Лондонның ең беделді ауданында қазақстандық Санжар Әбішев жеңіске жетті

 

el24.kz Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Ұлыбритания астанасындағы ең беделді әрі тарихи аудандардың бірі саналатын Сент-Джеймс (St James’s) округінде өткен жергілікті сайлауда жеңіске жетті.

Қандасымыз Sanjar Abishev Ұлыбританияның Conservative Party атынан сайлауға түсіп, Westminster City Council құрамына кеңесші (councillor) болып сайланды.

Ресми сайлау нәтижелері

2026 жылғы 7 мамырда өткен жергілікті сайлау қорытындысы бойынша Санжар Әбішев Сент-Джеймс округінде ең көп дауыс жинаған кандидаттардың қатарынан көрінді. БАҚ мәліметінше, ол негізгі қарсыласынан шамамен 350 дауыс артық жинаған. Жалпы сайлауда 2,3 мыңға жуық дауыс тіркелген.

Сайлау нәтижелері Westminster City Council-дың ресми сайтында жарияланды.

Сент-Джеймс – Лондон элитасының тарихи орталығы

St James's – London қаласының ең мәртебелі аудандарының бірі. Бұл аумақта Buckingham Palace, 10 Downing Street, Palace of Westminster және Westminster Abbey сияқты Ұлыбританияның маңызды тарихи және саяси нысандары орналасқан.

Санжар Әбішев туралы не белгілі?

Санжар Әбішев Сент-Джеймс ауданында он жылдан астам уақыт тұрып, еңбек етіп келеді. Ол қоғамдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын жергілікті бастамаларға белсенді қатысып, тұрғындар мен полиция арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан.

Оның кандидатурасы туралы мәлімет Westminster Conservatives сайтында жарияланған.

Қанат Көпбаевтың пікірі

Қазақстандық кәсіпкер, Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Kanat Kopbayev әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жетістікке жоғары баға берді.

«Британдық элита ортасында ешқандай таныс-тамырсыз, тек білімі мен табандылығының арқасында Лондондағы мәртебелі ауданның басшылығына келді. Бұл – оның үлкен жолының бастамасы ғана деп сенемін», – деп жазды ол.

Қазақстандықтар үшін маңызды жетістік

Санжар Әбішевтің жеңісі – шетелде білім алып, қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында жоғары нәтижеге жеткен қазақстандықтардың жарқын үлгісі. Оның Лондонның ең тарихи әрі беделді аудандарының бірінде жеңіске жетуі Қазақстан азаматтарының халықаралық аренадағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 
 
 

 

Өскемендегі зауыттағы жарылыс: қаза тапқандар туралы мәлімет белгілі болды

 

 el24.kz  Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында орналасқан өндірістік нысандардың бірінде болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар туралы қосымша ақпарат жарияланды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға нәтижесінде екі адам көз жұмған. Құрбандардың бірі – 33 жастағы металлург Олжас Рамазанов. Марқұмның артында екі қызы қалды.

Жақындарының айтуынша, ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман әрі отбасысына қамқор әке болған.

Оқиға барысында тағы бірнеше адам түрлі деңгейдегі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр. Өрт сөндіру қызметтері дер кезінде әрекет етіп, жалын толықтай ауыздықталған.

Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себептері анықталу үстінде. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде.

Жергілікті атқарушы органдар қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.

Францияда хантавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді

 

   el24.kz Франция аумағында хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Стефани Рист мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, вирус жұқтырған әйел бұған дейін аурудың өршуі тіркелген MV Hondius круиздік кемесінде болған. Ол кеше Францияға оралғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, хантавирусқа тапсырған ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен.

Қазіргі уақытта науқас жұқпалы ауруларға мамандандырылған медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр.

Франция билігі әйелмен байланыста болған 22 адамды анықтап, олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Үкіметтің ресми өкілі Мод Брежон инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін барынша қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданып жатқанын айтты.

«Дүрбелеңге бой алдырудың қажеті жоқ. Соңғы жылдары орын алған оқиғаларды ескерсек, азаматтардың алаңдаушылығын түсінеміз», – деді Мод Брежон.

Бұған дейін MV Hondius кемесінен эвакуацияланған Францияның бес азаматы мінген ұшақ Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайы әуежайына қонған болатын. Олардың төртеуінің ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан.

Францияның денсаулық сақтау органдары жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

 

 

Астана аспанында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді

 

  el24.kz Астана қаласында 15 мамыр күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған шараға дайындық жұмыстары 10 мамырдан басталған. Осы күннен бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жүргізілуде.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, барлық ұшулар қауіпсіз биіктікте жүзеге асырылады және қала тұрғындары мен қонақтарының күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтірмейді.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезеңінде туындауы мүмкін қысқа мерзімді шу деңгейінің артуына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі барлық іс-шаралар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылатынын атап өтті. Ведомствоның мәлімдеуінше, демонстрациялық ұшу кезінде қолданылатын түрлі түсті түтіндер тек көрнекілік мақсатында пайдаланылады және қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді.

