Президент: Вакцина алуды мәжбүрлеу шараларына бармаймыз

 

Адамдардың вакцинадан бас тартуының өз себептері бар, олармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет.
Бұл туралы мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте айтты - деп хабарлайды ҚазАқпарат. "Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет.

Бұл топ біркелкі емес. Вакцинадан бас тартудың себептері де әртүрлі. Мұндай адамдар арасында шешім қабылдай алмай жүргендер көп", – дейді президент. Осы ретте мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды.
 
"Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені "қыңыр" антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Президенттің сөзінше, адам өмірін сақтап қалудың бір ғана жолы бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. "Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу", - дейді мемлекет басшысы. 
 

Елде міндетті вакцинация мерзімі қайта қаралады

 

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Бұл туралы  COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады. 

Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер – Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша шешімдер қабылдау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған тапсырмаларға қатысты болды. Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде келесі міндеттерді жүзеге асыруды жүктеді:

коронавирусқа қарсы іс-қимыл шараларын түбегейлі қайта қарау Стратегиясын әзірлеу; 

ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін шағын және орта бизнес қызметкерлеріне вакцинация жүргізудің нақты мерзімдерін қайта қарау және белгілеу; 

«Pfizer» компаниясымен келісімге қол қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасасуды қамтамасыз ету; 

ПТР-тестілеудің бірыңғай базасына ұқсас вакцинациялаудың цифрлық картасын іске қосу мәселесін пысықтау;

ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін «Ashyq» сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану басымдығымен мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қайта форматтау бойынша ұсыныстар енгізу;

эпидемиологиялық жағдайға қарамастан қолданыста болатын Медицина қызметкерлерін қолдау және ынталандыру қағидаларын әзірлеу және бекіту.

жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді оқытудың дәстүрлі нысанын қайта бастау кезінде педагогтар мен оқушылар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Дереккөз : baq.kz

Қара шапан

 

Класта сабақ жүріп жатқан. Кенет есік айқара ашылды да, ар жақтан біздің ауылда бригадир болып істейтін Нұрғазы көрінді.
Үстінде етегі жерге шұбалған сеңсең ішік, аяғында пима. Бір қолында жұмарлап ұстап алған қап тәрізді бірдеңесі бар.
— Біздің ауылдың Бердібек дейтін баласы осында оқи ма? — деп, Нұрғазы бәрімізге шола қарап тұр.

