Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен «Жастар жаңғыру жолында» қорытынды іс-шарасы өтті.
Оған облыстық ассамблея құрылымдары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, оқу орындары қызметкерлері, студент жастары, мекеме қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Ильдар Гафуров жыл бойына атқарылған толымды жұмыстарға тоқталып өтті.
«Облысымызда Жастар жылын атап өту бойынша облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жол картасын бекітті. Жоспарға сәйкес «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «Jas Otan» жастар қанаты бірігіп түрлі бағыттағы жұмыстарды атқарды.
Олардың ішінде өңірімізде этносаралық татулық пен бірлікті насихаттауға бағытталған «Сыр елі -достық мекені» жобасы, қайырымдылық акциялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының бағыт - бағдарын, қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын насихаттау мақсатында оқу орындарында, түрлі этнос жастары арасында кездесулер өткізілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында патриоттық тәрбиелік мәні бар кездесулер, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар кезең-кезеңімен өткізілді. Сондай-ақ жастар үшін өз туған жерінің төл тарихын тану мақсатында «Ұлы Дала - Елі» тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.
Жастар жылы аясында жыл басынан бері облысымызда 75 іс-шара ұйымдастырылып, 10 000-нан астам жас қамтылды.
29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясында облыстық ассамблеяның өкілі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штабының көшбасшысы Евгений Демиденко спикер ретінде сөз сөйледі. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені Евгений Елбасы және Президент алдында сөз сөйлеген ең жас спикер ретінде ассамблея тарихында мәңгі сақталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауының нәтижесінде Жастар қозғалысының мүшесі Е.Демиденконың көшбасшылығының арқасында Қазақстан-Британ университетінің грант иегері атанды. Бұл қолдау әрбір жас азаматқа Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік саты екенін тағы да дәлелдеді.
Этнос жастарының басын біріктіру мақсатында жыл сайынғы дәстүрге айналған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» ЖҚ белсенділер слеті Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» жазғы тынығу лагерінде өткізілді. Слет жұмысы барысында жастар семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтарынан дәріс алды. Өзара ұлттық спорт түрлері бойынша
сынға түсті. Слетқа көшбасшы жастар, студенттер, оқушылар, ауыл жастары, этнос өкілдерінің жастары барлығы 50 -ге жуық адам қатысты.
Облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Қ.Ысқақовтың қатысуымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту» атты XXII сессиясы өтті.
Сессияда «Жаңғыру жолы» ЖҚ мүшесі, Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Аида Мутиева, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының көшбасшысы Константин Луца сөз сөйлеп, ұсыныстарын енгізді.Сессия қорытындысында «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының бірқатар белсенділеріне облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы күзгі тал егу экологиялық акциясы өткізілді. Акция аясында «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, этномәдени бірлестік жастары облыстық балаларға арналған аурухананың ауласына 200-ден аса тал отырғызды. Қайырымдылық акциясы бұдан әрі Достық үйіндегі «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертімен жалғасты.
«Жаңғыру жолы» жастарының бастамасымен жыл бойы жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламаларды насихаттау мақсатында арнайы бейнероликтер түсірілді. Атқарылған іс-шаралар туралы БАҚ беттерінде 70-тен астам мақалалар мен пікірлер жарық көрді.
Жастар жылының қорытынды іс-шарасы ретінде жыл соңына дейін «Жаңа толқын жобалары» атты жастар арасындағы әлеуметтік жобалар байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты облыстағы жастар саясатын дамытуға бағытталған жаңа идеялар мен жобаларды қолдау, жастарды ізденуге және бос уақыттарын өткізудің тиімді, әрі белсенді формаларын іздеуге тарту мен ынталандыру. 15 жас қатысқан байқауда жастарға қажет әлеуметтік жобаларға ерекше басымдық берілді.
2020 жылға қарай Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы атап өтіледі. Осы атаулы жылы облыстық ассамблеяның жастары ерекше белсенділік танытып, өз үлестерін қосатын болады.
Осы жылы біздің облыс үшін жетістікке толы болды. Біздің жастарымыз білім, ғылым, спорт, мәдениет саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, облыс намысын қорғады.
Құрметті достар, баршаңызды Жастар жылының аяқталуымен құттықтаймын!», дей келе, әріптестік бағытта жастар қозғалысының жұмысын жүйелі жүргізуге атсалысып, белсенділік танытқан оқу орындары мен мекемелерді марапаттады.
Салтанатты шара әдемі концертке ұласты.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі