Жадыра Шамұратова
(Новелла)
Пойызға біреуді шығарып салсам қарадан қарап көңілім құлазып, өзім мінсем, сол кеткен жағымнан оралмайтындай бір алаң кіретіні бар. Рас, түсініксіз сезім. Қашанғыдай көмір мен майдың, қолаңсасы аралас ащы тердің, бұрыш-бұрышты жайлаған зәрдің, астанаға жақындағанда жұрт үстіне асығыс шашқан арзан әтірдің иісінің қосындысы вагон ішін тұтып қалыпты.
Қостанай-Алматы пойызы жұлқып барып, жолаушылардың екі қадақ қуанышын, мың жылғы мұңы мен зіл батпан қайғысын ішіне сыйдырып қозғала бастағанда сыртта Астананың суық желі соғып тұрған. Бірте-бірте перрондағы қимай қарап тұрған жанарлар жалт етіп, бұлғанған қолдар ауа қармап, ауыздар жыбырлап әлдене деген күйі кірі бес батпан терезеден жым-жылас жоғалып, шалқасынан жатқан дала көрінді.
Иреңдеген алып құрт бірте-бірте қарқын алып, суық желді қақ жарып жүйткіп келеді. Сырты ағал-жағал, мыжырайған жалғыз үйлі разьездерге көз тоқтатып үлгермейсің. Алыстан көзге шалынатын қазақ ауылдары соғыс көргендей тым жүдеу. Әйтеуір, қазаққа бұйырған нәрсенің бәрі көнетоз, жүдеу әрі мұңлы күй кешіп тұратыны несі екен деп ойлайсың. Тек салқын самалға кеудесін тосып тыныстап момақан жатқан дала ғана жаңалау көрініп, қай өңір, қай облыстың тұсында келе жатсаң да қыраты мен белі көзге жылыұшырайды.
Купедегі үш әйел де жайғасып үлгеріпті. Қасыма ер адамдар түспесе екен деп тілеп келіп едім, жолым болғыштығына ішімнен қуанып қоям. Шашын сарыға боятса да онысы өңін аша қоймаған қараторы келіншек пойыздың тербеткеніне рахаттана маужырайды. Үстіне сепкен әтірінің иісі нәзік екен. Өзара күбірлесіп сөйлесіп жатқандарына қарағанда қасындағы стразы жапсырып әдемілеп, мұқият әрлеген ұзын тырнақтарымен телефонының бетін тауықтың жем шоқығанындай тық-тық басқан толық сарысы құрбысы болу керек. Қарама-қарсы отырған әйелдің түр-әлпеті адамның есінде қала бермейтіндей қарапайым, шашын тым қысқа қидырған, бидай өңді, көзінің асты аздап көгіс тартқан, қыр мұрынына жұқалтаң еріндері үйлескен арықша әйелді қазақтың бейнеті көп келіншектеріне ұқсаттым. Ол терезеден бір ауық көзін аударып, арасында мен жаққа қарағыштап қояды. Екі құрбының өзара күбірлескені болмаса, өзгеміз үнсізбіз. Негзі пойызда танысып, арқа-жарқа әңгімелесе кеткенді ұната бермеймін, бәрібір былай шыға бере ол адамды ұмытып қаласың, әрі оның қандай адам екенін де білмейсің, бір көрген адаммен отыра қалып шай ішу де... қалай болғанда да өзіңмен өзің болғанға жетпейді. Өзімен өзі болатын тыныш адамдар ұнайды.
Сықпытына қарасаң кәрі шешеммен құрдас көрінетін буылтық матрас төменге сырғи береді, ішіндегі мақтасы түйіртпектелген жастықты алып вагонның жел ұрып тұрған бұрышын бітеген болдым, сілкімей-ақ қырық жылғы шаңы ақтарылатын алаша секілді ұсқынсыз қоңыр жамылғыдан пойызға мінген сайын көзім ұшынып, коньютивитке айналып кететінін ойлап, оны әрірек ысырдым. Адам жас уағында жайлылыққа онша мән бермейді, жиырмадағы кезімізде күй талғау, ұйқысыздық дегенді білдік пе, шамасы үлкендік кірейін деді ме, пойызға мінсем бабым табылмай, мазам қашады. Енді «ертең қашан болады?» деп мөлиіп отыру ғана қалды.
Сағат ертеңгі 10 болмай мінсек те уақыт түске енді тырмысып келеді. Соно Аяконың «Синева небес» деген кітабының біраз жерін оқып тастаған едім, шығарма қанша қызықты болғанымен телефоннан оқығанда кітапты қолға ұстап оқығандай ләззат ала алмайтының болмаса, ұзақ жолда бұл да ермек. Сәлден соң екі құрбының тамақ ішпек болған ыңғайларын байқап дәлізге шықтым. Ере шыққан бидай өңді келіншек әжетхана жаққа кетті, одан тамбурда теріс қарап ұзақ тұрды. Пойыз рельсті қаттырақ ұрғылап жатса да көрші купедегі әңгіме анық естіліп тұр. Бейтаныс жігіт қасындағы екі-үш бозбалаға өзінің қыздарды қалай айналдырғанын жыр қылып айтып жатыр, тыңдаушылар да оған жел беріп, қосамжарласып қояды. Бір купеден корей сәбізінің, біреуінен қытай кеспесінің иісі шығып тұр еді, купелес әйел иығын қушитып, басын төмен салып, құнысқан күйі қасымнан өтіп кеткен кезде мұрныма спирт иісі келгендей болды.
Купедегі орным жоғарыда болғаны мұндай жақсы болар ма, бидай өңді келіншек жұпынылау ауқатын алдына алғанда мен де орнымда отырып қораптағы айранды іштім де, қолыма алма алып, оқуды жалғастырдым. Ұсақ әріптер көз алдымда жыбырлай бастаған, бір уақта көзім ілініп кетіпті. Оянып басымды көтергенімде бидай өңді әйел қуанып кеткендей болды.
– Рахаттанып ұйықтадың ғой. Жаңа жаңбыр жауды!
Танымаса да жасы үлкендігіне салып «сен» деп сөйлеген әйелдің даусынан бір қуаныш лебі сезіледі. Жаңбыр жауғанына қуанғанына қарағанда көптен дала көрмеген, бәлкім, ұзақ уақыт ауруханада жатқан адам шығар, әйтпесе, вагон терезесіне тамшы жабысқанын мен де көргем, бірақ, соған мән бермегем. Төменге түсіп отырдым. Манағы құрбылар инстаграмдағы біреулердің аккаунтын талқылап, интернет дүкендердің тауарлары туралы айтып отыр. Осы пойызға мінгенде уақыттың баяу жылжитыны несі екен... Бидай өңді әйел тағы да өзінше байқатпай жүзіме барлай қарайды. Жүзінде осыны қайдан көрдім деген сұрақ бар.
