el24.kz АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейдің ұсталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, операция 5 маусым күні федералдық серіктестердің қатысуымен жүргізілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматы қамауда отыр. АҚШ билігі оған қатысты депортациялау рәсімдерін жүргізіп жатыр.
ICE таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, Еламан Балтагерей «белгілі немесе күдікке ілінген террорист» ретінде бақылауға алынған тұлғалардың қатарына енгізілген. Сондай-ақ оған қатысты АҚШ аумағынан шығару туралы түпкілікті шешім қабылданғаны айтылды.
«Еламан Балтагерей белгілі немесе күдікке ілінген террорист ретінде ұсталуға нысанаға алынған, оған қатысты елден шығару туралы түпкілікті шешім бар», – делінген ведомство хабарламасында.
Америкалық биліктің мәліметінше, өткен жылдың жазында иммиграциялық сот Қазақстан азаматын елден шығару туралы шешім шығарған. Алайда ол белгіленген сот отырысына келмеген.
ICE сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі заңсыз миграциямен күрес және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін тұлғаларды анықтау жұмыстарын күшейткенін атап өтті. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай операциялар федералдық құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта іс бойынша қосымша мәліметтер жарияланған жоқ. Қазақстан азаматының нақты қандай әрекеттерге байланысты күдікке ілінгені және оған қатысты қандай дәлелдер бар екені әзірге ресми түрде хабарланбаған.
Тергеу және депортациялау рәсімдері жалғасып жатыр.
