Кәмел Жүністегі

– Жалғызы ғой, – деді Мұхамедия Әлінің бетіне қарап.

– Иә, – деп күрсінді Әлі.

Екеуі Жүрсіннің үйіне қарай асықпай аяңдап келеді. Сол қаралы үйдің маңы қара-құрым жұрт. Кіріп-шығып жатқан осы ауылдың адамдары. Естуінше, Жүрсіннің жалғыз ұлы ауыл іргесіндегі зираттың тұсынан мотоциклмен ызғытып келе жатып опат болыпты.

– Ана қатынының әруаққа тілі тие беруші еді, – деді Мұхамедия.

Әлі жауап қатпады. Не айтары бар? Осы елдің талай естіген әңгімесі. Бейа ар әйелден жұрт жылыстай жүретін. «Әруақ» дейді…Пішту… «біреу би болады, біреу құл болады» деген осы жатқан ба?» деп көкайылдана сыздағанын өзі де сан көрген.

– Әруаққа тиісіп несі бар, ә? Қарашы енді… – деді тағы да Мұхамедия. – Осындайды қостайтындар да табылады. Әнебіреуінің түн жарымда үйі өртеніп, көршісі құтқарып қалды, әнебір есепші шал машинасымен төңкерілді. Сонда да дінсіздіктің қара ниет қаны денесін кеулеп алғандар әруақты мазалауды қояр емес.

– «Құдай пендесінің күнәсін кешіре алады, әруақ назасын қайтып ала алмайды» деуші еді бұрынғылар. Әркім кезі келгенде сазайын тартады ғой.

Әлі басын изеп Мұхамедияның сөзін қостаған.

Көңіл айта келген жұртпен бірге кіріп, қазаға ортақтастығын білдірген Әлі шегініп отырды. Айнаның бетін жауып, сурет атаулыны төңкеріп ілген үйдің іші қара-көлеңке тартып, кіріп-шыққан жұрттың сұрғылт бейнелері елес сияқты сырғып өтіп жатыр. «Бауыреем!» деп келгендердің дауыстары тез басылып, тымырая тарқасуда. Жүрсіннің сары қатыны сазарған қалпы. Әйтеуір көзі қызарыпты, жас жоқ. Анда-санда екі иығы селк етеді. Нар тұлғалы Жүрсін омырылып-ақ қалған екен. Шөге түскендей. Тіпті, жер бауырлауға жақын. Екі көзі тұңғиықты сүзіп, тесірейіп өтіп барады. «Уһ», – деді бір кезде. Уһілеген үнімен бірге жалғыз тамшы жас шығып, көзінің алдындағы әжіміне тіреліп, дір-дір қағып тұрып қалған.

Әлінің жүрегі дір ете түсті. Көрген еді осындай жалғыз тамшыны. Нар тұлғалы, балуан пішінді Жүрсіннің сол көкжалдан несі артық, несі кем. Адам мен даланың қайсар тұлғасы. Япыр-ай, көз жасы сонша неге бірдей болады екен?..

 

* * *

Мына Астанада қазақтың итін қасқырға қосып, батылдығын сынамақ көрінеді. Япырай, ә! Мынау бір жаңалық екен. Ойпырым-ай, кешегі өткен жойқын заманда қазақтың кеудесінде намысы бар тұлғаларымен бірге қасқыр алатын тазысы да құрып кеткен жоқ па еді?! Ілуде-біреу қалды ма екен, жоқ па? «Барып көрейінші» деп шешкен.

Алаңға жиналған жұрт у-ду. Шынжырға байланған қасқырды сонадай жерден қоршап алыпты. Өзбек ағайынның әтеш таластырғаны адыра қалсын. Әтештер жекпе-жекке шығушы еді. Мұндағы жұрттың бәрінде бір-бір ит, кейбірі қос-қостан ұстап тұр. Батырсыған бір жігіт:

– Мына қасқырды менің итім бір өзі алады, – деп шалқайды.

– Жібер, ендеше! Көрейік әуселесін, – десті қаумалағандар.

Тазы пішіндес, жарғақ құлақ, кеуделі сұр итті иесі айтақтап қосқан. Басын тізесіне салып, айналаға алара қарап жатқан қасқыр сұр ит таяна бере арс етіп, атып тұрған. Сұр ит төрт аяғымен топырақ бұрқырата сырғып, жалт бере қашты. Енді біреуі екі итін жіберген еді, қасқырды бір айналып шыққаннан әріге жарамады.