Үйдің іші маған бірдеңе беріп жіберген екен деп, орнымнан ұшып түрегелдім.
Табанының қары сықыр-сықыр етіп, Нұрғазы бері класқа кірді.
— Әй, ағаң мен жеңгең ажырасқалы жатыр. Сен жеңгеңнің шапанын киіп кетіпсің. Жеңгең шапанымды беріп жіберсін деді. Саған мынаны кисін деді, мә, — деп Нұрғазы қолындағы нәрсені алда отырған балалардың төбесінен маған қарай асыра лақтырмасы бар ма.
Сөйтсем, әлгі нәрсе қаудырлаған бір жаман плащ екен. Тура менің алдыма, партаның үстіне топ ете қалды. Сия сауыт, қағаз-қаламды шашып, машақаттап кетті.
Мен не істерімді білмей, асып-сасып қалдым. Масқара! Мұндай да масқара іс болады екен. Кіріп кетуге жер тесік емес. Бүкіл класс маған қарайды, мен жерге қараймын.
— Бол, бол! Жеңгеңнің шапаны қайда, бер! — дейді Нұрғазы. Сабаққа бөгет жасадым-ау деген ой оның басына енді ғана келген тәрізді.
Класта киім ілгіш болмайтын. Сырт киімдерімізді терезенің алдына үйіп қоятынбыз. Қара шапан сол киімдердің арасында. Кірмегенім қара жер, қара шапанды Нұрғазыға алып беріп жатырмын.
...Бос класс. Балалар тарап кеткен. Мен ғана орнымда тапжылмастан отырмын. Жылап отырмын. Ағайымнан ажырасып кетіп бара жатқан Әлиман жеңгемді қимаймын. Нұрғазы алып кеткен бүтін қара шапанды қимаймын. Атаңа нәлет жоқшылық, мұншама қор етерлік мен саған не істедім деп, ыза болып жылаймын.
Құрғыр Нұрғазы-ау! Сен мені мектепке іздеп келмей-ақ, сабақ бітуін тоссаң қайтетін еді. Сосын мен жүрген Мырзатайдың үйіне келсең, әлгінің бәрін сонда айтсаң, қара шапанды үстімнен сонда сыпырып алсаң болмас па еді?
Қайран ғана надандық-ай! Көңілдің көрсоқыр болуынан жаман не бар екен!
...Бос класс. Қаудырлақ жаман плащты үстіме олай киіп көрем. Былай киіп көрем. Біздің үйде бұл тәрізді киім жоқ секілді еді. Ағаларым бұны қайдан алды екен?
Әлдекімнің бастан құлақ садақа деп, күресінге лақтырып тастаған салабасы емес пе?
Бұл плащты бұған дейін не тракторшы, не мал соятын қасапшы киген. Өйткені май болмаған жері жоқ. Әсіресе екі жеңнің ұшы мен екі қалтаның аузы майға әдейілеп малып алғандай.
Плащтың ішіне мен тәрізді екі адам мол сиятын. Етек шұбалып жерге тиеді, жең сала құлаш. Әр жеңнің кеңдігі қасқырдың апанындай.
Қанша сорлы болсам да, мына плащты киіп көшеге шығуға бетім шыдайтын емес. Тым құрса, өз денеме шақ болса екен-ау! Бұны киіп алғанда, қойшылардың ит-құсты үркіту үшін қора шетіне орнатып қоятын қарақшысынан аумайтын тәріздімін.
Не істеймін? Басқа киер киім тағы жоқ. Тым құрса, жылы кез болса екен, жейдешең-ақ жүрер едім. Қазір қыс, күн суық. Кебінін сүйреткен өлік тәрізденіп, жексұрын плащты қаудыр-қаудыр еткізіп, Күлән үйінің есігінің алдынан өтіп бара жатқанша, өлгенім артық емес пе?!
Күлән тіпті танымай да қалар.
Күлән шошыр! Нағыз «м. с.с.» енді бопсың демей ме?
О, тағдыр! Көрсеткен азабыңның бәріне де көніп келем. Тек осыңа — мына жексұрын плащты киім етуге көне алатын емеспін.
Бұны киіп көшеге шыға келсем, ауылдың бүкіл иті менің соңымда болуында дау жоқ.
— Бүл плащты киіп, сый елге күлкі болып жүргенше, өшір қараңды! Кет! Жоғал бұл арадан, — дейді ар-намысым.
Мектеп үйі көшенің төмен жақ шетінде. Қостөбеге қарай қасқайып кетіп жатқан шана жолдың бойында. Етегі жер сызған жаман плащқа оранып, кітабымды қолтығыма қысып алдым да, ұрыша жан-жағыма сығалап қарап, сыртқа шықтым. Маңайда ешкімнің қарасы байқалмайды. Маған керегі де, міне, осы еді. Жан адамға көрінбеген қалпымда, Қостөбе, қайдасың деп, тартып отырдым.
Қостөбедемін. Үйдемін. Анада арық ат бір күн сүйреп әрең жеткізген аралыққа екі сағаттай уақытта зымырап келдім. Күннің суықтығы зымырамасыма қоймады. Жай жүрсем, тоңып, өліп барам.
Сезінгіш жүрегім есіктен аттап кірген бетте-ақ үй ішін ала құйын кезіп өткенін, аға, жеңгемнің арасындағы әуелгі сүттей ұйыған татулықтан түк қалмағанын бірден байқады. «Құлыным, неғып келдің? Тоңып кетіпсің-ау» деп жеңгем үстіме төніп түспеді. Бұрынғы тазалық, бұрынғы береке — бәрі ғайып болған.
Кешкі шайды, қос басында отырғандай, әркім әр жаққа қарап, томсырайып отырып іштік. Әлиман жеңгемнің қабағы түсіп кеткен. Күйеуіне деп құйған шайды Сатылғанның алдына жеткізбей, орта жолға торс еткізіп қоя салады. Бұл тәрізді тұрпайылық бұрын одан шықпайтын еді.
Ағайым мен жеңгем біреуіне біреуі тіл қатыспайды.
Түнде де екеуі, «ары жат, бері жат» деп, кең төсекке сыймай шықты.
Ол екеуінің арасын кезіп өтіп, мұндай халге түсірген елдің сыпылдап өрши берген өсегі еді. Өсек — ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң, үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады. Мәуелеп тұрған жас терек — жас семья ғұмыры бітіп, құлауға жақын еді.
Ертесінде Әлиман өзіне тиесілі нәрселерін буып-түйіп алды да, кетіп қалды.
Өсекші ағайынның тілектерін берді. Сатылғанға енді үлбіреген қыз алып берулеріне болады.
Әйелі кеткен үйдің қандай болатынын сіздер сұрамаңыздар, мен айтпай-ақ қояйын.
Әйел мен еркек қосылғанда, бір-біріне дүниедегі ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде небір адам құлағы төзбейтін лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен. Ол сөзді мен айтпайын да, сіздер сұрамаңыздар.
Сөйтіп, Әлиман жеңгем кетіп тынды, біз баяғы таз кебімізге қайтадан түстік.
Қара шапан Әлиманның үстінде кетті.
 