– Сіз мені біреуге ұқсатып отырсыз ау, - дедім шыдамай.
– Қайдан білдің?
– Түстен бері қарай бересіз.
– Бір жерден көрген сияқтымын. Зонада болған жоқсың ба?
Жайбарақат отырған екі әйел біз жаққа жалт қарағандай болды. Е-е-е... Әйелдің осы сөзі оның жүріс-тұрысының, киімінің, бет-әлпетінде тұрған уайымының неге өзгеше көрінетіндігінің жұмбағын шешіп бергендей болды.
– Зона дейсіз бе? (Түрмені зона дейтіні ойыма түсті, «жоқ, құдай сақтасын, болған емеспін» ... дей жаздап барып, жұмыс бабымен 1-2 рет барғаным есіме түсті).
– Ия, болғам, 1-2 рет.
Бұл жауабым өзіме әрі тосын, әрі қызық көрінген, оның үстіне тар жерде зеріге бастаған едім. Менің жауабымды естіген екі құрбының көздері бақырайып кеткенін көргенде ішімнен аты-жөні жоқ бір күлкі қысты ма ау...
– Статья қандай?
– ...
Бірдеңесінші статья дейін десем ол жағын біле бермейтін болғасын үнсіз қалдым. Онымды әркім өзінше түсінді. «Түзету мекемелеріне журналист ретінде барғанымды сәлден соң айтармын» деп ойлап қоям. Әйел купеден шығып, он минуттай кідіріп қайта келгенде арақ иісі мүңкіп кетті. Дүнияда ішкен адамды жек көрем (мас адамнан қорқатыным да бар), оның үстіне әйел адамның арақ ішкені не сұмдық? Өзі «зонадан» шықса... Ал, не істесек екен деп екі құрбыға қарап қоям, олар ештеңе елемегендей, қасымдағы көршім арақ ішеді екен деп жолсерікке барып шағым жасау да ыңғайсыз, өзі артық-ауыс сөйлеп жатқан жоқ, өзімен өзі. Сонда да ішімнен дәл осы купеге отырғаныма өкіне бастадым, бір ойым - «мүмкін, бұл әйел шынымен де мені біреуге ұқсатқан шығар, болмаса әңгіме болсын деп жай айта салған шығар, ал өзі сол жақта аспаз не күзетші болып жұмыс істеуі мүмкін ғой» десе, бір ойым - «әншейінде ізгілік, әділеттілік туралы мақала жазасың, енді несіне жиырылып отырсың, өмірде әділетсіздікке тап болған адамдар да болады, бұл әйел де қателесіп жаза басқан шығар» дейді. Телефонымнан көзімді алмаған күйі «Купелесің ұнасын-ұнамасын, шыдау керек, ертең таңда Алматыға түсеміз ғой, бар-жоғы 12-13 сағат, қазір ұйықтаймыз, сосын оянғанда таң атады, аз қалды» деп ойлап, өзімді жұбатып отырдым.
Сәлден соң купеден шығып кетіп қайта кірген екі келіншек жиналып жатты. Тоқтайтын станциялары жақындаған шығар деп ойладым.
– Бізден аулақ кетті, - деп мырс-мырс күлді қысқа шашты әйел олар кеткен соң.
– Неге?
– Зонада болғанымызды білді ғой.
Әйелдің сөзін ұнатпасам да, ол екеуінің осы купеден шығып кеткенше асыққандарын өзім де байқағандай едім. Тап осы сәтте бір көңілсіздік билегені ай, біреулердің сенен үркіп не секем алып кетіп қалғаны сонша жақсы әсерге бөлемейді, оның үстіне мына әйел де ұнамай барады, сонда мына купеде осы кісімен оңаша қалғаным ба... Үстінен әлдебір иіс шыға ма, өзінің түрі де біртүрлі көнетоз... Өзінше мені жақын тартып қоятынын қайтерсің, мен сіз деп сөйлесем де сен, сен деп... Қайта манағы екеуінің болғаны жақсы еді. Енді келесі станциядан біреулер мінсе екен деп тілеп отырдым, тап осы сәтте манағы босап қалған орыннан аңқылдап ақтарылып әңгімесін айтып, шайға қанбайтын кәрілеу қазақ кемпірін, болмаса бала көтерген жас отбасын көргім келді. Баласы кішірек болса ойнатар едім...
Қайтадан оқып жатқаныма үңілдім. Осы жапондар әңгімеші халық қой деймін, әйтеуір, танымал 6-7 авторын білем, баурап әкетеді. Кобо Абэ дегені сөйлеп кеткенде қазақ болып елестейтінін айтсаңшы! Сюгоро Ямомото деген қариясы да сезімтал көрінеді. Ал, Соно Аяконы психологияны ерекше меңгерген жазушы ма дедім, әйтеуір, сендіріп, иландырып баяндайды. Өзі өткен ғасырдың басында өмір сүрген жазушы әйел. Осы кезде қасымдағы әйелдің даусы ойымды бөлді.
– Ештеңе етпейді, сіңлім, оңаша қалдық. Өзіміз отырып шай ішпедік пе?
Осылай деп мұрын астынан мырсылдай күлген әйел ортамызды бөліп тұрған үстелдің үстіне бір жартылықты қойды. Манадан бері кіріп-шыққан сайын ұрттап келіп жүргені осы болу керек, ішіндегісі ортасына түсейін депті. Шеті кертілген шұжығы тағы бар. Біртүрлі сескенейін дедім. Сұрамастан менің кружкамды алып арақ құя бастады.
– Кешіріңіз, сұрамайсыз ба, мен ішпейтін едім.
– Қой, е, қаяқтағыны айтасың? Зонадан шығып ішпеймін дегеніңе кім сенеді?
Бұл сөз мені тіпті басып, жаншып тастағандай болды, өзімше түзу жүріп-тұратын адаммын деп жүргенде зонадағы адамға ұқсатқаны да, кружкама шөпілдетіп арақ құйғаны да жыныма тие бастады. (Әй, өзіме де обал жоқ, не жыным бар еді зонада болдым деп).
– Мен зонада болғам жоқ!
– Е, неге? Жаңа ғана болдым деген жоқпысың?
– Жай айта салғам, журналиспін, түзеу мекемелеріне репортаж жасауға барғам.
Әйел аузына апарған арағын толғап бір жұтты да, бет-аузы жиырылып барып, ернін шүртиткен күйі езуін сүртіп маған қарап отырып қалды. Әйел баласының арақ ішкені қандай сұмдық көрініс екенін жақыннан көрдім.
-– Түзеу мекемесі дейді ғой әлдеғандай қылып. Зона десей... Петропавлда ма?