Қазыққа шынжырмен маталған қасқыр бірер айналды да, жата кетті. Бір сәт тына қалған жұрт енді не істерін білмегендей дағдарған еді. Сөйткенше болмады:

– Иттерді жіберейік, біреуі болмаса, біреуі алар, – деген сөз жетті құлағына.

– «Айт! Айт! Бас! Бас!» – деген айқайға қоса елірген оншақты ит қасқырға тура ұмтылған. Бірме-бір алыса кеткені болмаса да, алып тастағысы келіп ұмтыла жеткеннің тісін қасқыр арс етіп денесіне дарытпады. Теріс айнала бергенде тілерсегіне жармасқан итті жалт бұрылып қауып түсті. Көп иттің көк итті бас салған жанталасы еді бұл. Қанды шайқас. Өмір үшін жанталас. Есірген жұрттың айқайы, қасқырдың тісі тиіп кеткен иттің қаңқылы, шынжырдың салдыры, қаһарлы арсыл – бәрі тұтасып кеткен. Қан иісін аңсаған бір жамандық қоюланып, тұнып тұр. Біраз жұлқысқан иттер шегінісіп, қасқырдың азуы тиген жерлерін жалап, қыңсылап жатыр. Қасқырдың да жамбасынан қан шығыпты. Көкжал шынжырын сүйретіп, мойынын көкке созды. Әуелі қыстығып шыққан үн біртіндеп көктен көмек сұрағандай ұлуға айналған. Әлінің тұла бойы шымырлады. Мынау шынжыр… мынау даланың қайсар тұлғасы. Қазақтың да сан қайсар тұлғасын өстіп шынжырлап мазақ етпеді ме? Сонда да мынадай қиқулы жұрт болған. Қасқырдың мына ұлуына сол тұлғалардың «елім» деп зарлаған үні қосылғандай. Құлағы тұнды. Әлде Сәкен, әлде Ілияс…. «Күнбатыста қара түнек қаптаған» деп зарлаған Мағжан ба? Қара түнек боп қаптап, қоршап тұрған жұртты жолынан ысырып тастап Әлі сол жерден тұра қашты.

Бірақ онда ажалға басын тіккен қасқырдың тізерлеп мойынсұнғанын, көз жасын көрмеп еді. Ал Жүрсіннің бетінде дірілдеген жалғыз тамшы көз жасын қай көкжалдың көзінен көріп еді…

 

* * *

Ол жолы да осы Мұхамедия жанында. «Бір топ қасқыр пәленшенің торпағын тартып кетіпті» дегенді естіген екеуі Әлінің қаркешкіш шанасын сайлап жолға шыққан. Бұлар жалғыз емес екен, іздерінен моторлы шанаға мінгендер ілесті. Айтулы жерден топ қасқыр тұра қашқан. Сонау тауға жетсем деп, қасқырлар да барын салып, сілтеп келеді. Қалың қарды қауып жүйткіген «темір өкпе» моторлы шананың тегеурінді «шабысы» қойсын ба, тау жақтағы жол кесілді. Көк мылтықтылар сол жақтан көк түтінді бұрқыратты. Бастап келе жатқан көкжал жалт беріп алақандай шілікке қарай бетті бұрды.

– Ой-бу! – деді Мұхамедия. – Соңдарындағы үшеу – бөлтіріктері екен ғой. Соған қарайлап қаша алмай келеді ана көкжал. Әйтпесе ана тауға не бұрын, не қатар шығар еді.

– Жібере ме аналар? – деп, Әлі аңшылар жақты иегімен нұсқады.

– Мәрт қой көкжал. Тізе бүкпейді ол. Қайтсе де қуғыншыны сан соқтырады.

– Айлакер десейші.

–Жоқ, нағыз ақылды аң. Естілігі адамнан кем емес дер едім. Кекшіл де. Есіңде ме?

 

* * *

Иә, Әлі ұмытылмас уақиғаға куә болған. «Қаладан осы ауылға бір топ аңшы келіпті» дегенді інісінен естіген. Әлгілердің бес қаруы бойында көрінеді. Зеңбіректен басқаның бәрі бар сияқты.

