"Кісілігі болмаған адамға сөз зая" деген-ді əжем бес жасымнан айтып келеді. Кісілік - көңіл кілті. Адамның кісілігі - жылы жүзділігі мен адамды жылы шыраймен қабылдауынан басталмақ. Жүзі жылы жаннан көңіл хош болып, арқа-жарқа сұхбат құрасыз. Адамның жүзі - жанарға сəлем айтса, көңіл қақпасы көп күттірмей ашылады. Дəл адамдар сияқты. Мəуланаға бірде Балқан тауын асып, кəсіп іздеп келген жігіт бір сауал қойыпты. "Жүзінен нұр шашып жүретін жан мен ызғар шашып жүретін жанның айырмасы қандай" деген.
Мəулана, жас жігіттің сұрағына жауапты өзі іздеу керектігін жəне өзі табатындығын айтып, кері қайтарыпты. Араға жыл салып, талай қиын-қыстау жағдайды бастан кешіріп, талай адамдарды көріп, жас жігіт өз сауалына жауап тауыпты. Шəкірт көп ел кезіп, жер кезіп, адамның жүзіндегі жылылық - күннен де қуатты екенін жылы шырайлы жанның бір ауыз сөзі - қалжыраған көңілге қуат екенін түйсініпті. Ал, жүзінен ызғар шашып жүретін жанға жолауға бата алмай, батылдық жетіп сұраса да сұрағына жауап ала-алмай қиналыпты. Ызғарлы жүз - жан мұздатар күзге ұқсас, жылы жүз - жан жайнар жайдары жазға ұқсастығын айқын түйсініп, "адамға ілтипат - жылы жымиып, жылы үн қата білу"-депті.
Айырмасын Сағди бабамыз " Адам жүзі - айбат пен шуақ тоғысуымен ғана жүз болмақ" деген сөзден белгілі деп ойлаймын
Мейірхан Мейрамбекұлы