Ерболат Досаев Президент Әкімшілігіндегі қызметінен босатылды

 

  el24.kz Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарған Ерболат Досаев лауазымынан босатылды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес:
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта кадрлық өзгерістің себептері нақты көрсетілмеген. Сондай-ақ Досаевтың алдағы қызметіне қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Ерболат Досаев әр жылдары еліміздің қаржы-экономикалық саласында және мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарған.

Осы тағайындауға байланысты өзге кадрлық шешімдер болса, олар туралы қосымша ақпарат берілуі мүмкін.

Астана қаласында пробация есебіндегі азаматтарға жұмыс жәрмеңкесі өтті

                  фото ашық дереккөзден

  el24.kz  Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасы пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шара Еңбек мобильділігі орталығының базасында өтті.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оларды қоғамға бейімдеу және қайта құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Іс-шара аясында қаланың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері шақырылып, өздерінің бос жұмыс орындары мен еңбекке орналастыру шарттарын ұсынды.

Қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес алып, үміткерлерге қойылатын талаптармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша 16 азаматқа әрі қарай жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.

Сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайталама қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Ленинград облысындағы жанжал: ҚР СІМ ресми түсініктеме берді

 

  el24.kz Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында қазақстандықтардың қатысуымен болған жанжалға қатысты ресми түсініктеме берді.

ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетыбаев мәлім еткендей, оқиға 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысы аумағындағы Усть-Луга вахталық кентінде болған.

Министрлік дерегінше, жанжал тұрмыстық сипатта өрбіген және оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.

«Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тиісті процессуалдық шараларды, соның ішінде жанжалға қатысушыларды ұстау әрекеттерін жүргізді», — делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстанның құзырлы органдары жағдайды бақылауда ұстап отыр.

ҚР СІМ азаматтарға шетелде жүрген кезде жергілікті заңнаманы қатаң сақтауды және кез келген даулы жағдайдан аулақ болуды ескертті.

Астана прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешені бойынша істі сотқа жолдады

 

   el24.kz Астана қаласының прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті тұлғалар құрылыс компаниясының қызметкерлері бола отырып, «Qyran» тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сату арқылы азаматтарды алдағаны анықталды.

Тергеу мәліметінше, олар International Invest Company IIC ЖШС-нің атынан әрекет етіп, жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен азаматтарға пәтер макеттерін, техникалық паспорттарды және өзге де құжаттарды көрсеткен.

Сондай-ақ, тұрғындарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын ресімдеудің орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімдерді және алдын ала шарттарды жасаған. Алданған азаматтар төлемдерді күдіктілердің жеке шоттарына аудару арқылы немесе қолма-қол ақшамен жүргізген.

Компания қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілген жалпы шығын көлемі 8 млрд теңгеден асты.

Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды.

Қазіргі таңда үш күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ал төртінші күдіктіге «кепіл» түріндегі шара таңдалды.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

 

Дариға Бадықова оқырмандарын ойландыратын жазба жариялады

 

   el24.kz Танымал кинопродюсер әрі актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарын ойландыратын жазба жариялады.

Өнер иесі өз өмірінде түрлі қиындықтарды бастан өткергенін меңзеп, кейде шындықты айтамын деп артық сыр ашып қоятын сәттері болатынын жасырмады.

«Айтатын жаңалық көп. Бір уақыты келер, осындай жағдайлар болған деп ше... Не көрмедім десем. "Шынымды айтамын деп, сырымды айтып қойыппын" болмайын құрсын. Не нәрсе ішімде ғой. Айтсам да, маған жандарыңыз ашымауы мүмкін. Ой, бұл пысық, тірлігі бар деп. Пысықтардың да жүрегі бар. Просто жертво болғанды ұнатпайды. Себебі маған адамдардың аяныш күймен қарағаны ұнамайды. Оның үстіне, біздегі стереотип – жалқауларға жан ашу», – деп жазды актриса.

Сондай-ақ, ол кино арқылы өмірдің шынайы көрінісін жеткізуді қалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, фильм сюжеттері өмірге барынша жақын болуы тиіс.

«Оны киномен көрсеткен ұнайды. Жалпы, мен киноның желісі өмірдегідей болсын деймін. Әр үйде, тіпті шетел деп жатқан отбасыларында да бар. Отбасы жағдайы – біздің өмірдің күйі. Өмірге жақын кино түсіру – басты мақсатым», – деді ол.

Актриса көрермендерді өзінің жаңа туындысы – Таптым-ау сені фильмін көруге шақырды.

«"Таптым-ау сені" фильміне барыңыздар, ертең демалыс. Тура өмірдегідей кино көресіздер», – деп қорытындылады Дариға Бадықова.

Перизат Қайратқа тиесілі көлік сатылымға шығарылды

 

  el24.kz Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігін сатуға шығару туралы хабарландыру жариялады.

Аталған көлік 10 жылға сотталған Перизат Қайратқа тиесілі болған.

Ресми мәліметке сәйкес, сауда-саттық 7 сәуір күні сағат 10:00-де басталады. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі – 777KPK01.

Жинақта Pandora сигнализация жүйесі бар кілт қарастырылған. Сонымен қатар, көліктің аккумуляторы отырғаны хабарланды.

Автокөліктің бастапқы құны 79 415 000 теңге болып белгіленген.

Қазіргі уақытта көлікті тек мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттік кәсіпорын ретінде тіркелген заңды тұлғалар ғана сатып ала алады. Егер аталған кезеңде көлік өтпей қалса, онда лот барлық ниет білдірушілер үшін ашық сатылымға шығарылатын болады.