– Ия, қайдан білдіңіз.
– Бәсе, айттым ғой бір жерден көрдім деп. Ол бір алақанын екіншісіне шарт еткізіп ұрды да шөлмектен өзіне тағы аздап құйып алды. Мен өзімді еркектің қасында отырғандай сезіндім. Ішім суып бара жатыр.
– Осы сендер сотталғандарды телевизорға түсіруге ұялмайсыңдар ма? Бала-шағалары көреді ау, ұялады ау деген жоқ. Әйел маған ұрса бастады.
– Жоқ, біздікі телевидение емес, фотоға түсірдік. Бұл жауабым оның одан сайын ашуына тиді.
– Аха, тіпті жақсы, тіпті керім жақсылық жасайды екенсіңдер ғой онда! - деді екіленіп, - сендер суретке түсіресіңдер, сосын оны газетке, түрлі-түсті журналға басасыңдар, ал олар сол кезде ішінен жылап тұрады. Соны неге түсінбейсіңдер?
– Жұмыс қой, министрліктің тапсырмасы болады. Даусым ақталғандай шықты. «Мен осы әйелден қорқып отырған жоқпын ба?» деп ойладым бір сәт. Бірақ, несіне қорқамын, маған не істей қояр дейсің.
– Біз оларды суретке тура қаратып түсірмейміз ғой, киім тігіп не жөке тоқып отырғанда жанынан, кім екенін көрсетпей түсіреміз.
– Ай, қойшы, - деп қолын сілтеді. Манағы тым-тырыс отырған әйел батыл ақ. Мен орнымнан тұрып төсегіме жатпақшы болдым.
– Әлі ерте ғой, талтүстен жатпақсың ба? Ақыры журналис екенсің, әңгімелесейік те.
Қараңғы түскенімен, сағат әлі тоғыз да болмаған екен, мына әйелдің жайы белгілі болды, енді өзімді қалай ұстасам екен деп отырмын, мынадан кейін сөмкеңді, заттарыңды қалдырып купеден шығып кету де, болмаса теріс қарап жатып қалу да бір қауіп ойлата бастады. «Журналист екенімді бекер айттым, не жыным бар еді мақтанғандай болып, зонада болдым деп... аузымнан жазып, ал саған керегі осы болса» деп ішімнен өзіме ұрсып, кәдімгідей өкіне бастадым. «Ай, аузым ай. Қап, қарап отырмай қағынып... Туу, қап...»
Жолсерікке барып басқа орын сұрасам ба екен, бірақ, оған тым кеш болып кетті, оның үстіне басы артық орын бола қояр дейсің бе... Не болса да өзінен сескеніңкіреп қалғанымды білдірмейін деп сөмкемнің қалташасынан шекілдеуік алып орныма қайта отырдым. Әйел дәлізге шығып кетіп, шылым сасып қайтып келгенде терезеге үңіліп, қарауытқан ағаштарға қарап отыр едім.
– Айтпақшы, атым Жанар. Жанып тұрған қыз болсын деген шығар, бірақ, жанбай, түтіндеп, бықсып сөніп қалдық қой.
Осы сөзін мыңыншы рет қайталап отырғаны оның әбден жалыққан дауыс ырғағынан білініп тұрды. Уақытты қалай өткізсем екен, кітап оқи беруге купенің шамы қауқарсыз, телефонның қуаты да таусылып барады.
– Сонда сотталғандардан сұхбат аласыңдар ма? Не жазбақ болып барасыңдар?
– Енді... пробация, еңбекпен түзеу, жалпы ізгілендіру бойынша жасалып жатқан қадамдар... мен өзімнің миымның бір қалтарысында жатқан жаттанды сөздерді айта бастадым.
– Ай, қоя берші, - ол тағы қолын сілтеді ол, - бәрі өтірік! Сол өтіріктеріңнен өздерің де жалықпайсыңдар, тегі...
Бұдан әрі оның әңгімесін тыңдауға да, сөйлесуге де зауқым болмады, апам: «не болса да жалпы вагон жақсы, адамдардың бәрін көріп отырасың, неше түрлі адаммен танысып, шайыңды ішіп қауқылдасып..., әрі қауіпсіз» дегенде оның сөзіне күлгенім есіме түсті. Ақтарылып, аңқылдап жүретін ауыл адамы оңашалықтың, өзіңмен өзің болудың рахатын түсінбейді деп ойлағаным да бар. Ал, саған оңаша купе керек болса! Бір сағат өтті, манағы кетіп қалған екі әйелдің орнына басқа жолаушылар келер ме екен деген үмітім де адыра қалатын түрі бар. Әлде жолсерікке барып бізде екі адамға бос орын бар деп айтып келсем бе екен...
– Менен сұхбат алмайсың ба, журналист болсаң. Бірақ, байқа, мен айтты деп бір ауыз өтірік қосушы болма! Сендерді білем ғой!
Мына әйел қызып қалды ау, ары қарай не болар екен деп отырмын. Бұдан әрі іше берсе қайтем? Ол аяғын жинап, бүрісіңкіреп отырды. Одан қайтадан аяғын созып төмен жіберіп, біресе шалқайыңқырап, біресе столға жантайып қолымен жағын тіреп...
– Өмірімде бірінші рет журналиске сұхбат берейін деп тұрғаным еді, көрмейсің бе, тіпті қалай отырарымды білмей отырмын, - бұл жолы жас қыздар секілді сыңғырлай күлді.
– Неден бастасам екен? Енемді сағынғанымнан бастайын.
Енем дегенге ептеп ішім жылиын деді, енесін сағынатын келіндер тек қазақта болатын шығар.
– Енеңіз Алматыда тұра ма?
– Жоқ, қайтыс болып кеткен.
– Арты қайырлы болсын, - дедім кідіріп барып. Ол ойланып кеткендей болды да, шынымен сұхбат беріп отырғандай түрмен әңгімесін бастады. Ақыры ұйқыға ерте екен, басқа баратын жерім де жоқ, сапарластың әңгімесін тыңдайын дедім.
– Ех-х, Алматы...
– Сағындым...
– Бәрін...
– Енемді...
Ол осылай дегенде әр сөзінен соң кідіріс жасап отырды. Жүзінен әділетсіз өмірдің дәлдеп атқан оғы жырым-жырым еткеннен қалған өкініш те, қоздап жана алмай біржола өшкен өкпе де байқалмайды, тек шаршаңқы күй бар.
– Түкпір жағына картоп, бергі жағында гүл егілген үлкен ауладағы аласалау шағын тамда күйеуім, қызым үшеуміз, ал сырты ақ таспен өріліп, қызыл кірпішпен үш қатар өрнек жүргізген еңселі үйде енем жалғыз тұратын.
