Болған оқиға ізімен...

Жалғасы

 Ғани Әлихан 

   Кішкентай қызымның қылығына сүйсініп күндерім өтіп жатты.Жаңа жылмен бірге жаңа ғасыр келіп осы өмірімді өзгерте көрме деп Алладан сұрап жүре бердім.

Өзіме-өзім : бақыттымын дейтінмін,болашақта жолдасым жақсы болса мұнанда бақытты болатыныма көзім жететін.Бірақ жазғаннан озған жоқ деген ғой. Сол жылы көктем шыға күйеуімнің ауруы асқынып кетті.Енді бұл бұрынғы үйде үнсіз отыра беретін Есенбек емес, айғайлап далаға қашатынды шығарды.Сөйлегенде де жағы тынбай сөйлейтін ,сөзіне адам түсінбейтін,қолына түскенді лақтыра салатын,өртей салатын, ұра салатын қысқасы есі жоқ есуас-жындыға айналды.

  Осыдан бастап менің қайғыдан қан жұтқан азапты күндерім қайта басталды.Ең сорақысы сол,соңынан міндетті түрде не енем, не мен аңдып жүретін болдық.Атам жұмыста, жалғыз қайным студент .Енем екеумізден басқа ешкім жоқ .Үйден шығармасаң айғайға басып, аузы көпіріп , қолына түскенді лақтыратын.Мен болсам бір қолымда қызымды ұстап жүріп арпалысып шығатынмын.Сондағы ойым көшеге жібермеу .
Өзім қатарлы көрші келіншектен естуім бойынша,бұл соңғы төрт-бес жылдағы үйреншікті жағдай.Жатпаған емханасы қалмаған, оқытпаған тəуіп-молдасы қалмаған.Тіпті киелі Түркістанға да талай апарған.Бірақ шипа таппай осы күйге жеткен.
  Мына сөздерді естіп маңдайымның соры бес елі, бағым ашылмаған бейбақ екенімді түсіндім.Қатты қорқатынды шығардым. Қызымды басып кетеме,лақтырып жібереме,өртеп жібереме деген үреймен арпалысып жаз шыққанша тағы шыдадым.

   Мүмкін алда жақсы боп кететін шығар деген үмітімді де үзбей жүрдім.Бұл болса күннен күнге нашарлай берді.Амалымыз қалмаған соң ,бір күні енем екеуміз емханаға апардық.Қаптаған кезекте тұрған адамның сан есебі жоқ.Алла сақтасын, бəрі де менің күйеуім сияқты ессіз жындылар.Бірін əкесі , бірін шешесі ,бірін бауырлары əкелген .Ал мен сияқты қатыны əкелген ешбірі жоқ.Сонымен не керек кезегіміз жетіп докторға кіріп бардық.Бізді көрген ол :
- Мен сізге айттым ғой апа, мұның шипасы бір Алланың ғана қолында, біздің қолымыздан келетін қайран жоқ ,тапсыр деген соң тапсырыңыз,қазірше отбасың ,мал-жаның аман тұрғанда,енді өз еркіңізбен апармасаңыз, ертең-ақ милиция жіберемін, қоғамға қауіпті бұл, өте қауіпті-деп енеме дүрсе қоя берді.Мына сөздерді естігенде ,үмітімнің үзілген  жері осы болды.Тынымсыз еңкілдеп жылаған енемді қанша аясам да, кетпесем болмайтынын анық түсіндім.
Сонда да үмітсіз адам болмайды ғой. Алладан сауығып кетуін сұрап, жылап жүріп тағы да үш ай өтіп ,күз келді.Енді мұны əкесімен қайным ортаға алып жататын дəрежеге жетті.Менен төсегін аулақ салғанына бес ай өтті.Үй-ішінің берекесі кетіп көңілсіздік жайлады.Күнімен енем екеуміз арпалыссақ ,түнімен атаммен қайным алысып шығатынды шығарды.
Осылай қайғыдан қан жұтып жүргенімде тағдыр маған тағы да бір тосыннан сый жасады.Жастығымнан білмедім бе, білсем де сақтанбадым ба мен екіқабат едім. Қарным өзіме біліне бастады.Осыдан соң не болсада тез кетуге бекіндім.Мыналар білмей тұрып кетпесем болмайды деп шештім.Мынадан туған баланың қандай болатынын ойлап есім кетті.Бұлай жалғаса бермесін түсіндім де, мұның бір жағына шығып енеммен сөйлесіп кетемін деп шорт кестім.
- Енеме кетемін дедім, еңіреп жылағанына да қарамай киімдерімді жинай бастадым.Қайда баратынымды да, алдын-ала шешіп қойдым.Əрине Арысқа нағашы əпкеме барамын.Себебі мен тұрмысқа кеткен соң, ол кісі Шымға əр келгенінде үйге келіп тұратын.Əкеммен де араласып аралары жақындап, бұрынғы өкпе реніштері жоқ болатын.
Енемнің жылап сықтағанын атам басты.Жағдайымды түсінгені болар :қызым бағыңды байламайық,бақытты бол,кешір біздей ақымақтарды-деп еңкілдеп жылап тұрып қолыма ақша ұстатты.Ақшадан қиналсаң келіп тұр қызым.Бірақ сен бүгін кетпей-ақ қой, құда-құдағиға хабарласайық ,келсін кешірімімізді сұрап шығарып салайық деді.Мен үзілді кесілді қарсы шықтым.Қажеті жоқ дедім де кіреберісте тұрған сумкамды көтеріп шығып кете бердім.Осылайша жыл тұрып екінші күйеуімнен де ажырасып,қолымда бір қыз, ішімде бір қыз , бұрынғы өзім оқыған Арыс қаласына қайтып келдім...

