Қалбай Әбдіраманов-1947жылы 15 мамырда  Қарақалпақстан  Республикасының Беруни ауданында туған.1974 жылдан  КСРО Журналистер Одағының ,1980-жылдан  КСРО Жазушылар Одағының мүшесі.
 
С Е Н С І З... ( ғазал)
 
Өмірім рахат болмайды сенсіз,
Ешкімге көңілім толмайды сенсіз.
Күншуақ әлемнің жарығы сөніп,
Үйіме қараңғы орнайды сенсіз...
 
Жалындап қалайша жанамын сенсіз,
Емізік іздеген баламын сенсіз.
Басылып аяққа,шашылып сөзім,
Шабыттан айрылып қаламын сенсіз.
 
Жанымды жалғыздық қинайды сенсіз,
Өзендер теңізге құймайды сенсіз.
Мұхитта компастың тілі қисайып,
Желкенді кемелер қирайды сенсіз.
 
Тұлпар шабыттанып шаппайды сенсіз,
Сұңқар да қанатын қақпайды сенсіз.
Зулап Байқоңырдан кеткен зымыран,
Ұшырған ұясын таппайды сенсіз.
 
Көзе жаралмайды лайдан сенсіз,
Сәуле таралмайды Күн,Айдан сенсіз.
Жаралы жаныма жанторсық сұрап ,
Баааяғы Адаммын...мұңайған сенсіз!.. 

ШАГАНЭ

Есігіңде мен тұрам ашып қалсаң,
Қазынаңда мен тұрам шашып қалсаң.
Терезеңнен мен сенің сығалаймын,
Түймешесін есіктің басып қалсаң.
 
Жұмыртқадай мен десең аршыласың,
Қаратаудың тасына жаншыласың.
Атыңды атап бір өлең атқа қонса,
Өшіре алмай эфирден...
Сарсыласың!...
 
Көрші ауылдың хат жолдап баласынан,
Интернеттің шығамын саласынан.
Телефонды көтерсең менің дауысым,
Екі сымның шығады арасынан.
 
Шыққ етіп... клавишті басқаныңда,
Эфирден əн боп шығам ашқаныңда.
Қолыңмен өзің сүйреп кіргізіп боп,
Сен менен құтылмайсың...
Қашқаныңда!..
 
Махаббатқа мен сені бөлемекпін,
Менде бəрі жаныңа не керектің.
Жанамын деп,жаным-ау,жалын іздеп,
Отқа түскен мен сен деп...
Көбелекпін!..
 
 СЕНЕМІН,СЕНЕМІН МЕН...
Сенемін,сенемін мен жақсыларға,
Бермес деп ес-ақылы тапшыларға.
Жалтақтап жан-жағыма сені іздеймін,
Жанымды жаналғышқа тапсырарда...
 
Құдайым ауырғанды тəуір қылсын,
Шаттанып,ойнап-күл деп əмір қылсын...
Сүйгенді сүйгеніне ұмтылдырып,
Аяғы не боларын Тəңір білсін!...
 
Сеземін махаббатты тынысынан,
Махаббат сөйлемейді тіл ұшынан.
Тауланып тар төсекте ыңырсимын,
Сүйгенім кешіккенде жұмысынан....
 
Мен соған өлең жазам шабыттана,
Сүюге керек емес анықтама:
Көруге сүйгеніңді асығасың,
Пенденің күтпейтіні табыт қана!...
 
 БОЗТОРҒАЙЫМ
Болмайды жазған еңбек қаза болса,
Көнемін бұдан басқа жаза болса.
Ақындық адалдығы періштенің,
Өнесің көкірегің таза болса!...
 
Бір ғұмыр қазағымды пішіндедім,
Сондықтан көзге түсті ісім менің.
Ел-жұртқа адал болсаң,айналайын,
Көрінер бұдырайып ішіңдегің.
 
Жатамын өңім түгіл ұйқымда өсіп.
Құмынан Маңғыстаудың қиқым көшіп.
Қазір мен бір ысқырсам бар қазақтың,
Шығады бозторғайы шүйкілдесіп!...
 
Аман-есен бол менің Күншығысым,
Аман есен бол менің күнбатысым!
Сен менің көңілімнің шымшығысың,
Сен менің жүрегімнің қымбатысың!...
 
Сендер деп өлгенімше саз толғаймын,
Қазақ барда көңілі жаз Қалбаймын.
Жанамын өлгенімше,өлгеннен соң,
Жатамын үнін тыңдап бозторғайдың!