Қанат Тілеухан
Шырылдаған телефон тұтқасын көтеріп едім, арғы жағында Айсамал ағыл-тегіл жылап тұр. «Не боп қалды?» деген сұрағыма жауап бере алар емес. Өксігін тия алмай тұр.
«Құрман аға, тез келіңізші. Мекен-жайды WhatsApp-қа жазып жіберем» деп айтуға ғана шамасы келді де, телефонын қоя салды.Бір қалада тұрсақ та немере қарындасымды көрмегелі қай заман. Өткенде Айнабұлақ шағын ауданынан несиеге бір бөлмелі пәтер алды деп естігем.
Жеңгесімен соңғы рет сөйлескенде күйеуінің Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеткенін айтыпты.Лифтісі әлі іске қосылмаған тоғыз қабатты жаңа үйдің ең соңғы қабатына әрең көтерілдім. Есік ашық тұр екен. Айғай-шу, ұрыс-керіс байқалмайды. Бірі төртке, екіншісі үшке толған Дидар мен Дамир ойнап жүр. Ыдыс-аяқ жуып тұрған Айсамал мені көрген бетте бас салып құшақтап, солқылдап жылай бастады.
– Құрман аға, шешем қанымды ішіп бітті. Өзіңіз білесіз ғой. Он жасымда әкеммен айырылысты. Кім көрінгеннің пәтерінде тұрдық. Соңғы кезде үйге неше түрлі еркекті ертіп келуді шығарды. Жұмыс істемейді. Көршілермен ұрысады. Осыдан бір апта бұрын айфонымды ұрлап кетті. Пышақ сілтеп қорқытты. Содан кейін есікті ашпайтын болдым. Қайдан табатынын білмеймін, біреулерді осында жібереді. Ол белгісіз адамдар «әкімдіктенбіз», «полицияданбыз» деп күндіз-түні кеп мазаны алады. Қастарында маманың барын білем. Ашпаймын. Ақыры болмаған соң «полиция шақырамын» деп қорқыттым. Бәрібір қоятын емес. Көршілерге барып: «Қызым үйден қуып жіберді, жейтін тамақ беріңдерші» деп қайыр тілеп жүр. Ринат бір достарымен Кореяға жұмысқа кеткен. Күнде қорқып жатамын. Алыста жүр ғой. Жолдасыма мына жағдайды айтқым келмейді. Бірақ ол онсыз да шешемнің қандай екенін біледі.
– Мамаң қазір қайда?
– Шатырда.
– Шатыры несі?
– Шатырда тұрады. Оның шатырда тұратынын көршілердің WhatsApp-ғы чатынан білдім. «Біздің шатырда Карлсон әйел пайда болыпты» деп күнде жазады. «Қызы қаңғыртып жіберіпті» деп, мені де тілдеп жатады.
Пәтерден шығудан қалдым. Тысқа шықсам, саусақтарын шошайтып бір-біріне мені көрсетеді. Бұл үй ипотека бойынша салынған ғой. Көбі өзіміздің қазақтар. Сөздері таусылмайды. Мазалағаныма ренжімеңізші. Сізге айтпағанда кімге айтамын? Елден ұят болды. Мамамды алып кетіңізші.
Айсамалды бұдан ары тыңдап тұра алмадым. «Шай іш» дегеніне қарамастан шатырға бір-ақ шықтым. Әпкем астына қысқы курткасын салып қойған. Бұрқыратып шылым шегіп отыр. Құрылысы толық аяқталмаған үйдің шатыры шаң-тозаң. Терезелері орнатылғанымен бір жерден жел уілдеп тұр. Әпкем менің келетінімді күтпегенмен, аяқ асты пайда бола қалғаныма таңдана қойған жоқ. «Құрмашым-ау» деп құшақтап бетімнен сүйді де:
– Сені ана сучка шақырды ғой, иә? Бұзылған неме. Күйеуі Кореяда. Ал, ол болса балаларын ұйықтатып тастап, жігіттеріне кетеді. – Менің қоқыс жәшігінде жататын пакеттерден көз алмай қалғанымды аңғарып: – Құрмаш, мені мусордан тамақ жеп жүр деп ойлап қалдың ба? Адамдар кейде қоқысқа байқамай ақша тастап кетеді. Мен ақша іздеймін. Айсамал үшін жұмысқа да шыға алмай қалдым ғой. Осы шатырда да қызым мен немерелерім үшін тұрып жатырмын. Сырттарынан қарап жүрмін. Желігін күйеуіме айтып қояды екен деп қуып шықты ғой.
– Анар, қалған әңгімеңді содан кейін айтасың. Жинал, кеттік.
– Қайда барамыз?
– Біздікіне.
– Жарайды. Гүлназ бен Гүлбаһар үлкен қыз болған шығар. Оларды көрмегелі қанша болды. Заттарым сөмкемде жиналып тұр. Қолыма алам да кете берем, – деп, балаша мәз болып жинала бастады.
Анар шылымды жиі шегетін болыпты. Тоғызыншы қабаттан түскенше үш талын тартып тастады. Мен оның бірде-бір сөзіне сенгенім жоқ. Айсамалдың бейәдептілікке бармайтынын білемін. Осыдан жарты жыл бұрын әпкем түнделетіп екі-үш рет келіп кеткен еді. Әр келген сайын «Бұл жездең, жақында үйленеміз» деп бір еркектерді ертіп келген. Соңғы рет келгенде: «Енді келуші болма» деп қатты-қатты айтып, шығарып салғанмын.
****
Анар менен бар-жоғы екі-ақ жас үлкен бөле әпкем. Алтыншы сынып оқып жүргенде біздің қолымызға келіп тұрды. Әжем марқұм бір түнде көшіріп алып келген-ді. Анасы Шекер апай шешемнің туған әпкесі еді. Біздің ауылдан елу шақырымдай жерде Қопа деген ауылда тұратын. Әкесі Берікбол аға арақты қатты ішетін. Ұзақ жылдары совхозда трактор айдаған. Үйдегілердің айтуынша жас күнінен жынды суға жақын болыпты. Сәбет үкіметі құлап, жұрт жаппай жұмыссыз қалғанда араққа тіптен салынып, үйіндегісін тасып ішуді де шығарыпты. Ет дейсің бе, ұн дейсің бе, қысқасы, қолына түскенін алып-сатарларға апарып, араққа айырбастай берген ғой. Онымен қоймай отбасының берекесін алып, қатыны мен кішкентай Анарды да ұруды шығарған. Біздің үйге талай қашып келуші еді. Кейде көрші аудан орталығы Сарқанттағы қайын жұртына барып жататын. Анамның айтуынша, күйеуінің таяғынан шаршаған Шекер апай әскерден келген ұлына көзінің жасын көлдей ғып, мұңын шағыпты.
Әңгіме былай болған ғой. Бөле ағам әскерден келгенде ауылдың жігіттерімен аман-есен оралғанын тойлатады. Ол думан бірер аптаға жалғасады. Содан шешесі байқұс: «Балам, мына арағың не? Әкеңнің ішкені аз ба? Сен екі жыл әскерде болғаныңда әкең көрсетпегенді көрсетті» деп бар көрген қиянатын жайып салады. Бойында шайтан судың оты бар Жомарт әкесімен байланыса кетеді. Берікбол аға да қызып алған, «ұлымды өзіме айдап салғаның не?» деп Шекер апайға жүгіріпті. Ақыры араққа тойып алған әкелі-бала төбелесіп, соңы өліммен аяқталады. …Жомарт әкесінің басын балтамен шауып тастапты.
Содан әскерден жаңа келген Жомарт он жылға сотталды. Ағам үйдегілермен хат алмасып тұрды. Бірақ түрмеден босап шығатын жылы түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Ал Шекер апай көшіп келген жылы-ақ бір түсініксіз ауруға шалдықты. Апталап, тіптен айлап кісі баласымен сөйлеспей, меңірейіп отырып алуды шығарды. Талдықорғанға апарып, дәрігерлерге көрсеткенде «жүйке-жүйесі бұзылған, миында ауытқу бар» деп ауруханаға жатқызды. Бірақ ем қомбады. Алғашында жазылғандай болғанымен, бірер айдан соң дерті тіптен қозып, жындыханаға қайта түсті.
…Әкем мен туған жылы дүние салыпты. Әкемнің туған-туыстарын ер жеткенше көрмедім. Неге екенін білмеймін, әжем жарықтық шешеме олар жайлы айтуға тыйым салатын. Көнбіс шешем анасының айтқанынан аса алмайтын. Бір әкеден тараған Шекер әпкесі екеуі ғана. Сондықтан әпкелі-сіңілілердің балалары бөледей емес, туған бауырлардай, бір үйде бір-бірімізге жақын өстік.
Анар туған әпкем Нұргүлмен түйдей құрдас екен. Бетінің қан-сөлі жоқ мүсәпір қыз айналасына үрке қарайтын. Неге екенін білмеймін, Нұргүлге емес маған жақын болды. Екеуіміздің төсегіміз қатар-тұғын. Ата-анасы мен ағасын ойлап түнімен жылаушы еді. Оның үстіне,қуығы ұстамай, үнемі бұтына жіберіп қоятын. Таңертең әжем ылғи тұра сала Анардың көрпесін жұлып алып: «Ой, шыжың қаншық-ай, тағы да бұтыңа сидің бе? Үйдің бәрін сасыттың ғой. Ағасы туған әкесін өлтірген қаныпезер, өзі дардай қыз болса да бір шыжың кегір. Марқұм әкесі алқаш еді ғой. Алқаштан қайбір оңған бала туушы еді?!» деп үйді басына көтеретін. Анар әрбір таңды қорқынышпен атыратын. Одан қалса Нұргүл «шыжың-шыжың» деп, балалар, өзіміз қалғанда үнемі мазақтайтын. Анар Нұргүлге қарсыласа алмайды. Нұргүл әжесінің баласы болып өсті ғой.
Қайбір жылы Нұргүл, Анар үшеуіміз қолымызға гүл алып мектепке бардық. Бірінші қыркүйек біз үшін қашан да қуаныш. Өйткені жаңа киіммен мектепке бару өзінше бір мейрам. Әйтсе де, анам үнемі бір өлшем үлкен киім алып беретін. «Жылда-жылда жаңа киім алуға ақша жоқ. Келер жылы да киесің осыңды» деуші еді. Баласың ғой, ол сөз қаперіңе кіріп те шықпайды. Бірақ сол жылы-ақ ол киімдердің тоз-тозын шығарып тастайтынбыз. Бірінші оқу күні оқушылар сабақ оқымайды емес пе, салтанатты жиынан кейін ойнап кетсек керек, балалардың соңынан Анар екеуіміз оқулықалмақ болып, кітапханаға келдік. Кітапханашы Қадиша апай мен еден жуушы Раушан тәте бейқам, шай ішіп отыр екен. Қызу әңгімеге кірісіп кетіпті, «керек кітаптарыңды өздерің тауып алыңдар», деп дастархан басынан қозғала қойған жоқ. Әсілі, әйел заты өсекші келеді ғой. Әсіресе біздің ауылдың қатындары. Үлкен-кішіге қарамай өсектейді. Әңгімелері бір үзілгенде, көздері Анарға түсті.
– Байқұс қыз-ай, биыл да анау Нұргүлдің ескі-құсқысын киіп келіпті ғой. Нұрайша кемпір үйінде Анаржанды күң сияқты ұстайды дейді көрші-қолаңдары. Жетім қыздың үкіметтен беретін жәрдемақысын өзіне жұмсаса қайтер еді. Балқиясының ұл-қызын шырттай киіндіріп бұл бейшарыны қалай болса солай мектепке жібереді.
Қадиша апайдың бұл сөздерін Раушан тәте қамшы салдырмай қолдап кетті.
– Еее, Нұрайша жетімнің үкімет беретін аз ғана жеміне жемсауымды толтырам деп ойлай ма? Төрінен көрі жақын ғой. Неге балаларды бөледі екен? Балқия да шешесіне айтпай ма екен?!
– Е-е-е, о қатынға өз балалары ғана керек қой.
Екі әйел енді шешемді сыбай бастады. Анам жайлы ғайбат сөдерді тыңдап тұра алмадым. Жүгіріп тысқа шығып кеттім. Артымнан Анар да ілесті.
– Тоқта, Құрман, тоқта, – дейді.
Бір минут та кідіргем жоқ. Үйге қарай асығып барам. Барлығын анама айтып бергім келеді. «Тілі ащы әйелдердің жазасын шешем беру керек», деймін, іштей булығып. «Неге анама араша түсіп, анау өсекшілердің аузын жаппадым», деп, өзімнің жасықтығыма да жыным келді. Анар мені орта жолда қуып жетіп алды. Ентігін баса алмай:
– Жыламашы, Құрман, жыламашы, – деп мені бас салып құшақтады.
– Анар, аналар айтқандай мамам жаман адам емес. Саған жаманшылығы жоқ,– деймін даусым дір-дір етіп.
– Әрине, әрине. Тәтем жақсы адам. Қазір өмір сүру қиын ғой. Ақшаны үнемдеу үшін, бізге тамақ алу үшін маған Нұргүлдің формасын кигізеді. Онда тұрған ештеңе де жоқ. Нұргүлдің дене бітімі менен үлкен болғандықтан, оның былтырғы киімдері маған шақ. Егер Нұргүлдің бойы менен кіші болғанда менің киімімді ол киетін еді, – деп Анар жылы шыраймен езу тарты.
«Иә, иә» дегендей басымды изеп, Анарды мен де құшақтай түстім. Бір кезде көз жасымды сүртіп, бөле әпкеме қарасам, үстіндегі Нұргүлдің былтырғы мектеп формасының өңі кетіп қалыпты. Кітапханашы апайдың сөзі есіме қайта түсіп, көзіме тағы да жас үйірілді:
– Анар, келесі оқу жылында мамам саған міндетті түрде жаңа киім-кешек алып береді. Сөмкең де жап-жаңа болады, – дедім, жылай жаздап.
– Әрине алып береді, алып береді. Тек сен тәтеме кітапханадағы әңгімелерді айтпа. Айтпаймын депуәде бер. Әпкем мені тағы да құшағына алды.
…Көзді ашып-жұмғанша оқу жылы да аяқталды. Мен алтыншы, Нұргүл мен Анар сегізінші сыныпты бітірді. Алда – ең ұзақ жазғы демалыс. Бірінші қыркүйектен кейінгі оқиғадан соң үлкендердің Анарға деген көзқарасын бақылаумен болдым. Әжемнің Анарға деген салқын қабағынан биыл да жаңа мектеп формасын алып бермейтінін аңғардым. Сол жазда ауылға Талдықорғаннан темір-терсек алатындар келе бастаған. Олар алюминийдің келісін жиырма, мыстың әр келісіне елу теңге беретін. Ауылда бала біткен совхоздың ескі гараждарынан бастап, күл-қоқысқа дейін қопарып, алюминий мен мыс жинауға кірісіп кеткен. Биыл Анар қайткен күнде де бірінші қыркүйекке жаңа формамен баруы тиіс! Жалынып жүріп, бөле әпкемді темір-терсек теруге көндіріп алдым. Нұргүл бізге қосылған жоқ. Ол анама ілесіп, Үштөбеден келген корейлердің жуасын шөптеуге кірісіп кетті. Анар екеуіміздің жазғы жұмысымыз ауыр болған жоқ. Мамам мен Нұргүл сияқты шыжыған күннің астында арам шөппен алыспаймыз. Түске дейін темір-терсек іздейміз. Кешке таяу үйге ораламыз. Мен бірден еміп қоймасын деп, табын келмей бұзауларды іздеуге шығамын. Ал Анар кешкі тамақты әзірлеуге кірісетін. Ауыл-аймақ болып қу темірдің соңына түскесін, көп кешікпей жердегіні тауыстық. Бірақ, ешкімнің миына кіріп-шықпаған ой маған келді. Ол жылдары электр жарығы мүлдем өшіп қалған болатын. Аудан орталығы Қапалдың өзі де жарықсыз қалған-ды. «Бағаналардағы сым темірлерді алу керек», – дедім бір күні Анарға құпия жоспарымды ортаға салып. Ол бірден келісе қоймады. «Бәрібір сым темірлер бағанада бос ілініп тұр. Басқалар сыпырып кетпей тұрғанда алып алайық» деп, қояр да қоймай ақыры көндірдім.
– Бірақ, бағаналарға сен емес мен шығамын, – деп шарт қойды бөле әпкем. Ондағысы биіктен құлап, бір жерін жарақаттап ала ма деп, алаңдағаны ғой.
Менің ойым Анардың соры болды. Биік бағанадан құлап жамбасын сындырды. Анарға ота Жансүгірде жасалды. Онысы дұрыс жасалмай, бейбақ әпкем Талдықорғандағы облыстық ауруханада тағы да пышаққа түсті. Сол кезде жындыханада жатқан Шекер апай кенеттен дүние салды. Өз жанымен әуре болып жатқан Анар шешесімен қоштаса да алмады. Қара жамылған Анардың көңілін аз да болса көтеру үшін оның жаңа мектеп формасы үшін жаздай темір терумен болдым. Үйдегі су тасып жүрген екі дюраль алюминий флягты ұрлап алып шығып, сатып та жібердім. Оным үшін шешемнен оңбай таяқ та жедім. Туған бауырымдай жақсы көретін бөлеме қуаныш сыйлай алмадым.
Талдықорғанда ұзақ емделген Анар алдағы оқу жылына тағы да Нұргүлдің ескі киімін киіп барды…
***
Анарды үйге ертіп келгенімді әйелім мен үлкен қызым жақтыра қоймады. Дастархан басында отырмыз. Кіші қызым Гүлбаһар әр нәрсені бір айтып отырғаны болмаса, басқа ешқайсымыз тіс жарғанымыз жоқ. Келіншегім сәлден соң қыздарды ертіп басқа бөлмеге кетіп қалды. Анар қомайғаланып тамақ ішіп отыр. Енді ғана байқадым,самайына ақ түсіп, көзінің астында ісік пайда болыпты. Үстіндегі киімі кір-кір. Аяғында нәскиі жоқ.
– Анар, неге жалаң аяқ жүрсің? – деп сөз бастадым.
– Нәскиім жоқ деп ойлайсың ба? Аяғым ісіп кете береді. Содан кейін аяқ киімім қысады. Әдейі шешіп тастағам. Шекесі тырысып, дауысы шаңқ етіп шықты.
– Бұрын білдей бір компанияның сәулетшісі едің. Мына түрің не? Жанашырлық таныта сөйледім.
– Ақыл айтпашы.
– Еркіннен бекер ажырастың. Жақсы жігіт еді. Жұмысы, үйі бар.
– Құрман, қойшы. Сен оның қандай екенін білмейсің ғой. Шешесінің сөзінен шыға алмайтын. Сараң болатын. Енем он жыл «қу жетім, қу жетім» деп өмірімді ойран етті. Айтшы, кім әке-шешесін қалтасына салып жүреді?
– Енді Еркіннен ажырасқалы міне 16 жыл болды. Неге қайта тұрмыс құрмадың?
– Қазір дұрыс еркек бар ма? Тауып берші. Қазір-ақ үйленейін. Сен менің басымды қатыру үшін үйіңе алып келдің бе? Тыныш отырып тамақтанайыншы.
Жақтырмай, қабағын шытып, көзін алайта қарады. Не айтарымды білмей, тілімді тістедім де қалдым. Қарсы алдымда мүлдем басқа Анар. Мен білетін әпкем қайда? Менің адал ниетімді түсінер емес. Соншалықты өресі тар, көкбеттігі жоқ еді ғой. Өзімді итиіп отырған бір сүйкімсіз адамдай сезініп, орнымнан тұрып, кетіп қалдым.
Анар біраздан кейін барып дастархан басынан тұрып, екі қытай ала сөмкесінен киім-кешектерін шығарып, мен отырған бөлменің ортасына шашып тастады. Үйдің ішін жайма базарға айналдырып жібергенін іштей жақтырмасам да онымды білдіргем жоқ. Жыртылған, әбден кір болып кеткен киімдерін сұрыптап отыр. Біразын апарып, кір жуғыш машинаның ішіне салып қойды. Тым еркін. Стөл үстіндегі Гүлназдың смартфонын шұқылап, бір музыка қосып қойды. Біраздан кейін диванға келіп, қасыма жайғасты.
– Құрмаш, мені бұл өмірде ешкім шын жақсы көрген жоқ.
– Анар, қойшы болды, қияли әңгіме бастамай. Өзің сияқты Нұргүл де жалғыз. Күйеуінен ажырасып кеткен. Үш баласын асырап жүр. Әйтеуір пәтер жалдап болса да күнін көріп жатыр ғой. Сен бір Айсамалға қарай алмадың. Жүрісің мынау.
– Нұргүлге сен қарайласасың. Ал сен менің қызымның қолына мың теңге ұстаттың ба осыған дейін? Сені осы қалаға тартқан, жұмысқа орналастырған кім? Менің Жомарт ағамның достары.
– Осы әңгімеңді қойшы. Егер мен өзім еңбек етпесем, Жомарттың достары баяғыда жұмыстан шығарып жіберер еді.
Жүзімді суытып, жақтырмай жауап қайырдым.
– Иә, иә, бәріне өзің жеттің. Өзің толдың. Сені бүгіннен бастап Мықтыбек деп атаймын. Көзі қанталап кеткен Анар кекете тіл қатты.
Бағана ғана әпкемнің азған-тозған өмірі жаныма батып еді, енді мүлдем басқа күйдемін. Қызының бағана айтқан сөзі рас боп шықты, бұның бақытсыздығына өзгелер кінәлі екен. Өз өміріне өзі қас, ақылы таяз, кеудемсоқ есірікке қалай айналып кеткен? Көкірегімдегі уайым жоғалып, оған деген жеккөрініш сезім бойымды билей бастады.
– Шекер тәтем жақсы адам еді…
Өмірінің соңында ауыр індетпен күресіп, дүние салған байқұс шешемнің атын мейірлене айтқанда көңілім босап кетті.
– Шешем сені өз қызындай жақсы көрді ғой.
– Иә, білем. Сен де сондай болғансың. Ал анау қақпас кемпірді жек көретінмін. «Сен қаншық менің қызымды жұттың»,деп ұратын. Сонда менің не жазығым бар еді? Құрмаш, айтшы?
– Ой, сенде бір. Анар, өткенді қайтесің бықсытып. Бүгінмен өмір сүрші. Ол кез өтті, кетті. Әжем қайтыс болды. Өлген адам жайлы жаман айтудың қажеті жоқ.
– Құрмаш, сен білмейсің ғой….білмейсің. Ал мен оның маған неге өш болғанын білетінмін. Әкемнің де, шешемнің де, Жомарттың да өліміне сол қақпас кінәлі еді.
– Ренжіме. Сен енді бұл жолы таза қудың.
– Жоқ, жоқ! Соңына дейін тыңдашы. Бәрі сол кемпірдің келуінен басталды. Папам бір айдай ішпей жүрген. Әжем өзі арақ берді сол жолы. Мамам Шекер тәтем сияқты жуас емес еді ғой. «Күйеу балаңызбен стақан соғыстырып отыруға ұялмайсыз ба?»,- деп ұрысты. Сосын ашуланып бөлмесіне барып жатып қалды. Содан кейін папам қарызға бір бөтелке арақ алып келді. Екеуі тағы да ішті. Әжем папама: «Анау қатыныңа не болған? Тіпті жақтырмайды ғой. Күнде келіп жатқаным жоқ. Осы үйдің еркегі емессің бе,барып тұрғыз. Дұрыстап шай берсін. Е-е-е, «алқаш» деп сені адам санатына қоспайды деші. «Құдайдың ризашылығы ерімнің қабағында» дейтін қатындар қазір жоқ», – деп мамама қайрап салды. Содан айғай-шу басталды. Папам мамамды ұра бастады. Сол кезде Жомарттың да келе қалғаны бар емес пе. Әжем басқаша сайрай жөнелді. «Жомарт-ау, мына алқаш әкеңе қой демейсің бе? Байқұс қызымды өлтіретін болды ғой», деп ойбайға басты. …Сосын арғы жағын өзің білесің.
…Түнді ұйқысыз өткіздім. Дөңбекшіп жата алар емеспін. Анардың бағанағы әңгімесі кірпік айқастыруға мұрша берер емес. Ақыры күн де ұясынан көтерілді. Сол кезде ғана маужырай бастадым. Бірақ жұмысқа баруым керек. Жоқ, бүгін демалыс қой. Кеше күн жұма болғаны есіме түскенде, мазамды алған ауыр ойлар ұйқыға жеңіліп, көзім ілініп бара жатты. Сол жатқаннан түсте бірақ ояндым. Әйелім кешегідей емес қабағы ашыңқы. «Тез жуынып кел, шай ішкелі жатырмыз», деді. Анар да жайдары. Душқа түсіп шыққаны көрініп тұр. Алайда, кеше жуған таза киімдерін кимеген.
– Құрмашжан, – деді әдеттегідей атымды атамай, еркелетіп. Мен кетейін. Қорықпа шатырға бармаймын. Айсамалдың да мазасын алмаймын. Өзі білсін не істесе де. Сен кеше біздің үйде біраз тұр дедің. Олай болмайды. Жұмысқа шығамын. Қазір жұмыс көп қой. Көлік жуушы болып та жұмыс істегенмін. Білесің ғой мені. Бала кезде де жұмыстан қашпайтынмын. Айтпақшы, намаз оқығым келіп жүр. Шіркін мешіт салса ғой. Бір имамға үйленген дұрыс деп ойлаймын. Мешітте ақша көп болады екен. Осы Алматының талай мешіттерінде қондым. Ол жерде жақсы адамдар көп. Тамақ береді, киім-кешек те береді.
Ұйқым дұрыс болмағандықтан ба, басымның мыңғы-дыңғысы шығып, түк те түсіне алмадым. Әйтеуір, іштей кетемін дегенін құптап тұрмын. Әйелім де мәз.
Анар кеткелі арада екі апта өтті. Телефонымды жоғалтып алдым деген еді. Бәрібір бір үмітпен бірнеше рет хабарластым. Ала алмадым. Қараша соңы қарға ұласып, күн суытты. Аяғына киіп жүргені жазғы аяқкиім еді. Қайда жүр екен? Өткенде тергеушідей сұрақтың астына алып, аяғында құр ақылды айтып-айтып, жібергендей болдым-ау. Ішіндегісін айтып ақтарылғысы, сырласқысы келді. Іштей жиырылдым да қалдым. Қолына үш мың теңге бердім де, тез қоштасуға асықтым.
Айсамалға хабарласып ем: «Аға, уайымдап қайтесіз. Ол өлмейді. Өзі сияқты біреулерді тауып алып, солармен жүрген шығар», деді. Мен қазір Айсамалды да түсінуден қалдым. Әрине өзімді де.
Он бірінші сыныпты бітірген жылы Талдықорғандағы құрылыс колледжіне түскен едім. Анар «қалаға үйренгенше бірінші жыл біздің қасымызда бол», деп, жатақханаға жібермей қойды. Жездем екеуі жарасымды жұп. Айсамал – қуыршақтай сүп-сүйкімді бала. Еркін ол кезде аға лейтенант. Қаланың сыртындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Жұмыстан кеш келетін. Әпкем екеуіміз жездеме арнап тамақ әзірлейміз. Айсамал болысқандай болып жүреді. Анар екеуміздің әңгімеміз бітпеуші еді ғой. Назардан тыс қалып қалған кішкентай Айсамал балконнан қуыршағын лақтырып жіберіп, «алып кел» деп еркелеп жылайтын. Төртінші қабаттан жүгіріп түсіп әкеп берем.
– Қуыршағыңды енді лақтырсаң, балконнан өзім секіріп кетем, – деймін.
– Секірме. Сені кім көтеріп алып келеді. Менің шамам жетпейді. Ал мамамның қолы бос емес,тамақ істеп жатыр, – деп шыр-пыр болатын.
Біз күлетінбіз. Ол бір тамаша күндер еді.
Бірінші курсты «жақсы» деген бағаға аяқтағаныммен колледжді өз еркіммен тастап, Алматыға кетіп қалдым. Шешем ауырып, жұмыс істеуіме тура келді. Анар мен Еркіннің айрылысқанын үйдегілерден естідім. Дәлірек айтқанда, әжемнен. Анамның қалын білу үшін жұмыстан екі-үш күнге сұранып келген болатынмын. Кешкі ас үстінде әжем:
– Талдықорғандағы қыздарға соқпадың ба? – деді.
– Жоқ. Үшаралдың автобусымен тіке өтіп кеттім, – деп жауап қайырдым.
– Анау Анар әпкең байынан ажырасып кеткен,- деп қойып қалды. Әжемнің сөзіне сене алатын емеспін. Сұраулы жүзбен анама қарадым. Қайта-қайта жөтеліп отырған анам да маған бұрылды. Тіл қатқан жоқ. «Өкінішке қарай солай болды» деген жазуды жанарынан оқыдым.
– Әпкең жұмысында бастығымен әуей болыпты. Жатыры қағынған ғой. Алқаш әкесінің қарындасы дидәку еді. Қан деген жібермейді екен ғой, – деді әжем тағы да тыныш отырмай. Тәбетім қашып орнымнан тұрып кеттім.
***
Біз тұрып жатқан «Шаңырақ» ықшам ауданында жер үйлер ғана бар. Рысқұлов көшесіне шыққанда көп қабатты үйлерді көріп: «Анар қай шатырда тұрып жатыр екен?» деп ойлауды шығардым. Онымды түнеу күні әйеліме айтып ем «Жынды әпкеңді іздеп Алматының барлық шатырларына шығып жүрме», деп күлді.
Анар қыстың соңғы айы ақпанда бірақ табылды.
Бөлім меңгерушісі Маргарита Сергеевна мені жылы қарсы алды. Психикалық сауықтыру орталығының аурасы ауыр екен. Дәрі иісі сіңіп кеткен дәліздерде адам қарасы көп емес. Тек медбикелдердің жетектеуімен бір-екілі емделушілерді көзім шалды. Маргарита Сергеевна кәдімгі аурухананың дәрігерлеріндей жеке кабинетінде қабылдаған жоқ. Бір диван ғана тұрған арнайы бөлмеге алып кірді.
– Сіз Анардың кімі болып келесіз? – деп сөзін бастады.
–– Інісімін.
– Туған?
– Жоқ, бөлесімін.
– Медбикелер сөмкесінен сіздің визиткаңызды тауып алыпты. Осыдан екі апта бұрын бізге өте ауыр жағдайда түсті. Көше кезбесіне айналып кеткен ғой. Қайта құдай айдап, әпкеңіз Қазыбек би көшесіндегі қалалық жедел жәрдем ауруханасына барыпты. Беліне шағымданыпты. Құжаты болмаған соң ол жақтағылар қарамаған ғой. Әпкеңіз айғай-шу шығарып, қабылдау бөліміндегі медбикеге қол көтерген. Терезенің әйнегін сындырған. Олар арнайы бригадамен осында алып келді.
– Қазір қалай?
– Уайымдамаңыз. Жағдайы жақсарып қалды. Әзірге толық диагноз қойғамыз жоқ. Бірақ алдын-ала болжамдар бар. Әпкеңіз кеше ғана ауруға шалдыққан жоқ. Басынан қандай да бір қиын жағдай өтіп пе еді?
Мен қысқаша Анардың өмірін баяндап бердім.
– Бәсе, өзім де солай ойлап едім. Бала кезінде психикалық травма алған екен ғой. Сол кезде психологқа апару керек еді. Соңғы рет көргенде жүріс-тұрысынан, сөзінен не байқадыңыз?
– Желігі басылмай кетті ғой.
Аузымнан бұл сөздің қалай шығып кеткенін байқамай қалдым.
– Сіздер еркектер ондайды кешіре алмайсыздар. Намыстана қаласыздар.
Дәрігердің бұл сөзін жақтырмадым. Оным бетіме шығып кетсе керек, Маргарита Сергеевна қоштаса бастады.
– Ұзақ жата ма? – дедім сасқанымнан.
– Бізге осы айдың алтысы күні түсті. Толық бір ай емделеді. Содан кейін дәрілерін беріп, үйге, «отпускіге» жібереміз. Аптасына бір рет алып кеп тұрасыз. Екі аптадан кейін жағдайына байланысты көреміз. Қазір бір медбикені жіберем, әпкеңізбен жолықтырады. Сау болыңыз, – деді де, кетіп қалды.
Көзі қысыңқы келген, ет жеңділеу, жасы шамамен елуден асқан медбикеге ілесіп әйелдер бөлімшесіне кірдім. Есік арнайы кілтпен ашылады екен. Ұзын дәлізде он шақты әйел ары-бері теңселіп жүр. Мені көргенде барлығы кілт тоқтай қалды. Бейне бір біреу бұйрықпен «тоқтаңдар!» дегендей. Маған меңірейіп қарап біраз тұрды да, қайтадан қозғала бастады. Теледидардың дауысы шығып тұрған бөлмеден қалың көзілдірік таққан, ыржалаң-ыржалаң еткен бір орыс әйел шығып, қасыма жетіп келіп, тергей жөнелді:
– Кімге келдіңіз?
– …
– Кімге келдіңіз деймін. Неге үндемейсіз?
– Анарға.
– Кімі боласыз?
– Інісімін.
– Бәрекелді. Танысып қоялық, атым Ольга Павловна. Әпкеңіздің адвокаты боламын. Бізде керемет жоспар бар. Сараң жездеңіз ажырасқанда пәтерін шешесінің атын жазып жіберген екен ғой. Соны алып беремін. Сіз біздің командамызға кіресіз ғой?
Не айтарымды білмей састым. Жүзіне зер сала қарадым. Қалың көзілдіріктен жанары көрінбейді. Ауызы бір жағына қисайып кеткен екен.
– Иә, иә, – дей бергенім сол еді. Тағы біреу келді. Әукесі шығып кеткен, толық денелі қыз бала. Қанша мол денелі болғанымен бет жүзінен отызға толмағаны көрініп тұр.
– Ағай, мен сурет саламын. Көріңізші. Тез көріңізші. Қазір медбикелер көрсе тартып алады.
Өзін Әлиямын деп таныстырған қыз киімімнен тартқылай бастады. Оның суреттерін көремін дегенде, үшінші бір әйел келіп темекі сұрай бастады. Бұл үшеуінен мені бағанағы медбике арашалап алды.
– Барыңдар бөлмелеріңе, – деп айғай салды көзі қысыңқы келген әйел.
Үшеуі зып беріп келген жақтарына тайды.
Бірер минуттан кейін тәпішкесін сүйретіп Анар келді. Екеуіміз кездесу бөлмесіне кірдік. Үстелге алып келген тамақтарымды шығардым. Алайып бір қарады да, басын изеп амандасқандай болып, тамақ жей бастады.
– Еден жуып, темекі тауып жүрмін. Шылым алып келмедің, ә? – деді басын үстелден көтермей.
Қалтамдағы жарты қорап темекімді үстелдің үстіне қойдым. Аузына қасықпен тамақ салып жатып, екінші қолымен «Kent»-тің пачкасын қалтасына салып алды. Көрші үстелде қызына тамақ беріп болып, ыдыс-аяғын жинай бастаған жасы алпыстағы әйел адам целлофан пакетті сытырлата бастады. Анар әлгі кісіге жалт бұрылып:
– Пакетіңді сытырлатпай жина. Қазір мына қасықпен көзіңді шұқып аламын, – деді айғайлап.
Бағана Маргарита Сергеевна «не айтса да қарсы сөйлемеңіз» деп ескерткен. Үндемедім. Көрші апа да сөйлеген жоқ. Тек бағанағы көзі қысыңқы медбике жетіп келді.
– Анар, тыныштық па? Не болып қалды? – деді жымиып.
– Тыныштық, тыныштық!.. Несі тыныштық?! Мен мына жерден қашан шығамын?
– Қайда асығасың? Дұрыстап емделіп ал, – деп медбике Анардың ақырын арқасынан сипап қойды.
– Жұмыс істеуім керек. Наурыздың оны күні – қызымның туған күні. Сыйлық жасауым керек.
– Емделіп шықсаң, қызыңа сол да сыйлық!
Оныңыз рас дегендей, әпкем басылып қалды. Тойдым дегендей, алдындағы тәрелкені бір жаққа ығыстырып қойды да:
– Мені бір жағынан жынды қылған Айсамал ғой. Әкемнен айырдың, үйсіз өстім деп ылғи миымды жейтін, – деді.
Тіл қатпадым. Әпкем екеуіміздің қып-қысқа бірге отырған осы сәт мәңгілікке айналғандай. Тұман арасында аласұрып, жол таппай тұрған жолаушыдаймыз. Ол ауыр күрсінді. Бұдан әрі үнсіз отыруға болмайды дейді ішкі даусым.
– Анар, бәрі жақсы болады. Дәрігермен сөйлестім, ертең-ақ емделіп шығасың.
– Жоқ, жоқ, – бұл жолы әпкемнің дауысы баяу шықты. – Мені өзіңмен бірге алып кет. Мына жерде мен адам болмаймын. Білесің ғой мамамның да осындай жерде қайтыс болғанын. Айсамалға да, сенің де үйіңе бармаймын. Мен шатырда тұра берем!
Анар көзінен аққан жас пен мұрынынан тамған сораны елейтін емес. Солқылдап жылай берді, жылай берді.
Соңы.