Аида Балаева журналистерді кәсіби әдеп нормаларын сақтауға шақырды

 

  el24.kz Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы күндері Құрылтай депутаттарына қатысты айтылып жатқан пікірлерге назар аударды. Министр тұрғын үй мәселесіне байланысты тараған түрлі әңгімелер мен орынсыз пікірлердің соңы буллингке ұласып бара жатқанын айтты.

Аида Балаеваның сөзінше, Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешуге көңіл бөліп келеді.

Министр журналистерге тұрғын үй беру тәртібіне де тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы жылдары пәтерлер редакциялар ұсынған тізім бойынша берілген. Кейін бұл тәртіп өзгеріп, тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне басымдық берілген.

«Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді», – деп жазды министр.

Аида Балаева мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше толық түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар министр журналистердің кәсіби әдеп нормаларын сақтауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау және елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистика қағидаттарына сәйкес келмейді.

Министр «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабының 4-тармағына сәйкес кәсіби әдеп нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін еске салды.

«Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді. Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын», – деді Аида Балаева.

Министрдің пікірінше, мемлекеттік органдар мен депутаттар қоғамды және БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша қажетті ақпаратты ашық түсіндіруі керек. Өз кезегінде журналистер де кәсіби әдеп пен өзара сыйластық қағидаларын ұстануға тиіс.

Аида Балаева бұл талаптар журналистикадағы жауапкершілік пен сапаны арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.

Telegram-дағы «жеңіл жұмысқа» сенген 20 жастағы елордалық алаяқтық үшін 3 жылға сотталды

 

 el24.kz Telegram мессенджеріндегі «жеңіл жұмыс» туралы хабарландыруға сенген 20 жастағы елордалық тұрғын алаяқтық қылмыстық схемаға араласқан. Ол Петропавл қаласында үш тұрғынды алдау арқылы жасалған қылмысқа қатысып, сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Қылмыстық схемаға қатысушылар егде жастағы адамдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде телефон соққан. Олар жәбірленушілердің жақындары жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтып, оларды қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет деп сендірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген үш Петропавл тұрғыны қолындағы қолма-қол ақшаларын берген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін жеткен.

Қылмыстық топтың мүшелері ақшаны өздері алмай, оны курьерлер арқылы жеткізуді ұйымдастырған. Алаяқтық схемаға қатысы барын білмеген такси жүргізушілері ақшаны «сәлемдеме» ретінде алып, белгіленген мекенжайларға жеткізген.

Ал бұл ақшаны қабылдап, кейін оны қылмыскерлер көрсеткен орындарға жасыратын адам қажет болған. Осы рөлді Telegram арқылы «жеңіл жұмыс» іздеген 20 жастағы елордалық атқарған.

Жас жігіт осы мақсатпен арнайы Петропавлға келген. Өткен жылдың 8 және 9 қыркүйегінде ол үш «сәлемдемені» қабылдап, оларды алдын ала белгіленген орындарға — бұталардың арасына және қоқыс жәшіктеріне жасырған.

Петропавл полициясына алғашқы арыздар түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу барысында жиналған дәлелдер оның алаяқтық схемаға қатысын растады.

Сот жас жігітті қылмысқа қатысы бар деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған жәбірленушілерге келтірілген залалды ішінара өтеу міндеті жүктелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «жеңіл жұмыс», «жоғары табыс» немесе «тәжірибесіз жұмыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық схемаға тікелей қатыспай, тек ақша немесе басқа да заттарды алып, көрсетілген жерге жеткізу сияқты әрекеттердің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Қостанайда бұрынғы әйелін қызғаныштан атып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды

 

  el24.kz Қостанайда бұрынғы әйелін аңшылық карабинмен атып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қайғылы оқиға 2026 жылдың наурыз айында Қостанай қаласында болған. Сотта анықталғандай, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында қызғанышқа байланысты жанжал туындаған. Сол кезде ер адам аңшылық карабинін алып, бұрынғы әйеліне екі рет көздеп оқ атқан. Оқ әйелдің басы мен кеуде тұсына тиген. Алған жарақаттарының салдарынан 37 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапқан.

Қылмыс жасағаннан кейін ер адам оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда көп ұзамай полицияға өз еркімен барып, кінәсін мойындаған. Бұған дейін полиция оның өзіне тіркелген аңшылық қаруын тәркілегенін хабарлаған еді.

Іс Қостанай қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралды. Сотталушы сот отырысында өз кінәсін толық мойындаған.

Мемлекеттік айыптаушы оған 14 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал марқұмның туыстары барынша қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Бұл бап бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаза тағайындау кезінде сот оның полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындағанын және шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Осыған байланысты сот 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталған азамат жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталған адамнан марқұмның жақындарына моральдық зиянды өтеу үшін өтемақы өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті болып тағайындалды

 

el24.kz Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, 31 тамызда, Құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынған.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды.

