Фариза Амангелдіқызы

Дидарлым өзін сондай жайсыз сезініп, бөлмесіне кіріп кетті. Мені танымағаны қалай? Әлде, байқамады ма екен? Немесе мен бұрылмай өтіп кеткенге үндемеді ме екен? Не де болса өзінен сұрап көрейін деген Дидарлым қайтадан сыртқа шықты.

Ақырын басып сыртқы қақпаға келді. Өз көзіне өзі сене алар емес. Жанболат өзінің курстас бір қызымен сөйлесіп тұр. Шыдай алмай жандарына жетіп барды.


- Жанар, қалайсың?
- Жақсы, қашан келдің? Бағана сені кітапханада қалғаныңды көріп едім.
- Жаңа ғана келдім. Өтіп бара жатып сені көріп қалдым, бір кітап сұрайын деп едім, қашан кіресің жатақханаға- деді де Жанболатқа көз тастады. Ол үнсіз басы салбырап жер шұқып тұр.
- Иә, бірер сағатта барамын. А айтпақшы танысып қой, менің сыныптас досым.
- Мен бұрыннан танимын бұл мырзаны,- деп мырс ете қалды Дидарлым.
- Қалайсың Дидарлым? - деп осы кезде барып Жанболат сөзге араласты.
- Сендер қалай таныссыңдар,- деп қызығып кетті құрбысы.
- Жарайды, мен ішке кіремін. Бөлмеңе барсаң маған хабарын берерсің,- деді де Дидарлым бұрылып жатақханаға беттеді. Көзінен ыстық жас тамып кетті. Ешкімге білдірместен сүртіп жіберді де, асыға басып жатақханаға кіріп кетті. Аса қатты ғашық боп, сүйіп қалмаса да, жігіттің хабарсыз кетіп, енді мынадай қылығы көңіліне қатты тиді. Және ұйқысыз түндер мен көңілсіз күндер басталды. Алматының әсем түніне терезеден қарап жатып ұйқыға кетеді. Арада бір жеті өткенде Дидарлымды іздеп Жанболат келді. Алғашында кездескісі келмеген қыз, не айтар екен деп баруға бекінді. Екеуі үнсіз 28-ші Панфиловшылар паркіне келе жатыр. Екеуі де сөйлемейді. Тротуар бойындағы орындыққа отырған олар тағы үнсіз біраз уақыт өткізді.
- Дидарлым, мені кешірші. Хабарсыз кеттім. Бірақ оның себебі бар.
- Соншалықты 4-ай хабарсыз кететіндей ол қандай себеп?
- Тыңдашы, білем ренжіп жүрсің. Бірақ, мені де түсінші. Жеке отбасылық жағдаймен барлығымыз нөмірімізді ауыстырдық. Сол нөмірде кетті барлығы. Сенің нөміріңді содан кейін таппай қалдым.

- Сен менің қайда оқитынымды, тіпті қай жатақханада жататынымды да білетін едің ғой. Неге келмедің?
- Келе алмадым. Мен тіпті оқуға да бармадым. Ауылдан келгеніме көп болмады. Денсаулығыма байланысты оқуға анықтама алып, ауылда болдым.
Дидарлымның сенгісі келмесе де, жүрек құрғыр бой берер емес. Қайта күлімсіреген ол, іштей бәріне қолын бір сілтеп, Жанболаттың жанында болғанына риза еді. Ал Жанболат тағы сұрақ қойса қандай өтірік айтам деп қипақтап, Дидарлымның ойын басқаға аудармақшы.
Осылайша екеуі кешке дейін паркте қыдырып, кеш бата жатақханаға қайтты. Жатақхана алдында бұларды Дамир мен Нұржан күтіп алды.
- Қайдан келе жатырсың? Сені күтіп тұрғаныма 2 сағат болды. Мынау кім?
- Аға, телефоным бөлмеде қалып кетіпті. Бұл менің досым.
- Ассалаумағалейкум, есімім Жанболат,- деп қолын созды. Іші қыз-қыз қайнаған Нұржан Жанболатқа тістене қарады. Ал Дамир, қарындасын бөлмесіне кіргізіп жіберді де Жанболатпен әңгімеге кірісті.
Не керек, ағасы Жанболатқа Дидарлымның маңынан көрмейтін болайын де ескертті. Жарайды деп құтылған ол, іштей "көрерміз" деп жөніне кетті.
Жанболат тағы хабарсыз үш күн жоқ боп кетті. Дидарлым хабарлама жазып еді, жауап та келмеді. Болмаған соң, звондады. Жанболат тұтқаны алып, ағасының сөзін бірін қалдырмай жеткізді.
- Сонда сен үнсіз кете бересің бе? Неге мені ұнататыныңды айтпадың? Әлде расымен де құтылғаныңа шүкірлік айтудасың ба?
- Оның не Дидарлым? Мен жәй... атаңды сыйлағандықтан...
- Ой қойшы Жанболат,- деді де тұтқаны тастай салды. Сол күйі бір-бірімен хабарласпай кете барды. Уақыт зымырап, Дидарлым екінші курсын да аяқтауға жақын қалды. Дидарлым үшін күнделікті өтіп жатқан өмір болса, Нұржан үшін ауыр күндер басталардай болып жүр. Себебі оқуын аяқтайды. Досы Дамирмен де бөлек-бөлек кетеді. Демек, Дидарлымды көрудің де сәті түспейтін секілді. Соңғы бір жылда Нұржан Дидарлымға ессіз ғашық екенін анық сезінді. Тек досының көңілі үшін үнсіз жүрді. Енді бар шындықты айтатын уақыт келген секілді. Дамирмен сөйлеспекші. Міне, дипломдары да қолдарына тиді. Бір-бірін құттықтап, кешке отырыс ұйымдастырмақшы.

