Oблыстық пікірсайыс турнирі
2017 жылдың 27-28 қазан күндері Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының №16 ЖББОМ қабырғасында өздерінің азаматтық көзқарастары мен ұстанымдарын, пікірі мен ұшқыр ойын дәлелді түрде айта алатын облысымыздың пікірсайыс клубтарының үздік мүшелері жиналды.
Турнирдың негізгі мақсаты қазіргі таңда өзекті мәселе болып табылатын – діни экстремизм мен терроризм мәселесіне жастардың назарын аудартып, аталған мәселеде жастардың жауапкершілік сезімдерін арттыру және дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерін айқындап, жастардың арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, пікірсайыс турнирлері арқылы жастар арасындағы ақпараттық-түсіндіру топтары қатарында жұмыс жасай алатын болашақ спикерлерді анықтау және дайындау.
Турнир Қарағанды облыстық Дін істері басқармасы мен Сәтбаев қаласының әкімдігінің қолдауымен және Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Пікірсайыс турниріне Қарағанды облысының жалпы 5 қала мен 2 ауданынан 29 топ қатысты. 3 кезеңнен тұратын турнирдің кезеңдерінде әртүрлі тақырыптар қамтылды. I кезеңде «Бұл палата террористік қылмыс жасаған тұлғаларды азаматтықтан айыруды жөн санайды», II кезеңде «Бұл палата террористік акт жасаған қылмыскерлерге қатысты өлім жазасын қолдану тиімді деп санайды» және III кезеңде «Бұл палата ҚР-да діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресудің тиімді механизмін ұсынады» тақырыптарында пікір таластырды. Турнирге қатысушылар пікірсайыстың Карл Поппер - құндылық және саяси форматтарында ойын көрсетті.
Жастардың шығармашылық, шешендік шеберлігін шыңдауға; әлеуметтік-белсенді тұлғаны қалыптастыруға, оқушыларды қоғамдық өмірге саналы түрде және белсенді қатыса алуға жаттықтыруға бағытталған пікірсайыс түрнирінің құрметті қонақтары:
- Төлендина Айгүл Косманқызы – Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары;
- Далабаева Гүлнар Бакенқызы - Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастары проблемаларын зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары;
- Жайлаубаев Бақытжан Өміртайұлы – Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы;
- Есмурзаева Гүлсім Пазылқызы – Сәтбаев қалалық білім бөлімінің әдіскері.
Турнирдің салтанатты ашылуында сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Төлендина Айгүл Косманқызы дебат өнерінің өскелең ұрпаққа деген игі пайдасы мен ата-бабаларымыздың сөз қадірін түсініп ел аралық кикілжіңдерді де оң шешіп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастары проблемаларын зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары Далабаева Гүлнар Бакенқызы талқыланғалы отырған тақырыптар қазіргі қоғамдағы актуалды екенін және турнир қатысушыларына ұшқыр ой мен жаңашыл идеялар, шабыт пен әдемі ойын тіледі.
- 2 - күнге созылған талас-тартысқа созылған ойын қорытындысына сәйкес жалпыкомандалық I орынға Жезқазған жастар орталығының «Ақиқат» тобы, II орынға Сәтбаев қаласының №16 ЖББОМ-нің «Президент» тобы, III орындарға Балқаш қаласы №92 гимназиясының «Ақиқат» тобы мен Жезқазған қаласы №1 мектебінің «Президент» командасы ие болды. Турнир қорытындысына сәйкес «Ең үздік спикер» номинациясына Қарағанды қаласы №68 МИББ кешені «Массагет» тобының мүшесі Бахиева Жадыра ие болды. Үздік спикерлер номинациясына ие болғандар: Серік Нұрсұлтан («Авангард» тобы, Сәтбаев қаласының Оқушылар сарайы), Нұрлан Гауһартас («Авангард» тобы, Сәтбаев қаласының Оқушылар сарайы), Тұңғышбек Арман («Президент» тобы, Сәтбаев қаласының №16 ЖББОМ), Сахитжанов Дәурен («Президент» тобы, Сәтбаев қаласының №16 ЖББОМ), Шохан Камила («Президент» тобы, Жезқазған қаласы №1 мектебі), Жүрсін Айғаным («Президент» тобы, Жезқазған қаласының №1 мектебі), Досболова Шұғыла («Ақиқат» тобы, Қарағанды қаласының №92 гимназиясы), Накупова Айдана («Ақиқат» тобы, Жезқазған қаласының Жастар ресурстық орталығы), Тілеубай Аружан («Ақиқат» тобы, Балқаш қаласының №92 гимназиясы).
Жоғары көрсетілген барлық марапат иелері Қарағанды облысының Дін істері басқармасының басшысы Н.Р.Бикенов пен Сәтбаев қаласының әкімі А.А.Ыдырысовтың дипломымен, бағалы сыйлықтармен және турнирге арнайы жасалған кубоктар мен медальдармен марапатталды.
Жастар арасында жат ағымдар мен көзқарастарға иммунитет қалыптастыруға бағытталған түрлі механизмдер болса, пікірсайыс турнирі тиімділігі жағынан олардың көшін бастайтынына сенім артамыз. Себебі, үшінші адамның айтқанынан емес, өзі ізденіп түсінген, ол идеяны қорғап, беріктігін дәлелдей білген жастың бойында жат идеологияға қарсы мықты иммунитет қалыптасатындығы анық.