Осылай деп бастады да жанарын менің басымнан асырып әлдебір нүктеге қадап отырып қалды. Осы сәтте өз қиялында сол өзі айтып отырған аулада жүргені анық еді. Біраз отырып барып, сөзін баяу жалғады. Даусындағы манағы маған зекіп сөйлеген қатқылдық жоғалып кетіпті.
– Арасында үйін барып жинап кетем, үлкен үйді жинап шығу алпыстың үстіне шыққан әйелге оңай емес. Екі-үш дүкені бар коммерсант қой, жұмыстан өле шаршап келеді. Мен үйдемін, әрі көп шашылмайтын, кең үйді жинау да бір рахат. Біздікіндей қолың төбеге тірелетін, киім ілгіш те, тамақ үстелі де босағада қалған, екі аттап төрге жетіп баратындай емес, кіре берісі кең, ас үйдегі жиһазының түсі де ашымды, шағын той атқарып жіберуге болатын қонақ бөлмесі де, жатын бөлмесі де әдемі. Енемнің талғамы жақсы еді, тұсқағазын да, жабын, жиһазын да үйлестіріп таңдаған. Бұл үйді қайынатам марқұм екі-үш жыл жүріп салдырыпты. Осы сен адам бұл дүниеден кететінін сезеді дегенге сенемісің?
– Солай деп айтқан мысалдарды естігенім болмаса... Бой жазады деп айтады ғой.
– Енем сол күні біртүрлі басқаша көрінген. Есімде ғой, сол күні сенбі болатын, енем үйге асқа келді, немересін еркелетіп отырып, біз мүлдем күтпеген жаңалық айтты. «Жаңа ауданда салынған екі қабатты үйді көріп келдім, қасына мектеп те жақын, бәрінен бұрын моншасы мен гаражы бар, бағасын келістім», - деді бізді таң-тамаша қылып. «Бағасы қанша екен»? - деді ұлы сорпа сораптап отырып, ұлы дегенім менің күйеуім ғой. «200 мың доллардай болады». «Мәссаған, ондай ақшаны қайдан аламыз»? Мемлекеттік мүлік департаментінің жай маманы болып жұмыс істейтін күйеуім үйдің бағасын естігенде шошып кетті. Тіпті сорпасына шашалып қала жаздады. 2000 жылдардың басында 200 мың доллар деген тю-тю ( әйел мойнын қолымен сызып ысқырып қойды), көп ақша еді ғой. «Жаңа үй сатып алам деп жинап жүрген ақшам бар еді, әкең қайтқалы да бес жыл өтті, қашанғы бөлек-бөлек отырамыз, бірге тұрайық, жаңа үй өзіме ұнады, ертең бәріміз барып көріп келеміз» деді енем. «Маған да бөлме бола ма?» дейді біздің қыз қуанып. (Қызы туралы айтқан кезде әйелдің бетінде не сағыныш, не өкініш байқалмады) «Болады, сенің де бөлмең болады, - деп қуантып қойды әжесі немересін. «Мына үйді сатып алатын адам да табылып тұр, ол кісі де бала-шағалы, бір ауладан екі үй іздеп жүрген адам екен. Құдай сәтін салайын десе... талай жылғы еңбегім, енді бір жақсы үйге шығатын кез келді».
Былайғы кезде қаталдау, сұстылау көрінетін енем сол күні ерекше көңілді еді. Өзінен-өзі мейірімі көл-көсір болып, немересіне еміреніп... ондайын байқамаушы едім, рас. Ақтарылып әңгімесін айтып, немересін еркелетіп, түннің бір уағына дейін отырып, ұйқыға кеш жатты. Ертеңінде жексенбі, әншейінде ерте тұратын енем таңертеңгі шайға келмеді. Күйеуім оятуға барып есігінің қоңырауын басып, «мамам әлі ұйықтап жатыр, жұмыстан қатты шаршаған екен» деп қайтып келді. Түс болуға таяғанда тағы кетіп еді, бір кезде айқайлаған даусы қатты шықты.
Жанардың бет-әлпетін бағып отырған күйі бір сұмдықтың болғанын түсіндім. Шекілдеуікті былай алып қойдым.
– Ойбу, жүректен кеткен бе енеңіз?
– ... жоқ. Енемді кілемге орап тұншықтырып, мұрнынан қан кеткенше тепкілеп әбден қорлаған, әйтеуір, адам көретін жері жоқ. Бірнеше қабырғасы сынып, тіпті сынған екі қабырға өкпесіне кіріп кеткен деді ғой. Кеше ғана әдемілеп жинап қойған үйдің әптер-тәптері шыққан, шкафтарды, комодты ақтарып, бар дүниені қопарып, астаң-кестеңін шығарып кетіпті. Күйеуім жанұшырып полицияға хабарлап, үйге ұры түсіп, үй иесін тұншықтырып өлтіріп кеткенін айтып жатты.
– Сұмдық. Біздің елде осы ғой, тірнектеп еңбек етесің, енді қызығын көрем дегенде ұры-қарының көзіне түседі, заңы жоқ елде қарақшылар басынған заман болды.
– Содан полиция келді, біз түнде ешқандай бөгде шу естілмегенін айттық.
– Үй сатып алайын деп жүргенін айттыңыздар ма? Ішімнен мұның артында қара маклерлер тұр ау, мүмкін, жаңа ауданнан үй сатпақ болғандардың қатысы бар шығар, кәрі әйелде ақша барын біліп жоспар құрған болуы мүмкін деп болжап қоям. Адамның қиялы жүйрік, әйтеуір.
– Күйеуім полицияға шешесінің жаңа үй сатып алу туралыойын, бүгін барып сол үйді көрмекші болғанымызды айтты, бірақ, енем айтқан үй сатып алуға жинаған 200 мың доллар ақша табылмады. Құжаттарының арасында банкте есепшот ашылғаны туралы келісім-шарт та болмады. «Сіз ол ақшаны өз көзіңізбен көрдіңіз бе?» деп сұрады тергеуші. «Анам өзінде сондай ақша барын айтқанда таңғалғаным рас, бұл деген өте көп ақша ғой, бірақ, өзім ол ақшаны көргем жоқ, екі-үш дүкені бар еді, біраз жылдан бері тірнектеп жинап жүрсе керек» деп жауап берді күйеуім. Тергеу екі айға созылды. Бүкіл таныстарынан, үй сатпақ болған адамнан, дүкеншілерден жауап алды, коммерциялық операцияларын тексерді, бизнестегі серіктестерімен байланысы, клиенттерімен қарым-қатынасы қалай болды, бәрін сұрастырды, біреулерден күдіктенді, бірақ, ақыр аяғында іс нәтиже бере қоймады.