Кеш өте көңілді басталды. Тек Нұржан ғана селсоқ. Дамир оның не үшін көңілсіз отырғанын сезіп отыр. Курстастардың барлығы биге тұрып кеткенде Нұржан мен Дамир бірге қалды.
- Дамир, енді не істейсің? Сабақ аяқталды. Ауылға қайтасың ба?
- Жоқ, осында жұмыс жасаймын. Дидарлымның сабағы аяқталғанша қалада боламын.
- Демек, бірге жұмыс жасаймыз ғой иә?
- Әрине, сен қаласаң егер.
- Ол не сөзің. Қуанып отырмын керісінше. Дамир, саған бірдеңе айтуым керек.
- Не туралы екенін білемін.
- Білсең, онда әңгіме осы. Мен Дидарлымнан айырылғым келмейді. Өзің де байқап жүрсің, оны айналшықтап жүрген жігіттер көп. Оған сөз салсам, досымнан айырылып қалмаймын ба деп қорқам.
- Сенің ниетіңнің түзу екенін білемін. Тіпті үйленемін десең де қарсы емеспін. Бірақ екі мәселе бар. Ол оқуын аяқтауы керек және оның өзі не айтады? Өзімен сөйлесіп көр.
Осы әңгімеден соң Нұржаның төбесі көкке екі елі жетпей тұрғандай болды. Ертеңіне-ақ Дидарлым ауылға кетпей тұрып сөйлеспекші. Бірақ Дидарлым сол күні ауылға шығып кеткен еді. Тіпті ағасы да бұдан бейхабар болатын. Ауылға келгенде барып ағасына хабарласып үйінде екенін айтты. Неге екенін түсіне алмаған Дамир жарайды ендеше деп қоя салды. Түс ауа Дамир мен Нұржан бассейнге бармақшы болып жатыр еді үйінен қоңырау шалды. Әкесі екен. Ауылға тез жетуін сұрады. Дидарлымды алып қашып кетіпті. Дамир естіген бойда тістеніп, не істерін білмей Нұржанға айтты. Үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей болған ол, осы уақытқа дейін сезімін тұншықтырып, жасырып келгені үшін бармағын тістеп тұрып қалды. Мен бұны бұлай қалдырмаймын деген Дамир, дереу жолға жиналды. Нұржан үнсіз қарап отыр. Барғысы-ақ келіп отыр, бірақ не айтады барғанда. Осыны сезгендей Дамир:
- Жүр, бірге барайық,- деді.
Екеуі асығып ауылға жол жүріп кетті.

