Ғұлама Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Оның бұлай аталуының себебі, Алла тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, тағы басқа үкімдерді белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафиль, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», ‒ деген.
Ал, Абдуллаһ Ибн Аббас (Алла әкесі екеуінен разы болсын): «Сол түні кітаптың анасынан, яғни Ләухул Махфуздан бір жылдың ішінде кімге қанша ризық бөлінетіні, қашан қанша жаңбыр жауатыны, кімнің дүниеге келетіні, кімнің дүние салатыны, кімнің қажылыққа баратыны да жазылады», ‒ деген. Яғни, бұл – тілектер қабыл болатын түн. Әрине, әр адамның жүрек төрінде орындалмай жүрген арманы, қажеттіліктері бар. Алла Тағала тілектерді әр адамның өз тілінде де естиді. Дегенмен, Құран мен сүннетте келетін дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі жоғары болғандықтан ең таңдаулы дұғаларды топтастырдық. Қағазға шығарып, Рамазанның соңғы түндерін дұға жасаумен өткізуге қалай қарайсыз?