– Сөйтіп, қашанғыдай істі жауып тастады десеңізші. Бізде бұл қалыпты жағдайға айналған. (Мен істің солай аяқталғанына күмәнданбаған едім).
– Ұстады ғой.
– Ұстады ма? Уһһ. Сауап болған! Полиция жараған екен!
Манағыдай емес, көңілім жайланайын деді, енді Жанарды арақ ішеді демесең сөзі дұрыс, түсінігі бар адамға ұқсаттым.
– Енемді өлі күйінде тауып алғаннан кейін екі ай өткенде полиция бізді шақырды.
– Ия, сіздерді шақырғанда күдіктіні танисыздар ма деп сұраған шығар? - мен әңгімені жалғап, өзімше жан бермек болып жатырмын. Әрі қанша дегенмен газеттің адамымын ғой, оқиғаның соңы не болды екен деген де әуестік алып барады.
– Сөйтіп енеңізді өлтірген адам табылды ма? - дедім шыдамай. Адам өлтіргендер жазасын алу керек деп ішімнен кіжініп қоям. (Жалпы менің әңгіме тыңдағаным сондай, сырт көзге ұстамды көрінгенмен жүрек тебірентер немесе жан түршігетін әңгіме естісем байыз таппай кетем. Осы әдетімді қояйыншы десем де қанға сіңген мінезден арылу қиын екен).
– Жедел тергеушілер ұялы байланыс орталығынан телефон әңгімелерінің мәліметтерін сұратқан, қайтыс болған адамның жақындарының да телефон номерлерінің мәліметтерін түсіріп, пеленг дерегін алған. Телефондардың сөндіріліп тұрса да әр 12 секунд сайын пеленг жасап тұратынын білетін бе едің? Мен иығымды қиқаң еткіздім.
– Пеленгтегі мәлімет күдіктінің түнгі сағат үште енемнің үйіне келіп, жарты сағаттан соң өзі тұратын қалаға кері шыққанын көрсетеді. Және ол кісіге шабуыл жасалып, қайтыс болған уақыты да сол кезге сәйкесіп тұр.
– Сонда басқа қаладан келіп... жауыз!
– Тұра тұршы, сөзді бөле бермей. Әңгімешім қабағын шытынды. Мен жым болдым. «Болды, енді жағаласпайын» дедім өзіме ішімнен.
– Полицияны көрген бойда бейшара бұтына жіберіп қоя жаздапты.
Осы кезде вагонда жарық өшті. Манадан бері баяу әндетіп тұрған музыка да тыншыды. Әйелдің әңгімесінен бе, есінете берген ұйқым шайдай ашылып кетті. Екеуміз де қыбырсыз отырмыз.
– Ал, енеңізді өлтірген ұры 200 мың долларды қайтарып берді ме?
– Жоқ, ақша жоқ.
– Бәрін түгел жұмсап жібергені ме? Қысқа уақыттың ішінде? Қалай тез?
– Ақша ұрыда емес деймін. Журналиспін дейсің, өзің дым ұқпайды екенсің.
– Сонда ұры алмаған болса ол ақша қайда кетеді? (Миым жетер емес).
– Сол ақшаның қалғаны қайда кеткенін... қанша жылдан бері соны ойлаумен келем.
– Енеңізге шабуыл жасалған күні тағы біреу ұрлыққа түсуі мүмкін ғой. Киноларда болады, қылмыс жасалған кезде бір мезгілде екі рет ұрлық болады немесе бір адамды екі рет өлтіріп кетеді. Шамасы, кешегі үй сатып алу туралы әңгімені біреу сыртта тұрып естіген болып тұр ғой. Сол кезде терезе ашық тұрған жоқ па еді? 200 мың долларды да сол алған болып тұр деп білгішсіндім.
Жанар есінеп алды. Оған менің болжамым түк қызық емес екені көрініп тұр.
– Ал шынында үйде ешқандай 200 мың доллар болған емес, - деді бір кезде самарқау үнмен.
– Қалай?
– Солай.
– Журналис ей, сенде айран бар еді ғой. Мына күрешкеге құйшы.
Мен айран-асыр болған күйі ол айранын ішіп тауысқанша ішімнен оқиғаның желісін болжамақ болғаныммен ойыма ештеңе келер емес. Түн ауғанда қарным да аша бастады, мана көңіл-күйім болмады да үйден ала шыққан тамағымды шығармап едім, ендігі ашып кетті ме екен, жаңғақ алып шақсам ба...
– Бір күні енемнің үйін жинап жатыр едім, - деп жалғады сөзін ол. Шкафтағы киімдерді шығарып, ретімен қатарластыра жинап салдым. Енем көрсеқызар адам емес, барын ұқыптап киеді, қымбатын бір ақ алады. Одан комодтың тартпаларындағы заттарды да шығарып, ішін сүртіп қайта реттедім. Орнынан қозғап, астындағы шаңын да сүрттім, бір кезде астыңғы жағынан скотчпен жабыстырған бір нәрсеге қолым тірелді. Осыкүні скотч деген бір керемет зат болды ғой, қолданбайтын жерің жоқ...
(Туу, мына әйелдің мылжыңын ай... Адам өстіп те әңгіме айта ма екен? Сағызша созып болды ғой» деп отырмын).
– Әлгі оралған буманың пішіні сабын тәрізді, бірақ, жұмсақ. Әуестік билеп ашып қарасам қағазға оралған ақша. Ақша болғанда доллар. Сен өзің доллар дегенді қолыңа ұстап көрдің бе? Жылтырап тұрады екен, иісі де ерекше.
– Көрдім.
– Айлықтарыңды доллармен аласыңдар ма?
(Мына әйел мазақтап отыр ау, айлықты доллармен алсам мына күркілдеген пойызда нем бар?)
– Мен ақшаны көргенде айқайлап жібере жаздадым. Есалаң болғандай ақша тұрған жерді қайта қарадым, комодтың сырт жағынан қарасаң ештеңе білінбейді екен, ал іш жағынан қарасаң қатар тұрған бес тартпаның үшінші мен төртінші тартпасының арасына арнайы орын қалдырып жасырған болып шықты.
Ол әңгімесін кілт үзді де жанында жатқан жастықты желкесіне қойып, аяғын созып жата кетті. Шамасы отыра-отыра белі талған болу керек. Аяқ астынан табылған ақшаның тарихы қанша қызық болса да, мен де шаршап отыр едім. Үнсіз қалғанына қарап ұйқыға кеткен шығар дедім. Менің де әңгімеден өлген ештеңем жоқ, жатып демалғаным дұрыс. Әрі темір тордың аржағынан оралған адамның сөзіне сенім бар ма, манадан аузымды ашып тыңдап отырғаным рас па, өтірік пе, оны кім біледі? Купенің дермантинмен қапталған жұмсақ арқалығына басымды тіреп, қалғып бара жатқанымда оның даусынан селк еттім.
