Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицей қанды қылмысты балаларының көзінше жасаған.
 
Көрші-қолаңды шырылдап көмекке шақырған да сол кішкентай ұл-қыздары екен. Қанжоса болған келіншек жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған. Кейін күдікті өзінің тамағын пышақпен орып жіберіпті. Қазір оның беті бері қарап, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Жаныңды түршіктіретін оқиға сенбі күні тапа-тал түсте бұл есіктің ар жағында болған. 39 жастағы ер адам өз паәтерінде әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарынан келіншек тіл тартпай кетіпті. Ал қанды оқиға болған пәтердің есігі қазір мөрленген. Сорақысы сол, мұның бәрі кішкентай ұл-қыздардың көз алдында болған. Ерлі-зайыптының үш баласы бар. Көршілерін көмекке солар шақырған. Мұндағы тұрғындар қанды қылмыстан қатты шошығандықтан, камераға ашық сөйлеуден сескеніп отыр.
– Шулап жатты, үй жақта жүрген кезімізде, содан көмек сұрады кішкентай қыздары мен үлкен балалары. Сонымен үйден шығып бардым. Жаңағы жағдай болып жатыр. Пышақтаған. 103 пен 102 шақырылды. Келді. 4-5 минуттың ішінде келіп, ары қарай көмек көрсету басталды.

Үш баласын анасынан айырған қатыгез әке кейін өзіне қол салмақ болып, тамағын пышақпен орып, ішіне пышақ сұққан. Қазір ол күзеттің бақылауымен ауруханада жатыр. Жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Ал кикілжіңге отбасындағы жанжал себеп болған. Көрші-қолаң олардың жиі ұрысатынын, ал күдіктінің ішімдікке әуес болғанын айтып отыр.
— Бұл ер адам жиі ішімдік ішкен екен. Полиция қызметкері болған. Пәтерде үнемі төбелес болатын. Ерлі-зайыпты үнемі жанжалдасып жататын. Ресми мәліметке сүйенсек, 39 жастағы күдікті сол күні сап-сау болған әрі ол шынымен де полиция қызметкері болып шықты. 
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі: – Адам өлтіру дерегі бойынша Наурызбай ауданы ПБ қылмыстық іс тіркеліп, тергелуде. Бұрын-соңды бұл азамат Алматы облысы ПД қарасты бөлімшелердің бірінде қызмет істеген.
 
Бейресми мәлімет бойынша, қанды қылмыс жасаған қызметкер полиция департаменті айтқандай, жұмыстан шығарылмаған, тіпті сенбі күні түсте тәулік кезекшілігінен шыққан. Қазір оның беті бері қарап, хирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Ал күйеуінің қолынан қаза тапқан 34 жастағы әйел Ұзынағаш ауылындағы балабақшада директор қызметін атқарған.
 
Дереккөз:КТК телеканал