– Осындайлардан түңілесің-ау. Дегенмен бұларды да танып білмек керек, – деп, Мұхамедия жүйрік шанасының артына Әліні мінгестіріп алған.

Елең-алаң шақ. Таңғы тып-тыныш ауаны жүйткіген төрт-бес жүйрік шананың дарылдаған дауысы тілгілеп келеді. Соңдарынан ілескен машинаның қорабында тиелген иттері де бар. Тап осылардан қашқандай жетімек бұлттар сырғып, көкжиекке қарай ауып барады. Жай-жапсарды түсінген бұл екеуі де қарулы топтан қалыспай ілесіп баққан.

– Кетті! Кетті! – деп айқай салды алдыдағы біреуі. Құлақшынын жұлып алып, ілгері жақты нұсқап, жанұшыра сілтеп барады.

– Қызыл шұнақ аяз ананы қушұнақ етпесе еді. – Мұхамедия мырс етті. – Ессізін-ай мынаның?..

Бәрі тегіс ес-ақылдарынан айрылса керек, кезек-кезек озып, жер-көкті айғайға толтырып, соңдарынан бұрқыратып боран көтеріп ызғытып-ақ келеді. Қасқыр да әлді екен. Он-он бес шақырым жердей маңайлатпады. Өкпесі өшіп, тынысы тарылуды білмейтін жүйрік шаналар ақыры оны қоршауға ала бастады. Машинаның қорабынан секіре түскен бір қора ит те қасқырды бас салғандай. Аязды, қарлы дала күңіренген кейіпте. Талай қанды уақиғаға куә болған азалы аспан қара жер бетіндегі тап мына сұмдықты көргісі келмегендей таудан аса түскен бұлтты төмен төсеген. Бір кездегі көшпелі елдің мал-жанын қорғаған, бүгін де қанды қасапқа үйретілген иттер жалғыз қасқырға кезек-кезек жабылып жатыр. Ал қар бетінде тоқтамай жүйткитін «жүйріктерін» қаңтарып тастаған есер топ дүниені басына көтеріп мәз. Той. Шаттық кірген шат-шадыман шақ дүркіреп тұр. Сол жақтағы басшы тікірейген тікенектей мұртын сипап, тапжылмастан қақиып қапты. Қолдарын алма-кезек сермеп, бірін-бірі тыңдамай өзеурегендер мадақтама жыр оқығандай аязды күнде шашала сөйлеп, бусанып алған.

– Мен болмағанда…

– Қоя тұршы-ей, сен! Мен ғой алдын ораған.

– Сонда да сенен сытылып кетті ғой.

– Әй, қойыңдаршы дауды. Әне, ананы қараңдар. Мықты екен көкжал. Берісер емес, – деп риза болды басшы.

Көкжал кер үміттің көлеңкесіне жармасып, күреспей берілмеуге бет алған екен. Кенет жиылған жұрттың құты қашып, есі кетті. Үстіне бар ит жабыла жармасқан қасқыр «сендерден-ақ көрдім ғой» дегендей қанға толған аузын арандай ашып, бұларға тұра ұмтылған. Бар итті сүйретіп келеді.

– Қайтеді-ей, мынау?! Бағанадан батырсынып тұрғандар шегіне қашты. Сол кезде… жалғыз оқ бәрін шешті. Басшы пистолетін суытып тұр екен. Әлі мына дарақылықтан бойын ала қашқандай еді.

– Жүр, кеттік, – деп Мұхамедияны сүйрей жөнелген.

 

* * *

… Көкжал қасқыр қаншығы мен жас бөлтіріктерін ертіп кірген топ шілік пана болатындай ну жыныс емес еді. Әрісі жиырма, берісі он қадамнан аспайтын топ шіліктің ауқымы басыңды бұрсаң – құйрығың көрініп жататын жалтаң орын. Сол шілікті енді бұлар қоршап тұр. «Ұлы Жаратушы тіршілік иелеріне үлесін бөлгенде қасқыр кеш қалыпты» десетін бұрынғы үлкендер. «Налыған қасқырға Тәңірі «үлесің жеті күн елден, жеті күн жерден болсын» депті. Содан қасқыр жеті күн елден жеп, жеті күн жерден жейді екен» дегенге қазақ баласы сенетін. «Әй, әнебір торпақты қасқыр жарып кетіпті» дегенге «Е, ол соның үлесі ғой, бақпаған өздеріңнен көріңдер», – деп ақсақалдар басу айтатын. Әлі қанды қақпанға түскендей болған топ қасқырды аяп тұр.