– Сен тергеу гипнозы дегенді білесің бе?
– Ааа, ол не?
– Өткенде біреулермен осы үшін таласып қалдық, біздің тергеушілерге шетелдіктерге жету қайда, олар тергеу гипнозын 40 жылдан бері қолданады дейді, мен оған келіспеймін. Біздің тергеушілерді ақымақ дей алмайсың.
– Сонда гипнозды қалай жасайды? Кәдімгі экстрасенстер секілді ме? (өзімді қинап оятып алып, зейінімді әңгімеге бұрып жатырмын)
– Қызықсың, полиция экстерсенс сияқты қолдарын сермелеп жатпайтын шығар
– Бұрын естімегесін...елестете алмай жатырмын.
– Ол деген... қалай түсіндірсем екен... Әншейінде шала-шарпы білгенін тықпалап, елді ығыр қылатын журналистерге менің түсіндіргенім ха-ха-ха... (оның журналистерді мұқатқан сайын соған рахаттанып күлетініне үйренейін дедім). Негізі тергеушінің алдында отырған күдікті бәрін айтпайды, сырын барынша жасырады, оның жасырып отырған ақпаратын білу үшін жаңағы гипнозды қолданады екен. Шетелде адам миына энграмма енгізеді дейді, энграмма әлде енграмма... әлде басқаша атала ма, әйтеуір, сол кезде адамның жадындағы жасырған ақпаратты білу оңай, бірақ, бізде де тергеушілердің өз әдістері жетеді.
– Тұра тұрыңызшы, сіз жаңа доллар туралы айтып жатқан сияқты едіңіз ғой, тергеушіге қалай кетіп қалдық. (әлде мен қалғып кетіп, аңғармай қалдым ба?)
– Тыңдай берсейші, осыкүні ойласам, бізге жақсы тергеуші тап болыпты.
– Демек, істі тәжірибелі тергеуші қараған ба?
– Неге міндетті түрде тәжірибелі болу керек?
– Жай, айтам... әдетте маманның тәжірибесін бағалап жатады ғой...
– Жоқ, ол тегреуші жас жігіт. Енемнің өліміне қатысты істі қараған тергеушінің аты Руслан ба еді... Ұмытайын деппін.
Осылай отырғанда мен Жанардың ешқандай мас еместігін анық аңғара бастадым. Оның ішіп отырғанын көріп отырмын, бірақ, қалай масаймайды? Әлде әйелдің өзін бақылауы соншалықты дамыған ба? Әлде... Манағы іштей сескенгенім, арасында ішімді мұздатқан әлдебір қорқынышым да жоғалып кеткендей, болмаса менің өзіме осының бәрі қалыпты көріне бастады ма... Шаршағаннан басым ауырлай бастады. Бірақ, көршім сергек, қараңғы жерде оның кірпігін көріп отырмасам да сол кірпіктердің бір қағылмай, кішкене қой көздердің мен жаққа тесіле қарап отырғанын шамалаймын.
– Сонымен доллар тауып алдыңыз, ақша енеңіздікі ғой.
– Тыңдасайшы. Не деген шыдамсызсың? Содан таңғалысымда шек болсашы, енем осынша ақшасы бары туралы айтпаған несі? Күйеуімнің мемлекеттік қызметтен табатыны ештеңеге жетпейтінін, мұздатқыш пен теледидарды несиеге алғанымызды білсе де ешуақытта ақшалай көмектескен емес. Біз бөтеніміз бе, бізден неге жасырған, осынша ақшаны не істемек деп ішімнен өкпелеп тұрсам да күйеуіме ақша туралы айтқаным жоқ. Бір аптадан соң тағы да үй жинаған кезде әлгі орауды жазып, ішінен жүз доллар алдым. Қорқасоқтасам да сол ақшаға өзіме бірдеңелер сатып алғаным есімде. Одан кейін де бірнеше рет жүз доллар суырып кеттім.
– Сонда енеңіздің ақшасын ұрлап жүрсіз бе? Ұят емес пе?
– Сөзді бөлме. Ал енем ештеңе байқайтын емес. Менің де ақша алуым жиіледі. Арасында байқастап, ол кісінің қас-қабағынан сыр аңдып қоям. Енді комодта жасырылған осы ақша жатсам да, тұрсам да мазамды алды, ақыры бір күні жүз долларды бірнеше қайтара ксерокстен өткізіп шығарып, тастай қылып орап орнына салып қойдым. Бір қарағанда 200 мың доллардың ксерокс екенін ешкім айыра алмастай.
– Мәссаған! Бүкіл ақша жай көшірме болып қалды ма? Әлгі ақша... қалай болып кетті өзі... сіз алып кеттіңіз бе бәрін? (Мен осынау ақылға сыймайтын әңгімеден шатыса бастадым)
– Ия, мен өзіме алып кеткен ақшаны қалағанымша жаратып жүрдім, бірақ, ешкімге сезік тудырмас үшін жарқыратып киім не әшекей алған емеспін. Құрбылармен кафеге барғаным, салонға барғаным, тәттілер алып жегенім болмаса, көзге түсетіндей сауда жасағам жоқ.
– Ал, содан... (Маған бұл бас қатырғыш әңгіме енді қызық көріне бастады.
– Көзіңе тура қарағанда қарашығыңда бүккен сырыңмен бірге оқып үлгеретін, күдіктінің ішкі әлеміне ене алатын... тергеушінің аты... Руслан ба еді (әйел өзінен-өзі сұрағандай, мен қыбырсыз отырмын, ұйқым да әбден ашылған).
– Руслан ғой. Жас жігіт... дегенмен, ол адамды жақсы алдайды. Дұрыс қой, жақсы тергеуші ең бірінші алдай білу керек.
– Алдағаны қалай, кімді алдайды?
– Өзің дымға түсінбейді екенсің, журналиспін деп қоясың. Мысалы, бір тергеуші бар, алады да күдіктіні қорқыта бастайды, оның алдында айыпкер не қорыққаннан өзі жасамаған істі мойнына алады, не арбасып, психологиялық қорғанысқа көшеді. Бір жағынан тергеушілерге де оңай емес, өмірден ала алмай қалған ақысының бәрін өндіріп алғысы келгендей шүйлігіп, қашан мойнына қойып бергенше қанды ішіп... Ал, енді біреуі іші-бауырына кіреді, жаны ашыған сияқты болып сөйлеседі, тіпті саған осы тығырықтан шығудың жолдарын ұсынады. Е-е, қойшы, оның бәрін неге айтып отырмын мыжып, бәрі бір-бірін алдайды, тіпті тергеуші де алдап түсіреді. Оны қалай деуші еді, ммм... тактика дейді өздері. Білмейтін адамдарға айыптау туралы заңның өзі қорқынышты емес пе, мысалы, өзі қорқып отырған адамға қылмысын мойындату үшін қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағу... (Осы кезде әйел оқыс күліп жіберді. Қараңғы жердегі күлкі қорқынышты еді), «өз кінәңізді мойындасаңыз, іс сотқа жетпейді» болмаса «айыппұлмен немесе шартты түрде бас бостандығынан айырумен шектелуге болады» десе... ештеңеден ұстатпаймын деп отырған адам өзіне тағылған айыптың ең жеңілдеуін мойындауы мүмкін. Ары қарай... өзін-өзі ұстап бергенін байқамай қалады. Жақсы тергеушілерді... жек көрем! Олардың сотқа берген кепілдіктері түкке де тұрмайды, өйткені прокурор айыптауды қолдайды, ал сот үкім шығарады.
Келіншектің тергеушілер туралы айтқаны ептеп таңғалдырғаны рас, тіпті кей сөздері көңілге қонатындай, ондай тосын ойды қанша рет сұхбат алып жүріп те естімегенімді мойындаймын. Түрме көрген адамдар заң-зәкүнді бір адамдай біледі десе өлсем сенбес едім. Дегенмен, бұл маған іш пыстырарлық болып көрінді. Оның үстіне әңгіменің соңына жеткенше шыдамым таусылып барады.
– Жақсы тергеушіні неге жек көресіз?
– Ол бәрін біліп қойды ғой.
– Нені?
– Уһ...
Әйел осы кезде орнынан дыбыссыз ұшып түрегелгенде... қараңғы жерде маған қарсы ұмтылғандай көрініп, біртүрлі болып кеткенім ай. Сөйтсем, ол менің тұсымда ілулі тұрған жеңіл күртесінің қалтасынан бір қорап темекісін алмақшы екен. Қалтасынан оттық алып темекісін тұтатқанда бет-аузы нарт қызыл болып көрінді.
– Енем келіп, түскі ас үстінде жаңа үй сатып алатынын, 200 мың доллар ақшасы да дайын екенін айтқанда менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Ұрлығым ашылып қалғанда не болатынын ойша елестетіп жаным шырқырап кетті, зәрем ұшқан күйі кеште күйеуімнің шайына ұйықтататын дәрі салып бердім де, немере інішегіме телефон шалдым. Осындай жоспар бар, тез жет!
– Не-ме-не?!
Әңгіменің ауаны қалай өзгеріп бара жатқанын аңғарып осы сәтте ышқындым ба... даусым қатты шығып кеткенін өзім де байқадым.
– Сонда сіз енеңізді өлтіруге тапсырыс бергенсіз бе?
– Тсс... Не айқайлайсың? Ел ұйықтап жатыр емес пе? Тыныш тыңдауға болмай ма? Әйел менің өзіме дүрсе қоя берді де, өзі енді сыбырлай сөйледі. Ол сөйлеген сайын қалтырап тоңа бастадым. Өзім қалтырап отырып оның енесін көз алдымда елестетпекші болдым, байғұс ай, қандай адам екен... Жаңа ғана келіні оны дүкен ұстаған еңбекқор, демеп пе еді, үйін жайнатып қойған талғамы жақсы деді, киімді үйлестіріп киетінін айтты, немересін еркелетіп... тапқан-таянғанын жинап, ұлы мен келінін қолына алып бірге тұрмақ болған ана... Сормаңдай әйел... Сондай адамға да опасыздық жасауға бола ма? Басым дыңылдап кетті ме ау...
Әлде, мына әйел осының бәрін ойдан шығарып отыр ма? Шынында шын сөзі қайсы, өтірігі қайсы екенін айырып болмайтын суайт адамдар да болады, мына әйел де тар жерде өзінше ермек тауып, менің жүйкеммен ойнап отыруы мүмкін ғой. (Осылай ойлағаным өз ішімді тыныштандыруға аздап болса да жарағандай).
– Ана ақша десе кісі өлтіретін туыс інім «менің бар алғаным 1300 доллар, әпкем одан артық төлеген жоқ, мен тапсырысты орындап шығып келе жатқанда есік табалдырығына қалдырғаны сол ғана, басқа ақша көрмедім» деп жауап беріпті. Тергеуші менен қалған ақшаның қайда екенін сұрады. Қымбат алтын не бриллиант сатып алмағаныма, шетелге шықпағаныма сендіре алсамшы, тіпті Қауіпсіздік комитеті, жемқорлыққа қарсы агенттік дей ме, солар қатысып, мен сектада тұрам ба, болмаса үшінші біреу қысым жасап, ақшаны соған бердім бе, бәрін қалдырмай тексеріп итімді шығарды.
Қараңғы жерде сыбырлай сөйлеген әйелдің түрмеде отырып келгені, өзінің туған енесінің көзін құртуға тапсырыс беріп, күйеуінің анасын өлтіріскені санама жеткен бойда бойымды билеп алған қорқынышым ұлғайып бара жатты. Жолсеріктің есігін қағып, таң атқанша соның бөлмесінде бола тұрған дұрыс. Өз енесіне сондай қастық еткен адамнан бәрін күтуге болар. Темір тордың аржағында отырып санасы, ойы, жүйкесі бұзылған адамның есі дұрыс болмауы да мүмкін, менің бір қылығым не сөзім ұнамай қалып, түн ішінде қылғындырса қайтем? Менің ішім манағыдан да тоңазып қалтырай бастады. Қайдағыға қайдан тап болғанымды көрмеймісің... Журналиспін деп нем бар еді. Орнымнан тұрып, сипалап аяқ киімімді іздедім. Жолсеріктен бос орын сұрап көрем...
– Қайда барасың?
– Әжетханаға.
– Қой, е, - деді ол қараңғыда мырсылдай күліп, осы сәтте ол көзіме қорқынышты кинолардағы сиқыршы мыстан болып елестеді ме ау...
– Әжетханаға барып келейін, қазір...
– Отыр. Ешқайда бармайсың, - деді ол қатуланып. Сөздер оның тістерінің арасынан ысылдай естілді.
– Журналиспін дейсің, қорқақ екенсің ғой!
– Қорқып жатқам жоқ, кімнен қорқам?
– Е, қоя берші, сендім, ар жағын тыңдамайсың ба? Сонымен мен сотталып кеттім, он жеті жыл берді, ана сұмырайға 20 жыл. Осы жылдар ішінде сол 200 мың доллардан қалған ақша қайда кетті, кім алуы мүмкін? деп ойланумен болдым.
– Сонда сіз...істегеніңізге өкінбейсіз бе? Енеңіздің не жазығы бар? Ана жігіт те босқа сотталып кетті.
