Кеше, 21 желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден мен Украина басшысы Владимир Зеленский кездесті, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Екі ел президенттері Facebook-парақшаларында кездесу барысы туралы жазып отырды. Ең алдымен, Украина басшысы 9 сағат бұрын Вашингтонға келгені туралы жазды.
"Америка халқы, президент пен Конгресті қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтуға келдім. Сонымен қатар, еліміз жеңіске жетуі үшін ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін келдім. Бірнеше көліссөз жүргіземін. Оның ішінде, АҚШ президенті Джозеф Байденмен Украина мен АҚШ-тың екіжақты ынтымақтастығы туралы сөйлесеміз", - деп жазды Зеленский.
Сонымен қатар, Владимир Зеленский жаңа жыл қарсаңындағы бұл кездесу Украина үшін маңызды екенін атап өтті.
"Бүгінгі кездесулерімдегі басты мәселе - Украинаның нығаюы, тәуелсіз болу жолындағы жеңіске деген ұмтылыс. Соғыс басталған 300 күннен бері АҚШ пен Украина байланысының жаңа кезеңіне өттік. Біз жүз пайыз нақты мазмұнға толы альянс деңгейіне жеттік", - деді Зеленский.
Сонымен қатар, АҚШ президенті де кездесу туралы бір-екі ауыз сөз айтты.
"Украина президенті Зеленскиймен бірге отыру құрметі бұйырды. Соғыс басталғалы тығыз байланысты болсақ та жеке кездесе алмадық. Зеленскийге АҚШ халқы Украина халқына қолдау қаншалық қажет болса, сонша қолдайтынын жеткіздім", - дейді АҚШ басшысы.
Еске салайық, бұл Украина президенті Владимир Зеленскийдің елде соғыс басталғалы АҚШ-қа алғашқы сапары.