Тоқаев Қариннің кандидатурасын таныстыра отырып, оның мемлекеттік басқару саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын атап өтті. Президент Ерлан Қариннің мол тәжірибесі мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесіне тоқталған.

Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәндерінің мұғалімі біліктілігін алған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын білім беру саласынан бастаған. Кейін саяси зерттеулер саласында қызмет атқарып, Қазақстан даму институтының Саяси зерттеулер орталығында жұмыс істеген. 2000-2003 жылдары Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Асар» республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры және Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне келді. Сол жылы «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болып тағайындалды.

2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. 2017 жылдан бастап «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, 2020 жылы Президенттің көмекшісі болып тағайындалды. 2022 жылғы қаңтардан бастап Мемлекеттік хатшы, сол жылдың маусым айынан бастап Мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды.

2026 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.

Енді Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті қызметіне кіріседі.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар оған Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктер жүктеледі.

«Қазақстан халқына» қоры талапкерлерге арналған білім гранттарының санын 350 орынға арттырды

 

  el24.kz «Қазақстан халқына» қоры талапкерлерге арналған білім беру гранттарының санын қосымша 350 орынға арттырды. Қосымша гранттар негізінен ауылдық елді мекендерде, сондай-ақ шағын және моноқалаларда орналасқан мектептердің түлектеріне арналған.

Бағдарлама жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтуге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін талапкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған.

Грантқа кімдер қатыса алады?

Қосымша білім гранттарына ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда орналасқан мектептердің түлектері үміткер бола алады.

Конкурсқа қатысу үшін талапкердің жасы 25 жастан аспауы тиіс. Яғни 25 жасқа толған азаматтар да грант конкурсына қатысуға құқылы.

Бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттарға жататын жастарға басымдық беріледі.

Атап айтқанда:

  • жетім балаларға және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • мүгедектігі бар азаматтарға;
  • мүгедектігі бар балалар тәрбиеленетін отбасылардың балаларына;
  • ата-анасының бірі мүгедектігі бар балаларға басымдық беріледі.

Грант иегерлеріне шәкіртақы төленеді

Грант иегерлері жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.

Бұл қолдау жастардың оқу кезеңіндегі қаржылық жүктемесін азайтып, білім алуға толық көңіл бөлуіне мүмкіндік беруді көздейді.

Ауыл жастарына жаңа мүмкіндік

Қосымша 350 гранттың бөлінуі ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан жастар үшін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін қосымша жол ашады.

Әсіресе әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттік білім грантына түсу мүмкіндігі шектеулі талапкерлер үшін бұл бағдарлама маңызды қолдау болмақ.

Қордың бастамасы арқылы ауылдық жерлердегі талантты жастардың білім алуына жағдай жасап, олардың болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру көзделіп отыр.

Талапкерлерге конкурс талаптарын, қажетті құжаттар тізімін және өтініш қабылдау мерзімдерін алдын ала нақтылап алған жөн.

Алматыда ер адам енесіне зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен ұсталды

 

 el24.kz Алматыда ер адам өзінің енесіне зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді. Оқиға 17 тамызда болғаны хабарланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті 1961 жылы туған енесінің үйіне қонаққа, «шай ішуге» барған. Кейін әйелдің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған деген күдік бар.

Оқиға туралы жәбірленушінің қызы білгеннен кейін полицияға арызданған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап жатыр.

Хабарланған мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші бұған дейін ауыр жол-көлік оқиғасына тап болып, содан бері денсаулығына байланысты қиындықтарға кезіккен. Соған қарамастан, ол үш баласын тәрбиелеп отырған. Балаларының бірінің ерекше қажеттілігі бары да айтылды.

Істің неге созылғаны айтылды

Оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде істің қаралуы созылып кеткені туралы ақпарат тараған. Бұған сот-медициналық сараптамаға қажетті құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі және полиция мен сарапшылар арасындағы бюрократиялық мәселелер себеп болғаны айтылған.

Алайда бұл мәліметтерге қатысты құқық қорғау органдарының ресми түсіндірмесі әзірге ашық дереккөздерде жарияланбаған.

Осыған байланысты қоғам белсенділері Алматы қаласының прокуратурасы мен заңгерлерді істің заң талаптарына сәйкес қаралуын бақылауға шақырған.

Тергеу жалғасуда

Алматы қаласының прокуратурасы заңдылықтың сақталуын қадағалайтын және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын орган болып табылады.

Алматы қаласының полиция департаменті қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша тергеу және анықтау жұмыстарын жүргізеді.

Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша істің нақты құқықтық саралануы, күдіктінің процессуалдық мәртебесі және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нәтижелері туралы ресми мәлімет күтілуде.

Кінәлілік соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталатынын ескеру қажет. Сондықтан тергеу аяқталғанға дейін күдіктіге қатысты айыптау сипатындағы тұжырымдар жасауға болмайды.