    Нағашы əпкемнің үйіне келгеніме айға жуық уақыт болды.Бір көңілім ессіз жарым, Есенде болса екінші көңілім алғашқым болған Талғатта болды.Күйеуім боп тұрғанда екеуінде ессіз сүйгенім тағы бар .Есеннің күлімсірей қарағанын, ал Талғаттың жылы-жылы сөйлейтін жағымды сөздерін ұмыту мен үшін оңайға соқпады.Сол кездері маған алданыш болған қолымдағы қызымның тəй-тəй басып былдырлап сөйлеп ,шықылықтап күлгенімен тəтті қылықтары еді.

   Осылайша күндер өтіп қарным шығып жүре бердім.Кей-кейде есік алдына шыққаным болмаса қалаға ,көшеге шығу дегенді мүлдем  ұмыттым.Сонда  ғана қу басым мен үшін балалықтың бітіп, барса келмеске кеткенін аңғардым .Бар болғаны он сегіз жас,сөйте тұра қолымда бір бала қарнымда бір бала...
    Күн салқын тартып күз келе бастаған кез.Ауылдан əке-шешем келіп жылап көрісіп жаттық.Əкемнің ызғарлы көзқарасынан маған деген өкпесі əлі де қара қазандай екенін түсіндім.Əке қарғысы оқ деуші еді, ойсыз іс жасап қатты ренжітіп алып қарғысына қалдым ба деп те қатты қайғырдым.Осылай қатты ойланғаннан ба білмеймін ,əке-шешем кетпей жатып қатты ауырып емханадан бір-ақ шықтым.Сол кеткеннен мол кетіп қарнымдағы қызымды қойныма алып үйге оралдым.Сонымен не керек бір қызым соңымда ,бір қызым қолымда жүретін өмірім басталды.

    Ал арқа сүйерім нағашы əпкем де жалғыз ұлын Алматыға оқуға түсіріп апақ-шапақ боп жатты.Əпкеммен жездем күнімен жұмыста, мен үйде тамағын дайындап үй тазалап, кір жуып қыздарыма қарап қойып жүре бердім. Өстіп жүріп үн түнсіз екі жыл өтірдім.Алайда тап осылай жалғаса беруі мүмкін емес екенін түсінетінмін ,бір күні əпкеммен ақылдаса келе базарға шығып ұсақ-түйек сатуды ұйғардым.
Қыздарым да үй маңындағы бақшаға беріп өзім базарға шықтым.Тірі жанмын ғой тіршілігімді  жасайын деп тынымсыз еңбек еттім.Кешке қарай қыздарымды бақшадан алуға барсам таңертең қайта апарам. Бұл менің күнделікті тірлігіме айналды.
Бір күні кешке қыздарымды алып бақша ауласынан шыға бергенім сол еді, соңымнан қарындас деген дауыс шығып жалт бұрылдым. Қарасам жасы өзімнен біршама үлкен қазақтың қараторы жігіті тұр.
- Жеткізіп салайын қарсы болмасаңыз -дейді.
- Жоқ рақмет аға- дедім де қыздарымды жетектеп қаша жөнелдім.
Қашпай қайтейін мынау менің Талғатыммен Есенбегімнің қасында қартайып қалған шал көрінді.Бірақ сол күннен бастап осы жігітпен менің арамызда жасырынбақ ойын басталды.Аңдып тұрады,көрсе болды бір-екі ауыз сөз айтып қалады.Мен қарамай өте шығам.Конфет шоколад береді. Алмай қоямын мен алмасам қыздарымның қолына ұстата салады.Қысқасы соңымнан қалмай қойды. 
Сіздің маған керегіңіз жоқ маған əлі үйленбеген жас жігіттер сөз салып жүр, сіздей шалды қайтем аулақ жүрсеңізші, əйтпесе милиция көкем бар соған арыз жазып сотқа берем- деп қорқытып құтылмақ болдым.Ол болса онан сайын өршіп кетті.Соңыма түсіп алып қоймады,қоймады.
Қыздарым да біршама үйреніп қалған, соны көрсе болды жүгіріп баратынды шығарды.Осыдан кейін менің осы жігітпен танысқаннан басқа амалым қалмады.Өзі менен он бір жасқа үлкен ,ажырасқан болып шықты.Жас үлкендігі болмаса ақылды, салмақты, сабырлы жəне де өзім сияқты ауылдан шыққан жігіт.Сөзіміз жарасып жүріп бір күні кездесуге шақырды.Үзілді-кесілді бас тарттым.Еркексіз өтсемде кездесуге бармайтынымды айттым.Себебі еркекке жоласам тағы да көтеріп қойсам, онсызда өкпесін баса алмай жүрген əкеммен шешеме не айтам деп қатты қорықтым.Бірақ Айдар дегеніне жетті.Базарға іздеп келетінді шығарды.Мынандай ұсақ-түйекті таста, бизнестің басқа түріне өт, мен саған көмектесем ,ауылдан айран,сүт,қымыз əкелем ,сен сатып тұр болды деді.

