Ақтауда Каспийдің тағдырына қатысты геосаяси тарихи шешім қабылданғалы жатыр. 

Өйткені алдағы жексенбіде Каспий маңы елдерінің 5-інші саммитінде  Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан мен Түркіменстан президенттері теңізді бөлу бойынша келіссөздер өткізеді. Сондықтан қазір Ақтауда соңғы дайындықтар пысықталып, жерде, әуеде , теңізде де қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. 
 
- Ел тарихында бұған дейін бірде-бір облыс орталығына 5 бірдей президент келіп көрген жоқ. Оның үстіне бірнеше мемлекеттің басшысы   мен олардың ауқымды делегациясын  қарсы алу да оңай шаруа емес. 
 
Саммитті  халықаралық протоколдың  ең жоғарғы талабы бойынша өткізу облыс әкімдігі үшін де үлкен сын.
 
 Сондықтан ақтаулық атқамінерлердің күллі әлем көз тіккен маңызды саяси жиынға барын салғандары көрініп тұр. Мәселен, орталық көшелердегі 16 шақырымдық жолды жөндеуге 2 миллиард, ал гүл отырғызуға бюджеттен 823 миллион теңге жұмсалған.
 
 Сөйтіп, Ақтау рекордттық уақыттың ішінде гүлденіп шыға келді. Президенттер баратын Каспий жағалауы да адам танымастай өзгерген. Жартастың бойымен салынған жолмен мемлекет басшылары жүріп өтіп, теңізге бекіре балығын жібермек. 
 
Мәртебелі меймандар Жағалауда бой көтерген амфитеатрды да тамашалайды. Екі жылда салынуы тиіс нысанды құрылысшылар бар болғаны 60 тәулікте тұрғызып болыпты. 
 
Далер Нұроллаев, Ақтау қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің инспекторы: - Мерзімді сәл қысқартып, 280 брусчатка салатын адамды шақырдық. Екі ай ішінде 40 метр квадрат төсеп тастадық. Ал саммит осы Достық үйінде өтеді. Қазір оның сыртында да ішінде қызу қарбалас. 
 
 5 елдің президенті мен делегациясы отыратын орындықтар қайта-қайта тексерілуде. Оның үстіне  халықаралық протоколдың талабына сәйкес, әр сөз, әр қимыл секундына дейін ескерілуі шарт. Ал Достық үйі  көп күттірген қонақтардың  келуіне сақадай сай отыр. 
 
Амангүл Жайылханова, Маңғыстау облыстық әкімі аппаратының өкілі: - Бірқатар кабинеттерді жаңаладық. Енді мұнда қойылған  жиһаздар Кремльдегіден де бір кем емес. Барлық талапқа сай деуге болады. «Каспий бестігінің» талай жылдан бері келісімге келе алмай жүргеніне теңіз қайраңындағы  мұнай, газ және бағалы  балық себеп . 
 
Енді осы мол қазынаны тараптар теңдей бөліп, шекарасын белгілеп заңдастырып алуы қажет. Бірақ бұл жерде келіспеушілік көп. Иран мен Түркіменстан байлықты бірдей пайдаланып теңіз табанын 20 пайыздан қақ бөлейік десе, Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан шекара сызығымен тең бөлуді талап етіп отыр.
 
 - Бірақ осы 5 мемлекеттің ішінде Каспийдің ең үлкен бөлігі яғни 2340 шақырымдық жағалауы  Қазақстанға тиесілі. Сондықтан үлес бөліске түскенде осы жағы ескеріле ме? Бұны Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Құрбанғұлы Бердімұхамедов, Илхам Әлиев, Хасан Рухани, бірнеше сағаттарға созылатын келіссөздер барысында шешуі керек. 
 
Президенттер өзара келісімге келсе, Қаспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияға  қол қойылып, 20 жылға созылған дауға ақыры соңғы нүкте қойылғалы тұр. 

Автор: Ербол Сейілхан
Дереккөз: ktk.kz