Адамдар неге біреуге құлай сенуге қорқады?! Сезімдерін сұм ойлы жандар ойыншық етпесе дейді. Сенуге талпынбайды емес, бəрі талпынады. Бəрі сенгісі келеді. Түпсіз жалғыздық сенімсіздіктен басталып, көңілсіздікпен тәмамдалады. Ешкім жалқы жалғыздығын сезінгісі келмейді. Өмір жолында ақ пен қара толассыз алмасқан тұста, тек санада қара түс қана қасаң боп ұмытылмай қалады. Ақ түсті бағалап, жадында сақтай бермейді. Кейде,үзілуге таяу тұрған үмітті өшіруге бір күдік қана жеткілікті.
Күдік – үміттің бітіспес жауы. Кейде, бəрінің соңғы нүктесі. Күйбең тірліктен көңілге күдік кіргізуден сақтану керек. Жиі жақсы жəйларды ғана ойға алып, жүректі жақсы дүниемен байыта берген тиімді.
Күдіксіз көңіл кеме – өмір теңізде ұзақ жүзеді. Сан мың сынақтарға да төзеді.
***
Тағдырды талдау – ақылсыздық, түсіну – адамгершілік, қабылдау – ерлік.
***
Шарасыздық – өмір көшіндегі ең бір ұлы шындық. Арманмен үндесіп, арыңмен тілдесетін сәт.
Ангелина Агапия, грек ақыны. «Күдіксіз көңіл кеме» кітабынан.
Қадір
Қадір – жүректің адамға танытар ықыласының өлшемі. Қадір кемиді, жоғалады, бірақ сатылмайды. Қадірді жоғалту-жалған сөз бен уəдеден, кеміту – дер кезінде кешіре білмеуден. Қадірсіз адам болмайды. Қадіріне жетпеген адам болуы мүмкін. Адамды қадір тұту – жүрек төріне көктем əкеледі. Сол құрметтің парқын бағалай алу – өмірді мəнді етеді.
***
Жазықсыз жүрекке жапа шектіріп, жанымызды бостан-босқа қинаймыз. Сөзімізді түземей, жүректің жапа шеккені шеккен. Тіл жүрекке бір-ақ ауыз сөзбен жара сала алады. Бірақ, сол тіл мың рет талпынса да, сол жараны жаза алмайды. Сондықтан, айтар сөзге абай болуға тиіспіз.
***
Кешірімді сұрап көрмеген адам көңілдің қадірін ұқпайды. Кешірімді сұрамас бұрын, арыңның алдында есеп бересің. Қатеңді ұғасың. Екінші қателікке ұрынбауға тырысасың.
***
Бір ғана адам жаныңа жақын, бір ғана адам қиялыңда алтын. Бір ғана жүрек – жүрек жартың, бір ғана тілек – жоғалтпасын сол жан адами қалпын.
***
Ықылас пен сезім – от. Бағаламасаң, қадірін ұқпасаң, бір сəтте-ақ сөнеді.
***
Өмір әнін шырқау – сабыр жырын іштей жаттау.
Аударма Мейірхан Мейрамбекұлы
Түрік ақын-жазушысы Фериде Асланның
«Қымбатым» кітабынан.
Брайльдан аударған: Аяулым Байдәулет