   Сонымен екеуміздің бизнесіміз бір болып қыз жігіт боп араласып үйреніп кеттік.Тек арамызды алшақ ұстап жүріп алты ай тағы өтті.
     Сөйтіп жүргенде туған күніңе деп сол кездің ең қымбат сыйлығы болған ұялы телефон сыйлады.Мұны көргенде менің қуанышымда шек болмады, өйткені ол кезде ұялы телефон енді- енді шыға бастаған ,жəне де екінің бірінің қолы жете бермейтін бағалы сыйлық болатын.

   Осылайша Айдарға деген сезімім ояна бастады.
Күндер осылайша жылжып өтіп жатты.Бір күні жығылғанға жұдырық боп Алматыдан суық хабар жетті.Нағашы əпкемнің тентек ұлы біреулермен төбелесіп пышақтап сотталғалы жатқанын білдік. Мұны естіген жездем мен əпкем Алматыға ұшты.Іс насырға шапты. Қомақты қаржы керек, қарап отырып жалғыз ұлды түрмеге қалай жіберсін,үйді сататын боп шешті.Ал менің қайда баратыным олар үшін түк қызық болмады.Мен болсам, ауылға əке шешеме баруға бет жоқ тек осы Айдардың ығына жығылудан басқа амалым қалмады.
Осылайша мен үшінші рет Айдарға тұрмысқа шықтым.Арыс қаласындағы базар маңынан пəтер жалдап бірге тұрып жаттық.Жұмысым болса базарда айран,сүт,қымыз сату.Айдардың жұмысы ауылдан жеткізіп беру.Сондай-ақ қаладағы магазиндерге тарату. Бəрі қызық болды.Алаңсыз өмірім басталды.Екі қызымды бақшаға беріп, өзім базар жағалап сүт сатып, ақша ұстап, жағдайым біршама жақсарып қалды.Тіпті бұрынғыдай сүтті көтеріп жүрмей тұрып сататын камок алдым.Бизнесім өрлеп ақшам көбейіп, енді үй алуды ойластыра бастадым.Аузы күйген үрлеп ішеді дейді ғой бала көтеруден қорқып ,белімді де бекітіп сақина салдырып тындым.
     Осылайша жиырма жасымда шираған, көпті көрген, өз алдына өй-өрісі бар нағыз базардың көкжал қатынына айналдым.Айдардың анда-санда ішкенін қатты сынап, машинасына жармасып, өзім жүргізіп,өзім сүт тарқатып, бəрін өзім тындыратын дəрежеге жеттім.Өзімнен- өзім қатты өзгеріп ,өзімнің мінезіме өзім таң қалдым.Тіпті Айдарға айқайлап үйден кет дейтінді шығардым.Сендей ішетін еркектің түк керегі жоқ кет- деп талай бетіне бастым.Сорлының мені шын сүйгені болар жақ ашпайтын күйге жетті. Ашпайын демеді ғой, оған мен аштырмай тастадым.Оның себептері де бар еді.Айдарды ауылдағы өз əйелі үйінен қуып жібергенін білетінмін.Осының бəрі оның араққа салынып кетуіне себепші болды.Ал араққа салынған Айдардың маған да керегі жоқ болатын...

Жалғасы бар...