Ендігі жұрт «қасқырдың өмір сүру тәсілі осы, осылай жаратқан әуелде» деп түсіне ме, әйтеуір қыра беруге құмар. Сол өмір сүру тәсілі, күйбең тіршілік бұл бейбақ қасқырды тұқыртып әкеліп тірі тозақтың торына түсіріпті. Дегеніне жетіп мейманасы тасыған аңшысымақтардың қуаныштары қойнына сыймай тұрғаны анық. «Ал мына менің жүрегімнің қанжылап тұрғанын білер ме едің, сен бейбақ?» – деп күбірледі Әлі ішінен.

– Ау, не тұрыс? – деп жекіді, үстіне айқыш-ұйқыш мылтық, не түрлі сауыт- сайман асынған қапсағай қара.

– Әй, осы қуаныштан менің есім кіресілі-шығасылы. Менен жөн сұрама. Бір-ақ айтарым – тым ірі екен мына қасқыр. Нағыз көкжал. Жалын, көрдің бе, жалын. Тұра ұмтылса – бәрімізді қиратып салар, – деп мықшиған сары сақалын сипады.

– Керемет тон болар еді – деп қалды біреуі.

– Е, тон кимек екенсің ғой. Ендеше өзің барып ал. Ұрып аласың ба, атып аласың ба, ол сенің ісің. Біз риза боп тұрсақ болды. – Қапсағай қара бұйырғандай рай танытып қолын сілтеді.

– Жоқ, менікі әйтеуір айтқан ғой, – деп жалтарды сөз иесі. Сол кезде:

– Қараңдар, қасқырдың үйірі бері беттеп келеді, – деген мықшиған сарының үні естілді.

Жалы иығын жапқан көкжал жер бауырлап жылжып келе жатыр екен. Басын жерден сәл ғана көтеріп, тоқтай қалды. Қаншық қасқыр да көкжалдың қатарынан қалмай жылжып келеді. Қаншықтың соңынан ерген қос бөлтірік бастарын енесінің құйрығына тығып алған екен. Ілгері бір-екі аттаған көкжал басын сәл көтеріп, артына қарады. Оның да құйрығына бір бөлтірігі тығыла түсіпті. Көкжал «көріңдерші мынаны» дегендей жалтақтаулы кейіпте. Кенет көкжалдан қыңсылағандай үн шықты. Тірідей терісін сыпырғанда қынқ етпейтін көкжалдың қыңсылағаны несі? Кімді аяп тұр? Құдай-ау, «тиіспеңдерші бөлтірігіме» деп тұр ма? Көкжал ажалдан қорқуға тиіс емес, ол – тағдыр бұйрығына басын байлай білетін тіршілік иесі. Шығып келе жатқан күн нұрымен таласқа түскендей, найзадай қап-қара кірпіктерінен от шашып тұр. Шіркіннің бүкіл жонын жапқан жалы қалай-қалай құбылады. Құдай-ау, неткен сұлу тіршілік иесі еді! Тағдырға мойынұсынған үйір анасы басын көтермей, үнсіз ілгері жылжыған. Тоқтады. Өзін өлімге бұйырып тоқтады. Қыңсылаған үн жетті. Көкжал басын көтерген еді. Бір тамшы жас кірпіктерінің арасына ілініп, дірілдеп тұрып қалыпты.

Әлінің көңілі алай-дүлей болып кетті. Не өңі, не түсі екенін айыра алмай сасқалақтады. Елес көргендей есеңгіреп, өңі әппақ қудай болып солды. Әр неден секем алған жүрегі аттай тулап, мына көріністен кейін қайтерін білмей сандалған ол жанұшыра атып тұрып, екі қолын көкке созып, «атпаңдар!» – деп айғай салған. Оның айғайын күрсілдеген мылтық үні басып кетті. Әлі жалп етіп отыра кетті. Гүрсіл де басылған. Дүниені мылқау үнсіздік басты. Сана сөніп, тірлік құлазыды. Сол… сол кездегі көкжалдың отты жанарына тұнған жасты ол бүгін Жүрсіннің көзінен көрді.

Ақсу-Аюлы

qazaqadebieti.kz