Достық үйінің мәжіліс залында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Ұлттық тарихи жады – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өткізілді.
Шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, ғалым-сарапшылар, облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері, ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, облыстық ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда басында қатысушыларға «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты көрме таныстырылды.
Алғы сөзбен облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова сөз сөйлеп, 31 мамыр – бабалар рухына басымызды иетін күн екеніне атап өтіп, ел тарихындағы қиын-қыстау заманның залалы туралы ойларымен бөлісті. Аталған конференция зұлмат жылдардың қасіретті кезеңін заман биігінен таразылап, тұжырым жасауға ұмтылыстың тағылымды бір қадамы болуға тиіс деп атап өтті.
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар» кафедрасының доценті, т.ғ.д. Тастанбек Сәтбай және «Филология, тарих және құқық» факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Сағат Тайман ХХ ғасырдағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасы төгілген тарихтың шерлі беттерінің бірі болғандығын өз баяндамаларында шегелей түсті.
Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды іс-шараларының бірі саналатын «Теңдессіз сый» акциясы аясында облыстық ассамблеяның құнды кітаптарын Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы жанындағы «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» көрме залының кітапханасына сыйға тартты.
Конференция ҚР Президентінің Телерадиокешенінің «Чтобы помнили» қысқаметражды деректі фильмінің көрсетілімімен жалғасын тауып, қатысушылар тарапынан пікір алмасуға ұласты.