитная карточкамыз". Жас болғандықтан шығар бетіме ерекше күтім жасамаймын. Табиғи əдемілікті сақтауға тырысамын.
Сіздің ұғымыңыздағы əдемілік дегеніміз не?
Менің ұғымымдағы әдемілік ол - iшкi жан-дүниеңнiң байлығы. Жан-дүниең жылулыққа, жақсы ойларға толып, адамға әрқашан қол ұшын созуға дайын болсаң - міне менің ұғымымдағы əдемілік осы.
Тележүргізушіліктен басқа қандай кəсіппен айналысасыз?
Тележүргізушіліктен бөлек қыз - келiншектердің өздерін əдемі сезінуiне көмектесемін. Яғни, сұлулық салонында бет әрлеумен айналысамын. Одан кейінгі сүйікті жұмысым - əйелдер киімі дүкенінде модель қызметін атқарамын. Негізі екеуін де жұмыс деп қабылдамаймын, бұлар менің хоббиім.
Отбасының ұйтқысы болу үшін əйел адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек деп санайсыз?
Отбасының ұйытқысы болу үшін әйел адам бiрiншi кезекте сабырлы, жүрегінде иманы болуы керек. Қандай жағдай болмасын ақылға салып, отбасында ыдыс-аяқтың сылдырламауына, ұрыстың болмауына мүдделі болғаны жөн. Және де үйдің үлкендерін, ер азаматын сыйлап, оларды көкке көтеруі қажет.
Өзіңізді үш сөзбен суреттей аласыз ба?
Аяулы Ана. Сүйікті жар. Өмірге ғашық жан!
Көпшілік қауымға айтар өзіңіздің ақжарма тілегіңіз болса...
Өмірге ғашық болыңыздар ! Жүректеріңiзден иман кетпесiн ! Әр отбасыға Алла жар болып, қуанышты күндерімiз көп болғай!