Автобусқа отырса ертеңіне жететінін білген соң, екеуі такси жалдап келді. Үйіне жете салысымен әкесімен сөйлесті. Әкесі Нұржанды көрді де баласына қарады.
- Әке, бұл менің жолдас балам. Есімі Нұржан.
- Ассалаумағалейкум!
- Уағалейкумассалам!
- Әке, Нұржанға мен бірге барайық деп едім. Дидарлыммен сөйлестіңіз бе? Кім екен олар?
- Сөйлеспедім, хабаршы болып келгендерді кері қайтардым, ұлым келсін деп. Барып қарындасыңның өзімен сөйлес. Егер өзі қарсы болмаса, бақытты болсын. Ал егер жылап отырса, ештеңеге қарама үйге алып кел.
- Жарайды,- деген Дамир жылап отырған анасын жұбатып Нұржан екеуі адрес бойынша қуғыншы болып кетті. Көрші аудан болған соң үйді табу оңай болды. Үйдің сырты тым-тырыс. Қақпа ашық тұр. Екеуі ішке енді. Кіре берістен күбір-күбір әңгіме естіледі. Есікті ұрған Дамир қарындасының есімін айтып айқайлады. Үйдегілер өретіне түрегелді. Бәрі дайын отыр екен. Көке-жәке деп екеуінің асты-үстіне түсіп әлек болды. Оған қарайтын екеуі жоқ, қарындасым қайда деп дүрсе қоя берді. Түкпір бөлмеде кешеден бері жылап отырған Дидарлым ағасының дауысын есітіп орнынан атып тұрды. Екі көзі бұлаудай болған қыз есікке қарай ұмтылды. Бірақ оны табалдырықтан Жанболат тоқтатты.
- Дидарлым, мені ұнатасың ғой, білемін. Бақытты болам десең менің үйімді қал,- деп өзімсінген ол Дидарлымға тесіле қарады.
- Менің саған ғашық болғаным рас. Бірақ ол өткенде қалған. Сен оны бағаламаған кезде өз махаббатымды өзім тұншықтырып өлтіргенмін. Ал енді менің рұқсатымсыз, үйіңе малша алып келгеніңнен кейін сені кешіреді деп ойлама! Жолымнан былай тұр!
- Әлі де ойлан! Сен менсіз бақытты бола алмайсың. Мен секілді сені ешкім ақшаға көміп, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда етіп жүргізе алмайды.
- Мені ақшамен сатып алмақшысың ба? Онда басқа қыз ізде!
- Соңғы рет айтам, ойлан!
- Ойланатын түгі жоқ! Дидарлым бұл үйде қалмайды, сен кімді сатып алмақшысың харам ақшаңмен,- деп есіктен ағасы кіріп келді.

Жанболат Дамир келген соң мысы басылып қалды. Аға деп, Дамирдің қолын алып, әлекке түсті. Дидарлым ағасының мойнына асылып жылап жіберді. Осы уақытқа дейін қалмаймын деп басына орамал салғызбай отырған қарындасы тезірек кетейікші деп жалынды. Нұржан сыртта күтіп тұр. Ағалы-қарындас үйден шықты да, көлікке беттеді. Артынан Жанболат шығып айқайлады:
- Кетсең кете бер, мені жалынады ғой деймісің, сен сияқтылар толып жатыр. Қазір-ақ басқасын әкеліп қатын қыламын!
Артына жалт бұрылған Дамир Жанболаттың жағасына жармаса кетті. Үйдің үлкендері араша түсіп, тыйып тастады.
- Жалынбаңдар ешқайсысың! Кете берсін,- деді Жанболат.
- Сенімен сотта кездесеміз,-деген Дамир көлікке отырып үшеуі ауылға өз үйіне жүріп кетті. Үйге келген соң әкесі қажет емес деп арыз беруден бас тартты. Ертеңіне Дидарлым анасымен бірге қалаға кетемін деді. Сонда болып оқу басталғанша жұмыс жасаймын деді. Ата-анасы келісіп, ертеңіне үшеуін қалаға шығарып салды. Қалаға жеткенше Дидарлым үнсіз келді. Тіпті нәр татпады. Келген соң үшеуі пәтер жалдап тұрды. Нұржан мен Дамир бірге жұмысқа орналасты. Ал Дидарлым базарда сатушы болып жұмыс істеді. Жаз бойы күндері көңілді өтті. Демалыс бола қалса қыдырып қалаға шығады. Дамир Дидарлымды әдейі жандарынан тастамайды. Солай жүріп Нұржанға көңілі ауа бастады. Аз уақыт өткен соң Алматының әсем түнінде Нұржан Дидарлымға сөз салды. Ал Дидарлым осы уақыт ішінде Нұржанның өзін қалай сүйетініне көзі жеткен еді. Сондықтан да тұрмысқа шығуға келісті. Диплом алған күннің ертеңіне екеуінің тойлары болды.
Студент болған күні Дидарлым Алматының әсем түніне ғашық болып еді. Енді сол Алматыда жұбайымен бірге болашағын бастамақшы. Екеуі терезеден Алматының түнін тамашалап ұзақ отырды...


Соңы...