– Енем... кейде өкінішіңді біреуге айтқың келеді екен... медициналық сараптамада ол кісінің сырқат екені анықталды... онсыз да көп күні қалмаған екен ғой бейшара... енемнің...
Осы кезде әйелдің даусы өзгеріп, танауы бітіп, тамағын жөткіріне бергенін байқадым.
– Ал, ана жігіттің өзіне сол керек! Оны таңдағаным бекер емес еді. Осы жоспарымды айтқанда ол тіпті шошыған да жоқ, мен де толқып, қалай қабылдайды, біреуге айтып қойып масқара болам ба деп те ойлаған емеспін. Себебі, мен оның қаныпезерлігіне сендім. Оның адам ретінде құны жоқ екенін, біреуге қастық қылу керек болса шімірікпейтінін ішкі түйсікпен сезетінмін. Ал, былай қарасаң, тып-тыныш, өзімен өзі жүрген адам. Тіпті тышқанның мұрнын қанататын адамға ұқсамайды ол. Бірақ, бала кезде оның өз бетімен жүрген ит пен мысықты ұстап алып, асып ойнайтынын талай көргем, өзі соған қарап тұратын, сол кезде көзінде бір масайраған, әлдебір жеңіске жеткендей сәттік қуаныштың ұшқынын байқайтынмын. Бала кезінде өгей әкесінен, оның інілерінен көп зәбір көрген бала ғой... Ақыры болар іс болды ғой, менің қате жасағаным – сол сүмелекті шақырмай ақ парафиликтермен келісуге де болады екен ғой.
– ...
– Көзің бақырайып парафилик деген не екен деп ойлап отырсың ба, ол танымайтын адамды ұрып-соғып, зорлап, өлтіріп кететін, содан ләззат алатын адам. Сендер журналистер оларды көше бұзақылары деп жазасыңдар. Сендерге салса бәрі жай ғана ерігіп жүрген бұзақы. Дымды да білмейсіңдер ғой сендер.
Титтей де қайраты жоқ қауқарсыз ашудан басым ауыр тартып, шекем солқылдай бастады.
– Ол ақшаның бәрі жұмсалуы мүмкін емес, меніңше оны біреу алды. Бірақ, кім екенін білмеймін, деді әйел ұйықтап бара жатып.
Апыр ай, мына әйел жасаған қылмысы үшін еш өкінбейтіні ме? Осыншалық залым адамдарды да Құдай жаратады ау... Жоғарыдағы орныма көтерілуге бұдан әрі зауқым соқпады. Егер қазір жатсам ұйықтап қалатыным анық. Мынадай адамның қасында ұйықтауға болмайды. Мынадай адамның қасында түні бойы отырып, бір ауаны жұтқанның өзін айтсайшы, қарадан қарап жүрегім айнып, енді болмаса лоқсып жіберетін сияқтымын. Уланып қалдым ба... Пысылдап ұйықтап кеткен әйелдің кешеден ішкен арағы көмейінен сасыған жуынды болып қайта шығып, бөлмені күлімсі иіс жайлап алған еді. Сыбдырсыз қозғалып, дәлізге шықтым. Бұл жер әлдеқайда жақсырақ екен. Терезеден қарауытқан дала жанды құлазытардай көңілсіз, көне болып көрінеді. Қаба сақал еркек қасымнан өтіп бара жатып, әлдене дегендей болды. Тезірек таң атса екен. Соно Аяконың «Синева небес» кітабы туралы ойладым. Қылмыскер өзіне ұнамаған адамдарды түрлі амал, айламен бір-бірлеп жоқ қылып отырады және ол мұны қылмыс деп есептемейді, керісінше қоғамды нашар адамдардан тазартып жатырмын деп ойлайды. Өзі осы ойының дұрыстығына еш күмәнданбайды. Шынында сол құрбандардың арасында сот жазасынан тайқып кеткендері де, жазықсыздары да бар еді. Авторлар осындай кітапты не мақсатта жазады екен, қылмысты көбейту үшін бе, әлде адамдар жауыздықтан сақтану үшін бе? Егер мен осы пойыздағы мазасыз түн туралы, жазасын өтеп шыққан әйелдің айтқанын жазсам нені мақсат етер едім? Бір рет қана оқылатын әңгіме болып қалатын болса оны жазудың не қажеті бар?
Бұдан әрі мен уақыт өткізу үшін әйелдің айтқандарын қайыра еске түсірдім. Бір сәт оның әңгімесі түп-түгел өтірік сияқты көрінді, есі дұрыс адам күйеуінің шешесіне сондай сатқындық, опасыздық жасай ма, сөзіне қарасаң енесімен тату болғандай. Әй, өтірік шығар...
Бірақ, купеге кіргеннен қарап отырғаны, сені бір жерден көрдім деп сендіргені таңғаларлық, бірнеше жыл бұрын республикадағы бірнеше түзету мекемесіне іссапармен барған едік. Біз барғанда Петропавлдағы түзеу мекемесінде «Алтын күз» мерекесі өтіп жатқан, өз үйінде баласының сабағын қарап, күйеуіне шай құйып отыруға тиіс әйелдердің түрме сахнасында мәз-мейрам болып ән салып, билегенін көріп жүрегім сазып кеткен. Іс тігіп, тапқан айлығынан жәбірленуші алдындағы өтемақысын өтеп жатқан әйелдердің арасында мас күйде қызына ерегесіп туған жиенін отқа салып өртеп жіберген кемпір де болған. Мойнына ақша мініп, сол ақшадан пайда көрмей (өз сөздері), жазасын өтеп жатқандар да, мас болып сабайтын күйеуіне жиырма жыл шыдап келіп, ең соңында ашу үстінде оны өлтіріп алған әйелдердің бірнешеуімен сөйлесуге рұқсат берілген. Олардың көзіндегі ешуақытта айықпас өкінішті көріп, қылмыскер болса да тезірек босап шығып балаларымен қауышса екен дейсің. Бірақ, солардың арасында бидай өңді, көзінің асты көгіс тартқан осы әйелді көрген-көрмегенім есімде қалмапты. Мұндай адамдардың есте қалмағаны да жақсы. Таң бозара бастағанда жолсеріктің орнының бергі жағындағы купе ашылып, әуелі қампайған қарын көрініп, артынша жалтыраған бас шықты. Ер адам күркілдеп жөтеле береді. Әдетте мұрнын құрт жегендер ерте тұрады ғой, тәлтіректеп басып тамбурға беттеген оның ізінен шылымның иісі келіп жатты. Енді бірер сағатта Алматыға да жетеміз деп қуандым. Пойыз рельсті ұрғылаған сайын жүрегім де қаттырақ соғатын секілді.