Бердібек Соқпақбаев
"Балалық шаққа саяхат" кітабынан үзінді

Аналардың қатыгездігі мені таң қалдырды. Байтанаев келеңсіз оқиғадан кейін мәлімдеме жасады

 

Қазірдің өзінде бірнеше адам менің қатысуыммен болған видеоны жіберіп, жағдайға түсініктеме беруді сұрады. Олар менің тарапымнан қандай әрекеттер болады деп сұрайды, деп жазды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Facebook-тегі парақшасында.

Қызмет еткен жылдары мен көптеген қиын және шиеленіскен сәттерге тап болдым. Сол кездері жағдай шектен шығып, қақтығыс болатын сияқты көрінетін. Дегенмен өз құзыретіме, сондай-ақ тараптардың сындарлы диалогқа қызығушылығына байланысты мұндай жағдайлардан аулақ бола білдік, - дейді ол.

Байтанаевтың сөзінше, бүгінгі оқиға оны асқан агрессивтілігімен таң қалдырған.

Бүгін мені өзінің агрессивтілігімен таң қалдырған оқиға болды. Жоқ, маған қатысты емес. Мен ер адаммын және бір-екі әйелге шағымданатын ерлер қатарынан емеспін. Мені көпбалалы аналардың көзқарасы таң қалдырды. Әсіресе Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі мүгедек қызға деген қарым-қатынастары таң қалдырды. Олардың кейбіреулері мүгедек балаларды тәрбиелеп отыр ғой. Бөлмеге кіріп, әйелдер кінәсіз қызметкерге, мүмкіндігі шектеулі адамға агрессия көрсетті. Қыздың оларға көмектесуге тырысқанын көрген олар физикалық күш қолданып, қорлай бастады. Мен осы қыз сияқты балаларды тәрбиелеп отырған аналардың қатыгездігіне таң қаламын. Егер олар сол қорғансыз адамға оп-оңай физикалық зиян келтіре алса, сол мүгедектердің құқықтарын қорғайтындардың екіжүзділігін қалай түсіндіруге болады? Мүмкіндігі шектеулі адамға қатысты аналардан қалай агрессия күтуге болады?, - деді ол.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі агрессия мен қорлауға жүгінбестен, әрқашан келіссөздер үстеліне отырып, мәселені ашық түрде шешуге дайын екенін айтты.

Біз әрқашан диалогқа және қалыпты реакцияға дайынбыз. Сонымен қатар біз тыңдауға, көмектесуге, ымыраға келуге дайынбыз. Өйткені біз зайырлы және құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Мен барлық азаматты саналы болуға шақырамын! Егер сізде қандай да бір сұрақтар немесе мәселелер туындаса, біз әрқашан келіссөздер үстеліне отыруға және агрессия мен қорлауға жүгінбестен, оларды ашық түрде шешуге дайынбыз. Біздің еліміздің әрбір азаматының игілігі мен денсаулығы жолында әрі қарай қызмет ете береміз!, - деп сөзін аяқтады ол.

Ақпараттық дереккөз : Baq.kz

Қазақстанның вакцина паспортын 7 ел мойындаған

 

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанның вакцина паспортын мойындайтын елдерді атады.

«Бүгінгі күні Қазақстанда алынған вакцинаның паспортын Тайланд, Моңғолия, Венгрия, Қырғызстан, Грузия, Кипр, Түркия елдері мойындап отыр.

Сол секілді Ресейде де ЕАЭО аясында вакцина паспортын мойындау келіссөзі жүргізілуде. Сонымен қатар, біздің министрлік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп өзара вакцина паспортын мойындау туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Яғни шетелдіктердің вакцина паспортын біз ғана мойындап қоймай, екіжақты ету міндеті тұр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Дереккөз : ktk.kz

Ажалы жақын қалғанын адамның көз қарашығынан да анықтауға болады

 

Бұл тарапта таяуда арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес адам жанарынан қашан жан тапсыратынын да білуге болады екен.

Дәрігерлер мына дерт бойынша адамның ажалы жақын қалғанын көзінің қарашығына қарап ажыратуға болатынын алға тартып отыр: жүрек-қан тамыр ауруларынан көп ұзамай ажал құшатынын анықтауға болады. Бұл жайында islam.kz порталы belnovosti.by ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Яғни, аталған дерттен көп ұзамай бақилық болатын науқастың көз қарашығы кішірейіп кетеді.

Ғалымдар мұндай тұжырымға науқастарды ұзақ уақытқа созылған қадағалау нәтижесінде келіп отыр. Ең қызығы, мұндай белгі байқалған науқастың беті бері қарамайды, яғни, оны ажалдан арашалап алып қалу қиынға түспек.

Көз қарашығының кішірейуі – өлім үкіміндей қабылдау керек. Бұл бағыттағы тәжірибеге 800-ден аса адам қатысқан екен. Олардың барлығының көз қарашығын ұдайы бақылауда ұстаған. Жоғарыда аталған белгі білінген пациенттердің 47 %-ын дәрігерлер қанша жерден жанталасса да аман алып қала алмаған.