Айта кетейік, мұндай демонстрациялық ұшулар әскери авиацияның мүмкіндіктерін көрсетуге және мерекелік іс-шаралардың көркін арттыруға бағытталған. Қорғаныс министрлігі тұрғындарды алаңдамауға және жоспарланған жаттығуларға түсіністікпен қарауға шақырды.

NASA: Жердің «вибрациясы» көтеріліп, уақыт жылдамдап жатыр деген ақпарат ғылыми түрде расталмаған

 

 el24.kz Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен түрлі рухани платформаларда «Жердің вибрациясы артып жатыр», «Шуман резонансы 7,83 Гц-тен бірнеше есе өсті», «соның әсерінен уақыт бұрынғыдан жылдам өтуде» деген пікірлер кең тарады. Алайда әлемдік ғылыми ұйымдар бұл тұжырымдардың нақты ғылыми дәлелі жоқ екенін мәлімдейді.

NASA және NOAA жариялаған мәліметтерге сәйкес, мұндай пікірлер ғылыми деректерді қате түсіндіруден туындаған.

Шуман резонансы — Жер беті мен ионосфера арасындағы кеңістікте найзағай разрядтарының әсерінен пайда болатын табиғи электромагниттік құбылыс. Оның негізгі жиілігі шамамен 7,83 герцті құрайды. Бұл көрсеткіш ауа райына, маусымдық өзгерістерге және күн белсенділігіне байланысты аздап ауытқуы мүмкін, бірақ тұрақты түрде күрт өсіп жатыр деген дерек жоқ.

NASA мамандары Шуман резонансы Жердің айналу жылдамдығына, тәуліктің ұзақтығына немесе уақыттың өтуіне әсер етпейтінін атап көрсетеді. Яғни «24 сағат қазір 16 сағат сияқты өтіп жатыр» деген пікір физикалық құбылыс емес, адамның уақытты субъективті қабылдауымен байланысты.

Фактчекингпен айналысатын халықаралық ұйымдар да осы қорытындыны растайды. Олардың мәліметінше, уақыттың жылдам өтіп жатқандай сезілуі көбіне жас ұлғаюына, ақпарат көлемінің артуына, күнделікті қарбаласқа және психологиялық ерекшеліктерге байланысты.

Сондай-ақ ғылыми қауымдастық «Жер жоғары энергетикалық деңгейге көтеріліп жатыр», «адамзат жаңа өлшемге өтуде» деген тұжырымдарды астрономия, геофизика немесе биофизика салаларында дәлелденген теория ретінде мойындамайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай түсініктер көбіне рухани немесе эзотерикалық бағыттағы метафоралар болып табылады. Олар адамның ішкі өзгерістерін, эмоционалдық күйін немесе рухани тәжірибесін сипаттау үшін қолданылуы мүмкін, бірақ оларды нақты физикалық заңдылық ретінде қарастыруға болмайды.

Осылайша, ресми ғылыми деректерге сәйкес, Жердің «вибрациясы» күрт өсіп, уақыттың жылдам өтуіне себеп болып жатыр деген ақпарат ғылыми түрде расталмаған. Шуман резонансы — атмосферадағы табиғи электромагниттік құбылыс қана, ал уақыттың тез өтіп жатқандай сезілуі адамның жеке қабылдау ерекшелігімен түсіндіріледі.

 
 
 

 

Фонограмма туралы ескерту енді міндетті

 

     el24.kz Қазақстанда концерттік қызметке қатысты жаңа талап күшіне енді. 2026 жылғы 16 сәуірде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойған бұйрыққа сәйкес, енді әншілер фонограмма қолданатын болса, көрермендерді алдын ала ескертуге міндетті. Жаңа норма 2026 жылғы 2 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.

Жаңа талапқа сәйкес, концертте фонограмма пайдаланылса, бұл туралы ақпарат кемінде 30 күн бұрын жариялануы тиіс. Ескерту билет сататын орындарда, жарнамаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде көрсетілуі қажет. Ал теле-радио жарнамаларда бұл мәлімет анық естілетін немесе көрінетін түрде берілуі керек.

Министрлік бұл өзгерістердің басты мақсаты – көрерменнің ақпарат алу құқығын қорғау және концерттердің ашықтығын арттыру екенін атап өтті. Енді тыңдарман билет сатып алмас бұрын концерттің жанды дауыста өтетінін немесе фонограмма қолданылатынын алдын ала біле алады.

Осылайша, жаңа ереже мәдени іс-шаралардағы ашықтықты күшейтіп, көрермен мен орындаушы арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.