Назира Әбдікеримова
Болған оқиға ізімен
Жалғасы бар...
Ол қоңырау шалғалы жүрегім алып ұшып, біресе қуанып, біресе қобалжыдым. Көрмегелі қашан... Қалай өзгеріп кетті екен?.. Тірлік пен тағдырдың тауқыметімен жалғыз алысып, шаршаған мына түрімді көрсе не дер екен?.. Үйге бір кіріп, бір шығып, не істеп жүргенімді де білмеймін.
Жаңа ғана хабарлама жіберді. Мен, жолға шықтым. Дайын отыр, барып алып кетемін -деген. Енді бір сағатта жетіп те қалады. Иə, бүгін мейрам ғой. Отырып, əңгімелесіп қайтайын. Сағынғаным да рас. Бірнеше жыл бойы суымаған бала махаббатым, пəк махаббатым мені көшеге алып шықты. Қараңғы түсіп қалған. Машина да көрінді. Иə, сол болу керек. Көшеде жарық аз, əр жерде ғана. Ешкім көрмесе екен, жылдам-жылдам машинаға қарай жүрдім. Жеткені сол, артқы есікті аштым да отыра салдым. Жылы амандасып, жағдай сұрады. Жұмысым Алматы да болғандықтан, мұнда сирек келемін. Сонша жерден келген соң сені көріп кетейін дедім. Өзің құлпырып кетіпсің ғой, көйлегің де керемет жарасып тұр -деді.
Біраз əңгімеден кейін, үнсіздік орнады. Іштей толқып келе жатқанымды, кеудемнің бір түкпірінде жасырынған оған деген тұп-тұнық сезімімді жасыруға тырысып, үндемеуді жөн көрдім. Жолда тоқтап, дүкенге кірдік. Тортпенен ішетін сусынымды алып, ақшасын төлемек болдым. Ол да бір екі шөлмек сырасын таңдап жатқан. Сатушы артық ақшаны қайтаруға оқталды да:
- Екеуіңіз біргесіздер ме?- деп сұрады.
- Иə, он екі жыл болды, біргеміз - деді, сəл жымиып ол.
Иə, рас-ау, он екі жыл. Зымыраған уақыт өз өрнегін салып, байқатпай өте шығыпты-ау. Керегімізді алып дүкеннен шықтық.
- Алдыңғы орындыққа отыра қойшы. Əңгімелесіп барайық.
-Жарайды - деп, алдыңғы орындыққа жайғастым.
Түнде жол ұзарып кетеді десе сенбеуші едім, ұзап кеткендей болды. Осыдан он екі жыл бұрынғы естеліктерден айта бастады. Екеуміз Алматыға барғанымыз, ағасының пəтеріне соққанымыз жайлы.
- Неге маған тұрмысқа шықпай қойдың сонда? Əпкемнің ұрысқаны есіңде ме? " Мына бала сені жақсы көреді, сен көнбесең, ертең бұған бірдеңе боп қалса сенен көреміз."- деген еді ғой.
- Иə...
Екеуміз еске түсіріп, біраз күліп алдық. Көбісі есімнен шығып қапты. Қол ұстасып қыдырған, алаңсыз тəтті шақтар-ай. Бір сəт көз алдыма келіп, ойға баттым...
Үнсіздікті тағы да ол бұзды.
- Сонша бір-бірімізді жақсы көргенмен арамызда көрінбейтін қорған тұрды. Оны қойған сен. Менен кінə болмаған шығар.
- Жоға, қайдағы кінə сенде емес, мен ғой кінəлі. Оны қаншалықты жақсы көргеніммен өзіме ол бақытты қыймағанымды қалай айтып жеткізерімді білмедім. Ойымды оқып алды ма əлде жан-тəнімен сезінеді ме екен, бұл сұраққа да жауабын өзі айтты.
- Сен де дəл мендей жақсы көргенсің. Қазір де жақсы көресің. Мен мұны сездім.
- Иə, рас... Оның да сүйгені рас. Ол уақытта қалта телефоны мыңның бірінде ғана, жаңадан шығып жатқан кез. Өзіне айта алмаған сөздерімді тілдей параққа жазып бергенмін. Сол парақты қаншама жыл сақтаған. Қалтада жүре-жүре жыртылып тозып бара жатқан қағазды бірде скотчпен орап қояды. Бірде қайда қойғанын білмей, қатты өкініп іздесе керек. Бірге тұратын жолдас баласы тауып беріпті. Ламинат жапсырылған құжат па, анықтама ма деп ойласа керек, киімдердің арасынан алып жоғары қойған екен. Тауып алғанына қуанғанын бір келгенінде айтып берген. Тілдей қағазға жазылған бір-екі ауыз сөзді қанша уақыт жанына жалау етті-ау... жаным. Иə, иə мен сені сүйемін. Мен бұл сөзді бірінші рет айттым жəне қазір ғана айттым, ішімнен айттым. Жанарыма үйірілген тамшыны əзер іркідім. Тамағыма тығылған өксік пен өкінішті зорға бастым. Мен басымды изедім. Соған ғана шамам келді. Соны аңғарды ма екен, одан əрі ештеңе демеді. Жол бойына машинаны тоқтатты да, қол ұстасып, саусақтарымызды баяғыша айқастырып біраз отырдық. Көз алдымнан тағы да тізбектелген ыстық естеліктер легі көшіп өтті. Бақытты сəттердің елесі бой балқытты ма, ақырын құшағына құлай бердім. Ол да гүлдесте құшақтағандай, ақырын ғана құшақтап, сүйіп алды.
Сол баяғы ең сенімді, ең жып-жылы, жұп-жұмсақ құшақ. Сол баяғы тап-таза кіршіксіз мөлдір сезім. Ерінімде ерінінің ып-ыстық табы қалып қойды. Осынау жаны жайсаң, ғазиз жүрек, пəк махабат иесінің əр күні амандығын тілеймін. Мына өмірде бар болғаның үшін Тəңіріме алғысым шексіз. Сен менің жанымда болмасаң да жүрегімдесің...