— Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасады. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз. Азаматтарымыздың ырысты ынтымағының, өзара қолдауының, жасампаз еңбегінің және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде айтарлықтай жетістіктерге жетті, — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемде болып жатқан жылдам өзгерістерге тоқталып, жаңа тарихи кезең түрлі сын-қатерлермен қатар, тың мүмкіндіктерге де жол ашып отырғанын атап өтті. Осы орайда ел бірлігін сақтау аса маңызды екенін айтты.
— Мұндай жағдайда біз жас әрі озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтауға тиіспіз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аянбай еңбек ету қажет екенін жеткізді. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар елдің жан-жақты жаңғыруына бағытталғанын айтты.
— Стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Баршаңызға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін. Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! — деді Мемлекет басшысы.